
Гете адамның тосқауылдарды бұзып, оны жеңе білетін қабілетіне сенді. Оның өмірі де үнемі еңбек пен адамдық идеалды қалыптаудың үлгісі болды. Алыптың ойынша, шығармашылық деген, өмірдің мәнін түсінуге тырысып, оның терең қарама-қайшылықтарын ашу еді. Сондықтан да, «поэзияның міндеті ұлы ақиқатқа жетіп, оны көркем бейнелей білу» деді. Ал бірде бүгінгі күннің өзін жетілдіруге таптырмас мүмкіндік екенін айта келіп, «тағдыр маған қандай сәтсіздік сыйласа да, қайбір ұсақ жағымсыздыққа бола өзімді азаптағым келмейді, керісінше, қазіргіден гөрі жақсы болуға күш салып, өзімді жетілдіре түсемін», дейді ол.
Психологтер өзіне сеніп, қарекет еткен жан ғана әлемді аша алатынын, кешенің қақпанынан босанатынын баян етеді. Ал өткен қайғы мен құса – адам рухына оңды бағдар. Неміс ақыны Гелдерлинг «Егер мен бақытсыздығыма қарай жақындасам, дами түсемін» деп тегін айтпаса керек. «Қандай да бір мұң мен қиындықтан өту рухты шыңдай түседі. Сондықтан кемел болу үшін азапты жолдарды еңсеру де маңызды», дейді жантанушылар. Өйткені қозғалған жан қалайда қателікке бармақ, теріс жолға да түспек. Аристотель: «Сыннан қашудың бір ғана жолы бар: ештеңе айтпаңыз, ештеңе істемеңіз, ешкім болып қалыңыз», деген-тін.
«Өкінбе, өкпелеме бүгініңе,
Өмір, өмір, болмайды түңілуге,
Мәңгі саған жазбаған сүрінуге,
Қақың бар қайта тұрып, жүгіруге!» депті Мұқағали.
Кешенің даналығы бүгінге жетеді, бүгінгі қарекет болашақты қалайды. Қалай десек те, еңбек пен ақылдың алмайтын қамалы жоқ.