
Жаз маусымы басталысымен Жасыбай демалыс аймағына жан-жақтан туристер ағылады. Таулы өлкенің табиғатына сұқтанып, тау-тасынан күш-қуат алып қайтуды жөн көретін жұртшылық көп. Туристерді қабылдап алуға асық демалыс үйлерінің біразы биыл ерте бастан қамданып жатқаны байқалады. Сапарлап келушілер сұлу өлкенің көз тоймас табиғатын тамашалайды. Алайда көл жағасына келген көпшілік Жасыбайдың жағасы жүдеп тұрғанын бірден аңғарғаны анық. Демалыс аймағына барушылар ең әуелі орталық жағажайдағы қоғамдық дәретхананың жұмыс істемейтініне наразы. Қашан барсақ та есігі құлыпталып тұрады, қажетімізді өтейтін жер таппаймыз деп қынжылады.
– Балаларымды алып, көл жағалап серуендедік. Кішкентайларым дәретханаға барса, есігі жабық тұр екен. Құрығанда біреуі істеп тұрған шығар деп, барлық дәретхананың есіктерін тартып байқадық, кілттеулі тұр. Амалсыздан өзіміз тоқтаған сонау жердегі демалыс үйінің базасына баруға тура келді. Мұндай мәселе Жасыбайда ғана кездеседі. Көкшетаудағы Бурабайға күн салқын кезде де барып көрдік. Көпшілік дәретхана жөнінде қиындық жоқ. Баянауыл басшылығы нысандардың жұмысын жыл он екі ай бойы тоқтатпауы керек. Болмаған жағдайда адамдар қажетін кез келген жерге өтеп, әр бұтаның түбіне сарып кете берсе, көрікті өлкенің несі қалады? – деп күйінеді Екібастұздан келген отағасы Кәркен Ашубаев.
Бұдан бес-алты жыл бұрын да Жасыбай көлінің жағажайында қоғамдық дәретхана деген үлкен мәселе болатын. Ақыр соңында көпшіліктің талап-тілегі бар, кәсіпкерлердің өтініші қосылып, көл жағалауында дәретханалар тұрғызылды. Бюджет қаражатына салынған санитарлық нысандар жеке кәсіпкерліктің сенімгерлік басқаруына берілді. Кейінгі жылдары ол жазғы туристік маусымда үзбей жұмыс істеуге көшкенімен, қысты айтпағанда, көктем мен күзде есігі жабық тұрады.
– Жасыбайға жыл сайын келеміз. Бұл жердің табиғаты аса көркем, суы мөп-мөлдір айдын көл көңілімізден шығады. Тек бізді қынжылтатыны, заманға сай инфрақұрылымдар, сәулет нысандары, түрлі мүсіндер жетіспейді. Жағажай айналасында қарапайым тротуарлар да аз. Биылғы тағы бір көңілсіз көрініс – жағажайға жақын жердегі жазғы дәмхананы, балмұздақ пен сусындар сататын дүңгіршектерді алып тастапты. Енді жағажайда тынығып жатқандар орталықта орналасқан дүкендерге баруға мәжбүр. Жағажайға жауаптылар келушілерге қолайлы жағдай тудырудың орнына, одан сайын қиындата түсіп отыр, – дейді тағы бір демалушы, Астана қаласының тұрғыны Сәуле Қанағатова.
Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбеков Баянауыл ұлттық паркінің басшылығы кәсіпкерлердің дамуына кедергі келтіріп отыр деген пікірде. «Жасыбай көлінің жағажайын аудан әкімдігі жыл сайын жалға алады. Табиғат қорғау заңнамаларына сүйенген ұлттық парк басшылығы биыл жағажай маңын ерекше реттеуге көшті. Негізі бұл жерде бірер жыл бұрын қоғамдық дәретханалар орнатылған. Олардың жұмысы туристік маусым ашылғанда, яғни маусым айының орта шенінде басталатын. Биыл көпшіліктің өтінішін ескеріп, дәретханалар мамыр айынан істей бастады. Бірақ нысандарға қызмет көрсетуші кәсіпкер оларды адамдар көбірек жинала бастаған уақытта, яғни күндіз сағат 11-лерде ашады. Кейбір адамдар мүмкін ерте уақытта барғанда есігі жабық тұруы мүмкін. Жазғы уақытта ол бұрынғы кестеге көшеді. Ұлттық парк жағажай маңынан алып тастаған сауда дүңгіршектері дәретхананы ұстап отырған кәсіпкерге тиесілі болатын. Кәсіп иесі құр дәретханамен табысқа кенелмейтіні анық, ол әлгі нысандар арқылы нәпақасын айырып келген. 2017–2018 жылдары әзірленген жағажай жобасында бұл дүңгіршектер көрсетілген еді», дейді ол.
Ұлттық парк демалыс аймағына кіргені үшін әр туристен экологиялық алым алады. Соның есебінен күл-қоқыс жиналатын контейнерлер ұсталған. Аудан әкімдігі биыл бюджет қаражатына қосымша контейнерлер сатып алып, жағажай маңына орналастырмақ. Бұған қоса былтыр жағажай маңында күннен қорғайтын қалқалар, шезлонгтар, басқа да құрал-жабдықтардың құрылысына аудан бюджетінен 17 млн теңге бөлінген. Биыл жағалаудағы жарық жүйесінің шамдарын жаңартып шығуға қазынадан 19 млн теңге қарастырылып отыр. Былтырғы маусымда тек бір ғана Жасыбай демалыс аймағына 164 мыңдай адам келген.
«Баянауылдағы туристік маусым тек маусым айының ортасына қарай басталатынын ескерген жөн. Себебі туристердің көбі суға шомылуға келеді. Оған дейін көл суы салқын. Мамыр айында дайындық жұмыстары жүргізіледі. Ұлттық парк бізбен келісімшартты ұзартса, онда жақын жылдары Сабындыкөл жағасындағыдай кең ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлағанбыз. Ұлттық парк басшылығы кедергі келтірмесе, ол жерде туристік нысандар салуға сұранып отырған ірі инвесторлар баршылық. Бірақ айрықша қорғалатын аумақ болғандықтан, шектеулер бар. Оның үстіне әр кәсіпкерлік нысанынан ауданның бюджетіне аз да болса салық түсіп тұрады. Бұл әрі-беріден соң өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға жұмсалатын қаражат», деді Е.Арыстанбеков.
Анықтағанымыздай, Жасыбай жағажайында мемлекет қаржысына салынған 7 дүңгіршек болған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, нысандардың құрылысына 12,8 млн теңге қаражат жұмсалыпты. Алайда ұлттық парк қызметкерлері оларды биыл толығымен орнынан алып, демалыс аймағынан Торайғыр ауылына шығар жолдың бойына тастай салған. Миллиондаған қазына қаражатына салынған кәсіпкерлік нысандары осылайша сұраусыз күйде, күресінде жатыр. Дүңгіршектерді, дәретхананы кәсіпкерлік тұрғысынан пайдалану құқығын 2023 жылдың қыркүйегінде «Сүлейменова» жеке кәсіпкерлігі тендерде ұтып алып, 3 жыл мерзімге келісімшарт жасаған екен. Алайда арада бір жыл өткенде бизнесі ойламаған жерден тоқтап қалатын түрі бар.
– Парк әкімшілігі заңсыздыққа барып отыр. Қарауымызға алған бизнес нысандарын ешбір ескертпестен бұзып, лақтырып тастады. Келісім бойынша аталған 7 дүңгіршекті кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, содан түскен қаражаттың есебінен жағажайдың тазалығын, дәретханалардың тұрақты қызметін қамтамасыз етуіміз керек еді. Бір ғана дәретханадан түсетін азын-аулақ ақша оның шығынын жаба алмайды. Былтырғы маусымда 10 адамды жұмыста ұстадық. Олар жағажай маңын күнделікті тазартып, күл-қоқысты шығарды. Тазалықшылар дәретхана ішін қалыпқа келтіріп отырды. Биыл мұндай мүмкіндіктен айырылған соң адам жалдай алмай қалдық, жағажай маңын балаларыммен шығып өзім тазалап жатырмын. Осының салдарынан дәретхана да дұрыс жұмыс істемей тұр. Күнара септиктен алынған суды төгетін арнайы көліктің әр рейсіне 40 мың теңге, электр жарығына қыруар ақша төлейміз. Оның үстіне ай сайын осы нысандарды жалға алғанымыз үшін бюджетке 200 мың теңге үзбей төлеп келдік. Төлем қыста да үзілген жоқ. Туристердің қарасы ұлғайып бара жатқаны себепті биыл жағажайдағы қызмет көрсету сервисін арттырамыз деп жоспарлаған едік. Өкінішке қарай, қазір кәсібімізді сақтап қалудың өзі мәселеге айналып тұр, – дейді кәсіп иесі Айгүл Сүлейменова.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы Аждар Жүсіпов кәсіпкерлік нысандарын алып тастау табиғат қорғау заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады. Бұған дейін Жасыбайдағы көптеген демалыс үйлерінің аумақтары, құрылыс нысандары заңсыздықпен жұмыс істеп келген көрінеді.
– Ондаған кафе-павильондар, дүкендер, өзге де кәсіпкерлік нысандары жерді заңсыз иеленіп алған. Олармен соттасып, біздің пайдамызға оң шешімдер шығарылып жатыр. Алайда көбі әлі күнге орындарын босатпай отыр. Сот орындаушыларының есебінше, әлгіндей алынып тасталуға тиіс нысандарға бүгінде 1,8 млн теңгенің айыппұлы салынған. «Арқанды саябақ» деп аталатын орынның өзіне сот үкімін орындамағаны үшін 1,2 млн теңгеге айыппұл кесілген. «Шатер» дәмханасына 360 мың теңге айыппұл салынған еді, олар жақында нысанды алып үлгерді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес, қазірде демалыс аймағын заңсыз құрылыстардан тазартып жатырмыз. Соның бірі – «Сүлейменова» ЖК иеленіп келген 7 дүңгіршек. Әкімдікпен жасаған келісімшартта дүңгіршек туралы бірауыз сөз жоқ. Кәсіпкер тек дәретхананы ұстауға, жағажайды абаттандыруға, тазартуға жауап беруге тиіс. Бұған дейін дәретханаға қызмет көрсеткен кәсіпкер дүңгіршексіз-ақ жұмыс істеген, – дейді А.Жүсіпов.
Демалыс аймағында тағы 5 дүңгіршек, бірнеше дүкен, дәмхана орнынан алынып тасталған. Қазір бірнеше кәсіпкерлік нысанын сырып тастауға қатысты сот істері жалғасып жатыр.
«Жасыбай аумағына құрылыс нысандарынан жүктеме өте көбейіп кеткен. Олардың арасында заңсыз салынғандарын алғызып тастау – біздің міндет. Мәселен, «Березка» демалыс үйі 0,77 гектарды заңсыз иеленсе, «Золотые пески» көл айналасына өз бетімен жағажай салған. Оларды алып тастау жөнінде соттың оң шешімі бар. Өкінішке қарай, заңды орындау тетіктері біздің құзыретімізде қарастырылмаған, тек сот орындаушылары арқылы әрекет етеміз. Қазір демалыс аймағында 54 демалыс үйі, 12 дүкен-дәмхана орналасқан. Демалыс үйлеріне жалпы саны 2600-дей ғана адам сыяды. Жаңадан демалыс үйлерін салуға жер жағдайы көтермейді. Сондықтан Сабындыкөл мен Торайғыр көлінің айналасына инвест жобалар тартуды ұсынып отырмыз. Сабындыкөлде 6 га, Торайғырда 40 га жер құрылысқа арналған», дейді А.Жүсіпов.
Мәселенің ізімен өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасына хабарластық. Басқарма басшысының орынбасары Диас Жәкенов:
– Баянауылдағы демалыс аймағы – облыстағы ең тартымды әрі қысы-жазы кісі үзілмейтін жер. Қазіргі мәселе бізге жақсы таныс. Оны шешу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ауданға барып, бірнеше жұмыс отырыстарын өткіздік. Негізгі түйткіл – аудан әкімдігі мен Ұлттық парктің келісе алмауы. Себебі ол жерлердегі кейбір жер телімдерінің мәселесі шешілмеген, заңсыз құрылыстар болған. Қоғамдық дәретханалардың жұмысы да сол себепті реттелмей тұр, – деп мәлімдеді.
Сөз соңында айтарымыз, Баянауылды жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтін туристік орталыққа айналдыру әлі күнге арман. Облыс, аудан басшыларының бұл іспен айналыспағаны жоқ. Әр жаңа әкімнің бұл мәселеге келгенде жұмыстары жүрмей қалатыны бар. Көбіне жоба-жоспарлары таудай болып келіп, іс аяғы қылдай болып аяқталып қалып жатады. Келушілерге қолайлы жағдай тудыратын жобалар ілгері баспаған соң, мұнда соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлық жаңалық та жоқ.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы