
Фото: Ашық дереккөз
«Біз «АстраЗенека» халықаралық компаниясының Қазақстанда инновациялық дәрі-дәрмектер өндірісін жергілікті деңгейде жолға қою бастамасын жоғары бағалаймыз. Компанияның бұл жобасы денсаулық сақтау және өнеркәсіп салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын, сондай-ақ саланың тұрақты дамуын, заманауи және тиімді дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруды көздейді. Осы саясаттың сәтті жүзеге асуына мысал ретінде 2-типті қант диабеті, жүрек жеткіліксіздігі мен бүйрек ауруларын емдеуге арналған «Форсига» препараты өндірісінің іске қосылуын айтуға болады. Бұл - науқастарды қажетті терапиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды қадам», деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Препараттар 2018 жылдан бастап амбулаториялық тегін дәрілік қамтамасыз ету тізіміне енгізілген. Қазіргі таңда 2 миллионға жуық қазақстандық ХБА диагнозымен тіркелген, бұл дегеніміз Қазақстанда әрбір оныншы адамға гемодиализ қажет дегенді білдіреді. Жобаға қазіргі таңда 5 млн доллар инвестиция құйылса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 млн долларға жетпек. Сарапшылардың пікірінше, өндірістің локализациясы отандық науқастарды үздіксіз және сапалы терапиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Қазіргі таңда елде 15 мың науқасқа терапия қажет. Олардың ішінде жастар да көп. Терминалдық кезеңде науқастардың 35–40%-ы жасанды бүйрек аппаратына тәуелді болады. Бұл науқастардың көпшілігі артериялық гипертензия және қант диабетімен ауыратындар. Енді Қазақстанда тиімділігі дәлелденген, ауқымды зерттеулерден өткен, сенімді және отандық деңгейде өндірілетін препаратты қолдану мүмкіндігі бар. Бұл- біз және біздің пациенттер үшін өте маңызды қадам», деді ҚР бас штаттан тыс нефрологы, профессор Туғанбекова Салтанат.
Айта кету керек, бұл жоба 2020–2025 жылдарға арналған фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда және Қазақстан, Ұлыбритания мен Швеция арасындағы инвестициялық әріптестіктің жарқын үлгісі болып отыр.
Алина Қайратқызы,
ЕҰУ 2-курс студенті