Жәдігер • 29 Мамыр, 2025

Ежелгі қыпшақ сауыты

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Моңғолияның «iNews.mn» та­нымал порталы жақында орта­ғасырлық қып­­­шақ жауынгері қол­данған торкоз сауыт пен темірден тұтас құйылған дулығаның суре­тін жарияла­­ды. Жәдігер жу­ық жыл­дары Украи­наның Липовец ел­­ді мекені маңы­на жүргізіліген ар­хео­логиялық қаз­ба жұмыстары ке­зінде 264-қор­ған­нан табыл­­ған екен.

Ежелгі қыпшақ сауыты

Мамандардың пайымдауынша, аталған жәдігер – ХII–ХIII ғасырларда Еуразия даласын мекен етіп, ат үс­тінде ұршықша үйірілген көшпелі қыпшақтардан қалған мұра. Осы арқылы ол заманда қыпшақтар темір сауыт киініп, тіпті бет әлпетіне дейін жасырған нағыз сайыпқыран жауынгер екенін  аңғарамыз. 

Темір сауыттың негізгі бөлігі бүтін сақталған, жалпы сипаты біртекті, салмағы да ауыр емес, атүсті сарбаздың қимыл-қозғалысына өте ыңғайлы. Қарсылас жақтың садақ оқтары және қылыш-қанжарынан қорғануға қолайлы.

Қыпшақ қорғанынан сауыт һәм дулығамен бірге бетперде табылған. Бұл бұйым сарбаздың жүзін жасырып, жаудың соқысынан қорғаумен қатар, қарсыласына қорқыныш тудыратын сұсты сипаты болған. Осы дүние ортағасырлық қыпшақ қауымында қару жасау өнері қан­шалықты жетілгенін әйгілейтін заттық артефакті екені анық. Сол дәуірде жазылған еуропалық жылнамалар «дала сарбаздары қыпшақтар атүсті садақ атуда аса шебер, өте мерген болды» деп бағалайды.

Сауытпен бірге жылқы жаб­дықтары, айбалта, қылыш, садақ оқтары, т.б. көмілген екен. Осы­ған қарап-ақ майдан даласында қаза бол­ған қыпшақ сарбаз-сардар­ла­рының жерлеу мәдениетін танимыз.