Жансарай • Кеше

Қалиолла АХМЕТЖАН, суретші, этнограф-ғалым: Өнерде әлі еуроцентристік көзқарас басым

30 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Бүгінгі кейіпкерімді сыртынан ғана білетінмін. Бұрын сөйлесіп көрген емеспін. Алайда шығармашылығымен жақын таныспын. Елімізге белгілі қылқалам шебері. Білікті этнограф. Сондай-ақ көне қару-жарақтарды зерттеген ғалым. Сондықтан бұл кездесу қалай болады деп аздап қобалжыдым. Бірақ оным бекер екен. Қалиолла аға өте қарапайым. Сыпайы. Біртоға. Екеуміздің әңгімеміз бірден жарасты. Ақ параққа түскен сол әңгімені оқырманға ұсынып отырмын.

Қалиолла АХМЕТЖАН, суретші, этнограф-ғалым: Өнерде әлі еуроцентристік көзқарас басым

Санкт-Петербордан оншақты дәптер дерек әкелдім

– Бала күніңізден бейнелеу өнеріне жақын екенсіз. Суретке салуға қайдан құштар болдыңыз?

– Мен Ақмола облысы, Ақкөл ауданы Өрнек ауылында тудым. Сондағы сегіз жылдық қазақ мектебінде оқыдым. Жоғары сыныпты Кеңес ауылындағы білім ошағында тәмамдадым. Бұл сол жылдардағы аудан көлеміндегі жалғыз қазақ мектебі еді. Ата-анам ерте дүние салып, үлкен апам екеуміз әкемнің інісі Дәулетбай көкемнің қолында тәрбие­лендік. Ол кісі бізді өз балаларынан кем қылмай өсірді. Оқытты, тоқытты. Беті­мізден қақ­пады.

Көкем ауылдағы санаулы жо­ғары білімді азаматтардың бірі еді. Мектепте тарих пәнінен сабақ берді. Кейін директор болып істеді. Кітап оқығанды жақсы көретін. Үйде бай кітапханасы бар-тын. Әсіресе тарихи кітап­тарды көп жинайтын. Бір жа­ғынан, тарихқа жақын болуыма сол кісінің де ықпалы тиді. Кітапқа байланысты бір оқиға есіме түсіп тұрғаны. Оқушы кезім. Бірде аудан орталығына барғанда кітапхананың алдында бір топ кітап үйіліп жатыр екен. Қарасам, бәрі де қазақша. Бір кітап бір тиын тұрады. Қалтамда бір сом бар еді. Соған келгенше Сәкен, Ілияс, Бейімбет және тағы басқа қазақ жазу­шыларының кітаптарын сатып алып, үйге келдім. Кітапқа деген құштарлық осылай жалғаса берді.

Суретті жас күнімнен салдым. Ержеткенде суретші болсам деп армандадым. Оған құш­тарлығым табиғатқа жақын болғанымнан шығар деп ойлаймын. Біздің ауылдың табиғаты өте көркем еді. Бұған көкем де қарсы болған жоқ. Қайта, мені қолдап, қанаттандырды. Мектеп бітіргеннен кейін ауылда бір жыл жұмыс істедім. Келесі жылы сол кездегі Н.В.Гоголь атын­дағы Алматы көркемсурет учи­ли­щесіне оқуға түстім. Онда бізге қазақтың көрнекті қыл­қалам шеберлері дәріс оқыды. Солардың үлгі-өнегесін көрдік. Бәрі де адамгершілігі биік оқы­тушылар еді. Шалғай ауылдан келгендерге жанашыр болды. Қамқорлығын аяған жоқ. Үнемі қолдады. Бей­нелеу өнерінің қыр-сырын үй­ретті. Жанрлардың ерекшелігін тү­сіндірді. Әсіресе қазақтың бел­гілі суретшілері Молдахмет Кенбаев, Мұхит Ка­­лимов сынды ұстаздарыма алғы­сым шексіз. Өз басым бұл кісілерден көп тәлім алдым. Соң­ғы курста Ресейдегі іргелі жо­ғары оқу орындарына баруға жолдама келгенде Мұхит аға: «Сенің шығармашылық сти­лің Ленинград суретшілеріне ұқсай­ды. И.Е.Репин атындағы сәулет және мүсін, кескіндеме институтына бар», деп ақыл-кеңесін берді.

– Сөйтіп, Санкт-Петер­бор­дан бір-ақ шықтыңыз ба?

– Иә. Осында алты жыл оқы­дым. 3-курстан бастап атақты су­ретші, профессор Юрий Неприн­цевтің шеберханасынан білім алдым. Қимылы жылдам, елгезек адам еді. Студенттерді жақ­сы көрді. Мұнда әйгілі И.Ре­пиннен бастап, орыстың майталман қылқалам шеберлері тү­леп ұшқан. Шынымды айтсам, осындай іргелі білім ордасында оқығаныма қуанамын.

Санкт-Петербор – ежелден орыс руханиятының ордасы. Бір жағынан, тарихи және архи­тектуралық ескерткіштерге өте бай шаһар. Біздің институттың ғимараты да айрықша көркем. Бұған дейін мұндай сәулетті нысан көрген емеспін. Алғаш көргенде таңғалдым. Сырты ғана емес, іші де әсем. Қаладағы музейлер мен кітап­ханалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Әрбір демалысты бос өткізбеймін. Мұражайға барамын, кітап дүкенін аралаймын. Соның арқасында бейнелеу ғана емес, тарих пен этнография саласын терең таныдым. Шығармашылығымды жа­ңаша дамытуға баса мән бер­дім. Курстық жобаларға тарихи тақырыптарды арқау еттім. Диплом­дық жұмысымды да соған арнадым. Оны «Дабыл» деп атадым. Ертеде алыстан келе жат­қан жаудың жақындап қал­ғанын хабарлайтын жаушылар болған. Олар түн ортасында ауыл шетіне келіп, халықты оятып, дабыл ұрған. Мен осы көріністі бейнеледім. Ұстаздарым бұған дән риза болып, дипломдық еңбегімді жоғары бағалады. Аталған оқу орнын тәмамдағаннан кейін өзім білім алған Алматыдағы көр­кемсурет училищесіне келіп, шәкірт тәрбиеледім. Шығар­машылықпен айналыстым. Рес­публикалық көрмелерге жұмыс­тарым қойылды. Есімім елге танылды. Қазақстан Суретшілер одағы мүшелігіне қабылдандым.

– Қырық жылдан бері қару-жарақ саласын зерттеп жүрсіз. Бұған не түрткі болды?

– Мені көне қару-жарақтар қатты қызықтыратын еді. Бірақ бұл жайында ақпарат тым мар­дымсыз екенін байқадым. Мүл­дем жоқ десе болады. Сондықтан осы саланы тереңдеп зерттеуіме тура келді. Оны студент кезім­нен бастадым. Алдымен Санкт-Петербордағы музейлер мен кітапханалардың сирек қо­рын­дағы материалдарды қара­дым. Сондай-ақ біздің оқу орын­ның ғылыми кітапханасында қолға түспейтін тарихи кітаптар мол еді. Соны оқыдым. Қысқасы, жоғары оқу орнын бітіріп келгенде Алматыға он шақты қалың дәптерге жазылған біраз дерек жинап алып келдім.

 

Бабаларымыз от қаруды XV ғасырдан қолданған

– Бұған дейін бұл сала зерттелмеген бе?

– Солай десе болады. Өйткені оған Кеңес билігі тарапынан қар­сылық болған секілді. Мен шы­ғармашылық адамымын. Ер­кінмін. Сондықтан маған еш­кім кедергі жасамады. Бұл тақырыпқа толық ену үшін көш­пелілер тарихын зерттедім. Сақ, ғұн, түркі дәуіріне терең бойладым. Біраз мұрағат деректерін қопардым. Сөйтіп, көне қару-жарақ зерттеушісіне айналдым. 90-жылдардың басында тәуелсіздік алдық. Ақ түйенің қарны жарылды. Ұлт рухы оянды. Тарихымыз бен төл мәдениетіміз туралы жазбаларға сұраныс пайда болды. Кезінде мерзімді баспасөзде мемлекеттік рәміздер туралы мақалалар жариялана бас­тады. Мен де Ту, байрақ, жалау туралы материал жазып, оны «Ана тілі» газетіне апарып бердім. Ол басылымның айқарма бетіне жарық көрді. Осы газетте біраз зерттеуім жарияланды. Сонымен бірге бірқатар дүниелерім «Қазақ елі» газеті мен «Парасат» журналында басылды. 1992 жылы академик Әбдуәлі Қайдар, ақын Мұзафар Әлімбаевтармен бірге «Ана тілі» газетінің лауреаты болдым. Бұл мен үшін үлкен құрмет еді. Осы мақалаларым есімімді жұртшылыққа танытты. 1996 жылы «Жараған темір кигендер» атты кітабым шықты. Туындымды тарихшы мамандар жоғары бағалады. Шындығында, көне қару-жарақтарды зерттеу тақырыбы сан-саланы қамтиды. Оның түбіне жету қиын. Түпсіз терең мұхит сияқты.

– Осы қару-жарақтарға тоқ­та­ласыз ба?

– Кейбір жазбаларда қазақ­тарда от қару болмаған деп жазған. Бұл түбірімен қате пікір. Біздің бабаларымыз XV–XVI ғасырдан бастап, от қару пайдаланған. Сол дәуірдегі мылтықтарды қолданған. Бірақ атты әскерде от қаруды қолдану ыңғайсыздық тудырады. Өйткені шиті, пілте мылтықтардың бәрі ұңғысынан оқтанады. Бұл ұзақ уақыт алады. Мәселен, ат үстінде шауып келе жатып, сіз оны оқтай алмайсыз. Соғыста от қару­ларды жаяу әскерлер өте жақсы қолданды. Тарихи деректерде XIX ғасырдың соңына дейін Еуропада атты әскерлер от қаруды аз қолданған деп айтылады. Алайда әскери күштің салмағы бәрібір жаяу әскерде басым болды. Сондықтан жаяу әскері бар мықты елдер алға шықты. Қару-жарақ түрлерін жаңаша дамытты.

Бабаларымыз кезінде әскери өнерді де жақсы меңгерген, соғыста жауды қоршау, айналдыра қоршау, қаша отырып ұрыс жүргізу, тұтқиылдан соққы беру секілді түрлі әскери іс-қимылды жақсы пайдаланған.

– Халқымыз «ер қаруы – бес қару» дейді...

– Иә, бұл ұғымның мәні терең. Бабаларымыз бес қаруға ату, кесу, шабу, түйреу, соғу қарулары түрлерін кіргізген. Мә­се­лен, ату қаруының бірі – садақ. Кейін бұған мылтық қосыл­ды. Садақ ағаш, сүйек, мүйіз, қайың қабағы және тарамыс сынды материалдан жасалған. Оның жебелерінің бірнеше түрі болады. Ұшы жалпақ екі айыр болып келетін жебені «қозы жауырын» десе, үшкір, үш-төрт қырлы жебе «сауыт бұзар» немесе «көбе бұзар» деп аталған. Жебелері сүйектен, мүйізден, ағаштан жасалған «доғал оқтар» болған.

Кесу қаруына семсер, қылыш және сапы деген үш түрі жатады. Қылыш басының қайқылығы мен сабының пішініне орай бір­неше түрге бөлінген. Мысалы, наркескеннің қайқылығы бір­ден алқымынан басталады, сон­дықтан кесу күші жоғары болған. Кейбір қылыштарды шапқанда ауыр болу үшін басын үлкейтіп, жалпақ қылып жасаған. Мұндай ауыр қылыштар «алдаспан» деп аталған. Зұлпықар деген қы­лыш бар. Өткір. Екі жүзді. Зұлпықар – арабша «жасын» деген мағына береді. Ол Әзірет Әлі­нің (Мұхамед пайғамбардың немере інісі әрі күйеубаласы, төртінші халиф Әлі ибн Әбу Тәлібтің) аты аңызға айналған қасиетті екі басты қылышының аты. Осы қаруды да бабаларымыз қолданған.

Ал түйреу қаруы екі түрлі болған. Жебесі жалпақ болып келетін түйреу қаруын «найза» десе, жебесінің ұшы жіңішке, қырлы жасалған ұзын «сүңгі» деп айтқан. Ол жаудың сауытын тесіп соққы беруге арналған. Қазақ батырлары найза мен сүңгіге байрақ, ту, жалауша, шашақ сынды белгілер таққан. Ту – жалпы әскердің белгісі, байрақ – әскербасының дәреже белгісі.

Ертеде бабаларымыз шабу қаруының үш түрін пайдаланған. Бұл қарудың бір түрі – «балта». Оның жүзі орташа болып келеді. Жүзі ай пішіндес әрі енді келетін балтаны «айбалта» деп атаған. Жүзі сына тәріздес болып келетін қаруды «шақан» деп айтқан.

Соғу қаруының ең көне түрі – шоқпар. Ол ағаштан, ауыр сойыл түрінде жасалады. Соғу қаруының екінші түрін «гүрзі» дейді. Басы металдан құйылған ауыр шоқпар. Соғу қаруының үшінші түрі – «бұздыған» деп аталған. Бұздыған – басы алты не сегіз қырлы темір­ден жасалатын шоқпардың жеңіл түрі, бірақ соққысы өте қатты. Ал басы темірден, сүйектен жасалып, сабына шынжырмен, қайыспен бос байланатын соғу қаруын «босмойы­н шоқпар» деп атаған.

Еліміздегі бірқатар музейдің тапсырысымен осы қару-жа­рақтардың реконструкциясын жасадым. Сонымен қатар ғұн, қимақ, қыпшақ дәуірі мен Ал­тын орда кезеңіндегі әскери жауынгерлердің киімдерін, қару-жарақтарын қайта жаңғырттым. Шын мәнінде, көшпелілердің сол кездегі шеберлері қару-жарақ жасаудың технологиясын өте жетік меңгерген. Таңғалдырады.

 

Кеңестік кезеңде ұсталық өнер әуесқойлық деңгейге құлдырады

– Зерттеулеріңізде қандай деректерге сүйендіңіз?

– Мен осы еңбектеріме 4 ғы­лыми деректемені негізге алдым. Біріншісі – жазба деректер. Әсіре­се түркілер туралы Еуропа мен Ресей еліндегі архивтерде көпте­ген дүние сақталған. Соған біраз үңілдім. Одан кейін араб, парсы тілінде жазылған мәліметтерді зерттедім. Со­нымен бірге «Қорқыт ата» мен «Оғызнама» сияқты түркі халықтарының жазба деректеріне сүйендім. Осының барлығында көне қару-жарақ туралы тың деректер айтылған. Екінші – ауыз әдебиеті. Анығында, қару-жарақтар туралы құнды дү­ниелерді ауыз әдебиетінен алдым. Әсіресе көне эпостарда, дас­тандарда, аңыз-әңгімелерде, ер­тегілерде батырлардың ұста­ған қару-жарақтары жайында бүге-шігесіне дейін айтылған. Мұн­дағы деректердің дені шын­дық­қа негізделген. Әрине, шығарма сю­жетінде көркемдік әсірелеу болғанымен қару-жарақ туралы кеңірек мағлұмат береді. Тіпті қарулардың жасаған технологиясын да келтіреді.

Үшіншісі – өнер ескерткіш­те­рі. 1970 жылдан бері орыстың бел­гілі қару-жарақ зерттеуші ғалы­мы М.В.Горелик әр дәуірдегі өнер ескерткіштерінде бейнеленген көшпелілердің қару-жарақта­рын зерттеп, оны әлем­ге танытты. Сондай-ақ ол өнер ескерт­кіштерінің деректік маңызын дә­лелдеп жазып, оның әдістеме­сін қолданудың үлгісін көрсетті. Айталық, еліміздегі көне балбал тастардан жауын­герлермен бірге бейнелеген қару-жарақ түрлерін жиі кездес­тіресіз. Петроглифтер­де де солай. Бір жағынан, өнер ес­керткіштерінің жазба дерек­теріне қарағанда өзін­дік ерек­шелігі бар. Мәселен, жазба ескерткіштерін зерттегенде тіл білу қажет. Ал өнер ескерт­кіш­тері нақтылығымен құнды саналады.

Ал төртіншісі – археоло­гия­­­лық және музейлік заттық ескерт­кіштер.

Кейін осы зерттеулеріммен танысқан сол кездегі Тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев ағамыз өзі басқарып отырған ғылыми мекемеден кандидаттық диссертация қорғауға ұсыныс айтқан еді. Бірақ сәті түспеді. Кейін Орталық музей директоры, этнограф-ғалым Нұрсан Әлім­байдың жетекшілігімен «Қазақтың дәстүрлі жарақтары: генезисі, құрылымы, ұлттық мәдени қыз­меті» атты тақырып алып, тарих институтында ғы­лыми еңбегімді қорғадым.

– Қазір ұсталар жайында көп айтылмайды. Бұған не дейсіз?

– Бұған отаршылдық жүйе­нің салқыны қатты тиді. Олар қазақтың ғажайып ұсталық өнерін жоюға күш салды. Пат­ша заманында қазақтарға темір, күкірт сатпау туралы құ­пия жарлық болған екен. Ал ке­ңестік кезеңде ұсталық өнер әуесқойлық деңгейге дейін құл­дырады. Мысалы, Өзбек­станда халық шеберлерінің дәрежесі Суретшілер одағы мү­ше­лерімен бірдей саналды. Олар мемлекеттік тапсырыс алып, жұмыс істеді. Ал біз атадан балаға мирас болып келген өнеріміздің бағасын білмедік. Оны Мәдениет министрлігіндегі әуесқойлық өнермен біріктіріп қойды. Бүгінде елімізде алтын қақтау, күміс булауды білетіндер жоқ. Қазіргі шеберлердің дені еуропа ұсталық өнерінің әдіс-тәсілін үйренген. Ал ұлттық өнердің қыр-сырын білетін маман сирек.

Бұрын ел ішінде ұсталардың беделі өте зор болған еді. XIX ғасыр­да қазақ ұсталары жайын­да орыс зерттеушілері біраз дерек қалдырған. Мұндай маз­мұн­ды мәліметтерді Шоқан Уәли­ха­новтың да жазбаларынан да кездестіресіз.

Өткен ғасырдың 50–60 жыл­дарға дейін халық арасында темірден түйін түйген ғажап ұста­лар өмір сүрді. Оларды жұрт ерекше сыйлады. Қазақ «жер астының патшасы – ұста» деп таныды. Ұста дүкенінде әдепсіз сөз айтылмайтын. Өкінішке қарай, осының бәрі ұмытылды.

– Бір мақалаңызда «батыр» деген ұғымға басқаша мағына беріпсіз. Соны ашып айтасыз ба?

– Біз соғыста ерлік көрсеткенді батыр деп түсінеміз. Бір жағынан, бұған келісемін. Ал шын мәнінде, бұл ұғымның мәні басқаша. Батырлар көшпелі қоғамдағы кәсіби әскерилердің әлеуметтік жігі. Олар тек әскери іспен ғана айналысқан. Батырлардың мақ­саты – халықты сыртқы жау­дан қорғап, елдегі ішкі тәртіпті сақтау. Олардың әулетінде әскери кәсіп атадан балаға жалғасқан. Әскери әдіс-тәсілдерді де жетік меңгерген. Қаруларды шебер қолданған. Шын мәнінде, қазақ қо­ғамында әскери өнердің барлық түрі осы кәсіби ортада сақталып, дамып отырған. Ба­тырлардың қоғамдағы бас­қа әлеуметтік топтармен қарым-қатынасы да, іс-әрекеті де өзгеше болған. Сондай-ақ батырлар соғыста жауымен жекпе-жек шық­қанды мәртебе санаған. Өлім­нен қорықпаған. Қайта, майдан даласында ерлікпен көз жұмуға даяр болған. Тіпті соғыста мерт болуды мақтаныш көрген. Біздің тарихымыздың дені батырлармен тығыз байланысты. Олар ел ішінде ерекше құрметке ие болды. Ел мен жерді жаудан қорғаған батырлардың есімдері ру ұранына айналды.

 

Шығыс бейнелеу өнерінің бәсі биік

– Сан қырлы өнердің иесісіз. Өзіңізді кіммін деп есептейсіз?

– Ең алдымен, суретшімін. Содан кейін этнограф-қару танушымын.

– Бірақ суретшілігіңіз тасада қалған жоқ па?

– Шынында да, суретшілігіме аз уақыт көңіл бөлдім. Алайда қылқаламымды тастаған жоқ­пын. Қазір алаңсыз шығарма­шылықпен айналысып жатырмын. Өз басым Шығыс халық­тарының бейнелеу өнерін жо­ғары бағалаймын. Әсіресе жапон қылқалам шебер­лерінің тұңғиық ойға тартатын түрлі-түсті графикалық туындыларын ерекше көремін. Соларға елік­теп, біраз жұмыс істедім. Қы­тай суретшілері де ұнайды. Олар­­дың пейзаждарында су, жартас, ағаш бейнесі ерекше рәміздік, философиялық мәнге ие болады. Су – тұрақсыздықтың белгісі. Ағып кетеді. Тау – мәң­гілік, ал ағаш солардың ортасында биікке ұмтылып өсіп келе жат­қан күш-жігер рухы ретінде бейнеленген. Бір жағынан, бұл – рәміздік дүниелер. Бірақ адамды философиялық ойға жетелейді.

Бейнелеу өнерінің барлық жанрын жақсы көремін. Алайда пейзаж бен портрет жаныма жақын. Көркем әдеби кітаптарды да безендірумен айналыстым. Сонау жылдары «Жалын» баспасынан шыққан «Қазақ ертегілері» мен басқа да кітаптардың иллюс­трациясын жасадым.

Менің пейзаждарымда шы­ғыс суретшілеріне тән өр­нек-нақыштар жиі кездеседі. Өйт­кені біздің өнерде әлі де болса еуроцентристік көзқарас басым. Ал маған Шығыс бейнелеу өнерінің бәсі биік.

– Өмірде өкінішіңіз бар ма?

– Өкінішім жоқ. Жас күнім­нен армандаған дүниеге қолым жетті. Жоғары оқу орнында оқыдым. Жақсы ұстаздардың тәлімін алдым. Қызметтен де кенде болған жоқпын. Жақын араласатын суретші достарым да жетеді. Бастысы, отбасыдан да жолым болды. Зайыбым да елге танымал суретші. Біраз туын­дылары елімізде және шетелде өткен көрмелерге қойыл­ған. Жалпы, суретшілердің өмірі жеңіл деп айта алмаймын. Олар шеберханадан шықпай, өзімен-өзі оңаша жұмыс істегенді ұнатады. Жолдасым екеуміз осы жағынан бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Бір-біріміздің кем­шін тұстары болса, толықтырамыз. Шығармашылықта да жақын­быз. Қазір балаларымыз өсіп, немере сүйіп отырмыз.

Менің екі қаламым бар: бірін­шісі – қылқалам, екіншісі – қауыр­сын қалам. Осы екі қа­ламд­ы қатар ұстап келе жатырмын. Соның арқасында өмірде де, өнерде де өз жолымды таптым.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»