Құқық • 29 Мамыр, 2025

Құқық саласындағы олжалы он жыл

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен тыныштығының бас­ты кепілі – заң мен тәртіп қағидатының сақталуы. Осы орайда құқық саласында Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық ­туралы кодекстердің ел игілігіне қызмет етіп келе жатқанына ­10 жыл толып отыр.

Құқық саласындағы олжалы он жыл

Осы мерейлі датаға орай Астана Халықаралық уни­вер­сите­тінің (AIU) ұйым­дастыруымен халық­ара­лық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Еліміздің қыл­мыстық және әкімшілік заңна­ма саласындағы негізгі мәселелер мен жетістіктер талқыланған іс-шараға мемлекеттік органдар­дың, ғылыми және құқық қор­­ғау қоғам­дастықтарының өкілде­рі, сондай-ақ Ресей Федерациясынан келген қонақтар қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген университет президенті, профессор Серік Ирсалиев конференцияны өткізуге себеп болып отырған төрт кодекс еліміздің қазіргі құқықтық жүйесі мен қылмыстық іс жүргізу саясатын қалыптастыруда маңыз­ды рөл атқарғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатының басты тірегі – ең алдымен заң үстемдігі­нің қамтамасыз етілуі. Осы орайда құқық саласын реттейтін кодекстердің алар орны ерекше.

Конференция барысында Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұр­лан Әбдіров, Сенаттағы Конс­ти­туциялық заңнама, сот жүйе­сі және құқық қорғау органда­ры комитетінің төрағасы Евгений Больгерт, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі ко­мис­сияның төрағасы Игорь Рогов, Әділет вице-министрі Лаура Мер­салимова, Бас прокура­тура­ның заңды күшіне енген үкімдер­дің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің бас­шы­сы Мұрат Ахметов, Е.Бө­ке­тов атындағы Қарағанды универ­ситетінің ректоры Нұрлан Дулат­беков және басқа да мемлекет, ғылым және білім беру саласының көрнекті өкілдері сөз сөйледі.

Атап айтқанда, конференцияға қатысушылар кейінгі 10 жылдағы қылмыстық және әкімшілік-құқық­тық нормаларды қолдану тәжіри­бесін талдап, аспектілерді анықтау мен оларды реформалау бойынша ұсыныстарды талқы­лады. Құқық қорғау қызметінің тиімділігі, қылмыстық атқару жүйе­сін жаңғырту, отандық заңна­ма мен халықаралық стандарт­тар арасындағы байланыс, жаңа жағдайлардағы әкімшілік жауап­кершілік, заңнаманы жетілдіру мақсатында заң ғылымы мен тәжі­ри­бенің өзара әрекеттесуі сынды өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды.

Кіріспе бөлімнен кейін еліміз­дің еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, про­фес­сор Исидор Борчашвили­дің екі жаңа монографиясының тұ­сауы кесілді. «Іс-әрекеттің қыл­мыс­ты­лы­ғын жоятын мән-жайлар» және «Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар: құқық, теория және практика» деп аталатын бұл жаңа еңбектерді мамандар еліміздің құқық қолдану саласына қосылған тың дүние деп бағасын берді. Жиын барысында пікір білдірген әріптестерінің бірі, Астана халықаралық университеті Құқық жоғары мектебі деканы­ның орынбасары Жанат Сейілханов бұл монографиялар құқық қолдану және құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін жолсілтеуші ғылыми туынды екенін айтты.

– «Іс-әрекеттің қылмыстылы­­­­ғын жоятын мән-жайлар» деп ата­ла­тын бірінші монография Қыл­мыс­тық кодекстің Жалпы бөлімі бо­йынша жазылған. Бұл тақы­рып – Қылмыстық кодекстегі жеке бір ауқымды институттың бірі. Ал екін­ші монографиясы Қылмыс­тық кодекстің Ерекше бөлімінің екінші тарауы бойынша дайындалған. Бұл жерде отбасына және кәмелет­ке толмағандарға қарсы қылмыс­тық құқық бұзушылықтар туралы теориялық және тәжірибелік ерек­шеліктері берілген, – деді ол.

Конференцияға қатысқан Ресей Федерациясының заңгер ғалымдары өз еліндегі қылмыстық және әкімшілік заңнаманы реформалау тәжірибесімен бөлі­сіп, екі елдің құқықтық жүйесі­нің дамуындағы ұқсас және әртүрлі векторларды атап өтті.

Іс-шара қорытындысы бойын­ша қатысушылардың сөздері мен баяндамалары негізінде ұсы­ныс­тар қабылданды. Оның түп­кі­лік­ті нұсқасы заң шығару мен құқық қолдану саласында пайдала­ну үшін мемлекеттік органдарға, ғы­лыми орталықтарға және басқа да мүдделі ұйымдарға жіберілмек.