
Мәселе, «Siri» дауыстық көмекшісінде. Бұл көмекші қолданушы пәрмен бергенде ғана іске қосылуы керек. Бірақ 2019 жылы «The Guardian» басылымы жариялаған ақпаратқа сәйкес, «Siri» кейде кездейсоқ қосылып, адамның жеке әңгімесін жазып отырған. Мысалы, найзағайдың дыбысы, сыдырма үні сияқты жай ғана фондық дыбыстар «Siri»-ді іске қосуға себеп болған. «Apple» қызметкері жазбаларды арнайы адамдар тыңдап, көмекшінің дұрыс жұмыс істеп жатқанын тексеретіні туралы ақпарат берген. Жазбаларда қолданушының орналасқан жері мен байланыс ақпараты да болған. Осы жағдайдан кейін «Лопес Apple»-ге қарсы деген ұжымдық сот ісі қозғалды. Талап білдіргендер «Siri» тыңдаған әңгімелер мен кейіннен шыққан жарнамалардың арасында сәйкестік бар екенін айтып отыр. Мысалы, «Air Jordan» аяқкиімі туралы сөйлескеннен кейін дәл сол аяқкиімнің жарнамасы шыққан. Немесе дәрігермен операция туралы сөйлескеннен кейін – сол қызметтің жарнамасы пайда болған. «Apple» бұл айыпты ресми түрде мойындамаса да, 95 миллион доллар өтемақы төлеуге келісіп отыр. Өтемақыны 2014 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың желтоқсаны аралығында «Siri» бар құрылғыны сатып алған АҚШ азаматтары ала алады. Әр құрылғы үшін 20 долларға дейін төленуі мүмкін.
Компания бұл жағдайдан кейін «Siri» жүйесіне өзгеріс енгізгенін айтты. Енді қолданушы рұқсат бергенде ғана қызметкерлер жүйенің жұмыс істеп тұрғанын тексере алады. Ал дыбыстар өзінен-өзі жазылмайды. Айта кету керек, мұндай жағдай тек «Apple»-де емес. 2018 жылы «Amazon» компаниясының «Alexa» атты көмекшісі ерлі-зайыптының сөйлескенін жазып алып, жазбаны күйеуінің әріптесіне жіберіп қойған. Кейін «Bloomberg», «Amazon» мыңдаған жұмысшыны қолданушылардың жазбаларын тыңдауға жұмылдырғанын жазған. «Google» мен «Samsung» та осындай айыптауларға ұшыраған.
2019 жылы жүргізілген сауалнамада азаматтардың 55 пайызы, ал 2023 жылы 60 пайыздан астамы телефондарының оларды тыңдайтынын айтқан. Сондай-ақ көбі жақында сөйлескен тақырыппен байланысты жарнаманы көргенін жеткізген. Алайда психологтер бұл құбылысты «растау қателігі» деп түсіндіреді. Яғни адам кейбір ақпаратты есінде сақтап, оған ерекше мән береді. Сол себепті бір рет айтқан сөзімен байланысты жарнаманы көріп қалса, мұны кездейсоқ емес деп ойлайды.
Қазір адамдар телефон микрофонын скотчпен жауып қоятын болған. «TikTok»-та кей қолданушылар «Siri»-ден өзін тыңдамауды өтінеді. Бұл – адамдардың құпия деректерінің таралып кетпеуіне алаңдай бастағанын көрсетеді. Технология бізге көп пайда әкеліп жатыр. Бірақ оның біз туралы қаншалық ақпарат жинап жатқанын да ұмытпауымыз керек. Смарт құрылғылар тек тыңдап қана қоймай, оны есте сақтап, жарнама арқылы жауап та қайтарады. Сондықтан әрбір қолданушы саналы әрі сақ болуы керек.