Экономика • 29 Мамыр, 2025

Қазақстан-Италия инвестициялық қоры құрылады

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен TRAMITE GROUP компаниясының негізін қалаушы, Қазақстан мен Италияның сауда-өнеркәсіп палатасының ресми өкілі Джанантонио Трамет арасында кездесу өтті. Басқосуда агроөнеркәсіп кешеніндегі әріптестікті кеңейту мәселесі сөз болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан-Италия инвестициялық қоры құрылады

фото: mail.kz

Айта кетейік, жобаның басты мақсаты – қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне Еуропа мен өзге де өңірлер нарығына шығуға жол ашатын сенімді логистикалық әрі капитал тарту платформасын құру. Экспортқа ұсынылатын өнімдердің қатарында – астық, ет, өсімдік майлары, бұршақ тұқымдастар, сүт өнімдері, құрғақ жеміс, көкөніс пен жеміс пюресі бар. Сауда бағытына Еуроодақ, Ресей, ТМД елдері, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Парсы шығанағы мен АҚШ кіреді.

Талқылау барысында Түркістан облысында «AGRIQA Азия» ЖШС жүзеге асыратын «Шардара экспортқа бағытталған агроөнеркәсіптік кластері» жобасы ерекше назарға ілікті. 2024–2028 жылдар аралығында бұл бастамаға €200 млн инвестиция тарту жоспарланған. Жоба аясында 22 гектар жылыжай кешені, жеміс-жидек өңдеу зауыты, жоңышқаны түйіршіктеу өндірісі мен қызанақ зауыты салынады. Сондай-ақ, 8000 гектар суармалы жер игеріліп, аграрлық құрылым кеңейтіледі.

«Ел Үкіметі инвестициялық жобаларды табысты іске асыруға ықпал ететін оңтайлы жағдай жасауға бар күшін салуда. Біз агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған Қазақстан-Италия инвестициялық қорын құру бастамасын қолдауға толық дайынбыз. Бұл жоба экспорттық әлеуетті арттыру мен экономикалық байланысты нығайтуда айтарлықтай ынталандыру болмақ. Біздің ынтымақтастығымыз өзара тиімділік пен стратегиялық сенімге негізделген жемісті халықаралық әріптестіктің жарқын үлгісі болатынына сенімдімін», деді Серік Жұманғарин.

Серік Жұманғарин ҚР Сауда және интеграция министрлігіне бірлескен жобаларды пысықтау және іске асыру мақсатында қазақстандық және итальяндық кәсіпкерлерді біріктіретін сауда-экономикалық миссияны жеделдетіп ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді.

Дамира ТӨЛЕГЕН

ЕҰУ студенті