Тағзым • Кеше

Әлем таныған Әнуар

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісу жері қашанда дарындыларын елеп-ескеріп, талантты перзенттеріне құрмет көрсетуден жалыққан емес. Исі қазақтың тұлғасына айналған Әнуар Әлімжановтың 95 жыл­дық торқалы тойы мұнда кең көлемде аталып өтілді. Қазақ әдебие­тінің көрнекті өкілі, жазушы, мемлекет қайрат­керінің мерейтойына орай республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізілді.

Әлем таныған Әнуар

Қаламгер туған өңірдегі Қабанбай ауылына арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Бейбіт Иса­баев, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, ғалымдар, қаламгерлер, жалпы аудан жұртшылығы Әнуар Әлімжановтың рухына тағзым жасады. Берекелі ауылдың орта­лығында орналасқан қаламгер атындағы саябақтағы бюстіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан әрі шара Қабанбай ауылдық Мәдениет үйінде «Әлемге әйгілі Әнуар» атты ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты.

Мәдениет үйінің фойе­сін­де музей экспонаттарынан, кітаптардан көрме ұйым­дас­ты­рылып, Ә.Әлімжановқа ар­налған бейнефильм көрсетілді. Кон­ференцияны ашқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жетісу жеріне қадам басқан көпшілікке «Қош келдіңіздер» дей отырып, алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын оқып берді.

Мерейтойға жолданған Пре­­зиденттің осы Құттықтау хаты мен Парламент Мәжілісі төр­ағасының құттықтауы ауылдағы Қабанбай атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылды. Конференция барысында Әнуар Әлімжановтың елдік мүдде жолындағы қарымды қайраткерлігі, жазушылық қыры, тұлғаларды танытудағы ерен еңбегі кеңінен баяндалды.

«Жазушылардың бәрі де еңбектенеді, бірақ көптің ішінен оза шауып, халықтың көңілінде, тарихтың жадында қалатын қай­раткерлер көп емес. Әнуар Тұр­лыбекұлы сондай айтулы аза­мат­тардың қатарында. Ол – Әбу-Насыр әл-Фарабиді ортамызға алып келген тұлғалардың бірі. Ол кезде ғылыми, әдеби орта Ақ­жан әл-Машани арқылы әл-Фа­рабиді танығанымен, жалпы қоғам толық біле қоймаған еді. Әнуар Әлімжанов оның тегі қыпшақ екенін, Отырар қаласынан шыққанын дәлелдеп, өмір жолын баяндайтын «Отырардан жеткен сый», «Ұстаздың оралуы» сияқты шығармаларын жаз­­ды. Алматыдағы даңғылға әл-Фара­би есімі берілуін көтеріп, оған көп еңбек сіңіргенін бүгінгі ұр­пақтың біліп жүргені жөн», деген Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты, жазушы Нұр­дәу­лет Ақыш аяулы ағамыздың өзге де қырларына кеңінен тоқ­талды.

Осы тақілеттес естеліктер мен жазушы тұрғысындағы соны пікір­лер айтылған конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор, әнуартанушы Кәкен Хамзин: «Біз Әнуар Әлімжановты жекешелендіре алмаймыз, ол бүкіл қазаққа ортақ перзент, тіпті халықаралық кеңістікке аты кеткен аса көрнекті қайраткер. Келешекте бұдан да салмақты халықаралық дең­гейдегі іс-шара өтеріне кәміл сенемін», деді.

Өз кезегінде ақын Ұлықбек Ес­дәулет жазушының халық­аралық әдеби байланыстарды нығайтудағы рөліне тоқталды: Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Бірінші Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов Азияға айқара жол ашты», – дейтін сөзі бар. Расында Әлімжанов КСРО-ның Азия, Африка жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, дәл осындай Еуропа жазушыларымен байланыс жөніндегі комиссияның белсенді мүшесі болды. Бұл әлем әдебиетімен тіке­лей байланыс жасап отырған қазақ­тың өкілі деген сөз», деді Ұ.Есдәулет.

Конференция барысында бел­гі­лі қаламгер, Алматы облы­сы­­ның құрметті азаматы Әли Ысқабай жа­зушы туралы толға­мын жет­кіз­­се, ха­лықаралық «Алаш» әдеби сый­­лығының лауреаты Қуат Қайранбаев жазушы рухы­на ар­нал­ған жырын оқыды.

«Әнуар ағамыздың рухани болмысына бойладық, асқақ тұрпатын көзге елестеттік. Енді осы мерейтой үстінде Сәкен аға­мыздың Әнуар Әлімжанов қайтыс болғанда жазған өлеңін оқып беруді жөн санадым», деп қос тұлғаны тең көтере толғанған «Құр­мет» орденінің иегері, ақын Жұматай Оспанұлы жырға кезек берді. «Ағам бар еді мір тілді, Жағам бар еді – жыртылды! Қан жылап тұрған жүрекпен, Жұба­там қалай жұртымды?», – деп келетін Сәкен Иманасов жырымен түйінделген конференциядан соң көпшілік жазушының рухына арналған асқа қатысты.

 

Жетісу облысы