Жоба • Кеше

Ұтымды ұлттық жоба

60 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үш ауысымда оқу, жай-күйі апаттық жағдайдағы мектептер өкінішке орай, өңірімізде бар мәселе. Президенттің «Келешек мектептері» ұлттық жобасы осы бір жетіспеушіліктің орнын толтырып, білім сапасын оңалтады.

Ұтымды ұлттық жоба

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облысымызда мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер саны – 402. Оның 231-і – ауылдық жерде орналасқан. Ал жалпы оқушылар саны – 172 425. Оның 40 753-і ауылдық мектептерде білім алады. Ауылдық білім ошақтарының 160-ы шағын жинақталған мектептер қатарында. Осы орайда өскелең ұрпақты оқыту, тәрбиелеу және дамыту үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасау – маңызды. Оқушы орындарының тапшылығы, апатты және үшауысымды мектептердің мәселесін шешу – күн тәртібінде тұр.

Осы орайда Қарағанды қаласында, Бұқар жырау және Шет аудандарында 8 600 оқу орнына арналған 9 мектеп ашылды. Новостройка ауылында 150 орындық жаңа мектеп апаттық ғимараттың орнына салынған. Балалар­ға заманауи және кең сы­нып бөлмелерінде оқуға мүмкіндік беріліп, мектеп­терді материалдық-техни­ка­лық жарақтандыру да жаңар­тылған.

Жалпы, Қарағанды облы­сындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойын­ша 2025 жылға дейін 12 500 орындық 18 заманауи мек­тептің құрылысы жос­пар­ланған болатын. Оның ішін­де биыл 10-ы Қарағанды, Балқаш, Бұқар жырау және Шет аудандарында тапсырылуы тиіс. Қыркүйек айында Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында апатты жағдайдың орнына салынып жатқан 150 орындық мектеп пайдалануға бері­леді. Сонымен қатар бүгін­гі таңда мектептер базасы жаң­ғыртылып жатыр. Биыл 15 ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүр­гізу жоспарланып отыр. Оқу жабдықтары да жаңар­тылған. Өткен жылы физика, химия, биология, STEM пәндерін оқытуға арналған 72 заманауи кабинет сатып алынды. Биыл тағы 65 жоспарланған.

– «Ауылдық жерлерде тірек мектеп­тердің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша «Қазақстан халқына» қоры 8 мектепті жаңғыртқан. Биыл тағы үш жос­пар бар. Қала мен ауыл ара­сындағы алшақтықты азайту үшін «Репетитор», «Цифрлық мұғалім», «Табыс формуласы», «Мың мектеп» жобалары іске асыры­лу үстінде. Мектептерде бар­лық бас­тауыш сынып оқу­шылары тегін ыстық тамақ алады. Бұл – 75 мыңнан астам бала. Сондай-ақ жалпыға бірдей білім қорының есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 6 мың­ға жуық бала тегін түскі ас ішеді. Өткен жылы облыста 27 жаңа мектеп автобусы сатып алынды. Биыл да жаңарту жалғасады, – дейді Гүлбақыт Жүнісова.

Жалпы, аталған мектеп­тер­дің жаб­дықтары мен құрылыс материалдары жо­­ға­ры талаптарға сәйкес таң­­далып алынған. Прези­дент­­тің мега жобасын сапа­лы іске асыруда спортзал­дардың саны басқа мектептерден әлдеқайда артық. Мек­тептердің дизайны да ерекше, тіпті бастауыш пен ересек сыныптардың бөлек блоктарда оқуы секіл­ді мә­се­лелер де жіті қарас­ты­рыл­ған. Шалғайдағы ауыл­дар­дың өзінде жайлы мек­теп­тердің бой көтеретіні ауыл ба­лалары үшін үлкен олжа әрі қуаныш болғалы тұр.

– Қазіргі таңда білім ошақ­­тарының құрылыс жұ­мыс­тары кестеге сай жүріп жатыр. Мерзімі мен сапа­сын ерекше бақылауда ұстап отырмыз. Жаңа мектеп­тер жеті түрлі талапқа сай 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орындық болып, ауылда, қалада да жаңа бірың­ғай стандарт негізінде салынады. Бас­тауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залда­ры бар. Балалар үшін бей­не­бақылау, дыбыстық хабар­лау және басқа да күшей­тілген қауіпсіздік шарала­рын орнату көзделіп отыр. Заман талабына сай толық­тай жабдықталады, – дейді облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масы басшысының орынбасары Абылай Смағұлов.

Осылайша, «Келешек мек­тептері» ұлттық жобасын орындау Ұлттық қор қара­жаты есебінен жүзеге асырылып жатқандықтан, бұл жоба үш ауысымдық және апаттық мектептерді жоюға толығымен мүмкіндік береді. Қарағанды облысы бойынша «Келешек мек­тептері» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін 12 500 оқушыға 18 мек­теп салып, пайдалануға беру жоспарланған. Қаржылан­дырудың жалпы көлемі 87,4 млрд теңгені құрайды.

Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жүзе­ге асқан «Келешек мектеп­тері» жобасы аясында Қа­рағандыда екі мектеп ашыл­­ды. Оның бірі – №19 мек­теп. Бүгінде білім ошағы оқу­шылар арасындағы орын тапшылығын жойып, сапалы білім беріп жатыр.

Бүгінде мектеп ғимараты – облыс мектептері арасын­дағы ең үлкені. Мұнда бәрі сарапталып, ойластырылған. Үлкен аумаққа қоса бала­лар­ға ыңғайлы болу үшін қойыл­ған периметрлік кіре­бе­рістер, бастауыш сынып­тар мен аға буынға арнал­ған жеке кіреберістер де бар. Мектеп ауласында ойын, воркаут, футбол және бас­кетбол алаңдары, хоккей кор­ты, жүгіру алаңы да бар. Ал көгалдандыруға арнал­ған ағаштар қоңыржай белдеу­лік климатты ескере таң­далып алынған. Қазір­гі таңда жаңа білім ошағын­да сол ауданға жақын «Трилис­т­ник», «Arena Park», «Жаңа орталық», «Атамекен», «Ком­­­фортный дом», «Сап­фир», «Байсанат», «Zaman», «Ама­дина», «Onix» және «Мерей» тұрғынүй кешенде­рінде тұратын оқушылар білім алып жатыр. Жалпы ауданы 10 мың шаршы ша­қы­рымнан асатын №19 мек­тепте оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.

 

Қарағанды облысы