
фото: ашық дереккөз
Алдын ала мәлімет бойынша, 26 жастағы Cadillac Escalade көлігінің жүргізушісі басты жолмен келе жатқан KIA K5 маркалы автокөлікке жол бермей, соқтығысқан. Жол апатының видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Алматы облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, соқтығыс салдарынан KIA K5 көлігінің жүргізушісі мен бір жолаушысы алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмған. Ал осы көліктің тағы бір жолаушысы, сондай-ақ Cadillac жүргізушісі мен оның төрт жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
– Қазіргі уақытта жол апатына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша (Жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу) қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде, – делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Еске салайық, бұған дейін Алматы – Бішкек тас жолының 44-шақырымында да ауыр жол апаты тіркеліп, төрт адамның өмірін жалмаған. Апатқа себеп – жүк көлігінен ажырап кеткен тіркеме болған.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті