
Суреттерді түсірген – автор
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кейінгі үш жылда фермерлерге 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріліп келеді. Алғашқы екі жылда 100 млрд теңгеден бөлінсе, биыл бұл бағытқа 400 млрд теңге қарастырылған. Қолдаудың арқасында жаңадан тауарлы сүт фермаларын ашқан павлодарлық кәсіпкерлердің тасы өрге домалай бастады. Заманға сай салынған сиыр қоралары, шеңберлі сауу орындары, жемшөп әзірлейтін арнайы қоймалар, мал тезегін өңдеп, егістікке тыңайтқыш ретінде пайдалану жобалары фермаларды табысты шаруашылыққа айналдырды. Кейбірі бүгінде шетелден әкелінген асыл тұқымды мал басын көбейтіп, сыртқа сата бастаған.
Жеңілдетілген бағдарламаның шарапатын сезінген «Agro Trade-PV» және «Кронос Павлодар» серіктестіктерінің тыныс-тіршілігімен таныстық. «Agro Trade-PV» ЖШС құрылтайшысы әрі директоры Қуаныш Темірғалиннің тауарлы сүт фермасы заманға сай әрі инфрақұрылымы оңтайлы орналасқан шаруашылық екені байқалады. Тап-тұйнақтай фермадан 3 ауылдың 70-тен астам адамы жұмыс тауып отыр. Ферма небәрі 6 айда (2022 жылы) салынған. Сүтті сиырлардың голштин тұқымын таңдап, алғашқы партиясын сол жылдың күзінде жеткізген.
– 1 200-дей сиыр ұсталады. Күніне 40 тоннадан астам сүт сауылып, облыс орталығындағы «Сүт» АҚ-на тапсырамыз. Сиырлар 305 күндей үзбей сауылып, одан соң 60 күн тыңаяды. Бұл уақытта бұзаулап үлгереді. Асыл тұқымды сиырлар әрі кетсе 5 жыл, орташа 3 жыл ғана өнімді сүт береді, одан әрі сүтінің қасиеті төмендеп, сұйылады. Сондықтан селекция жұмыстарымен үзбей айналысып, асыл тұқымды малдың ұрпақ жалғастыруын ұйымдастырамыз. Жас төлдерді өзге шаруашылықтарға сатамыз. Мемлекет 2,5%-бен берген 257 млн теңгеге 200-ден аса сиыр сатып алдық. Жемшөп қорымыз, егіс танаптары, 10 мың тонналық көкөніс сақтау қоймамыз бар. Көпжылдық шөп, жүгері, картоп, тағы басқа дақылдарды егеміз. Малдың тезегі автоматты түрде сепарациялық орынға түседі, ол жерде сұйық түрі жиналып, 180-200 күндей тұрады. Бұл уақытта ол азотқа айналып, кейін тыңайтқыш ретінде егістікке жіберіледі. Осылайша, қалдықты өңдеумен де айналысып отырмыз, – дейді ферма басшысы.
Фермадағы шеңберлі сауу жүйесінде сиырлар күніне 3 мәрте сауылады. Сүттің майлылығы – 4,5%. Мұндай сапасы жоғары шикізатты зауыттар бірден қабылдауға бейім. Ал Ақсудың Алғабас округінде орналасқан «Кронос Павлодар» ЖШС – өңірдегі сүт зауыты кластерінің бір бөлшегі. Жергілікті кәсіпкер жемшөп базасын дайындаудан бастап, дайын сүт өнімдеріне дейінгі үдерісті толық қамтамасыз етеді. Тауарлы сүт фермасы жаңадан ашылған. 1 950 басқа арналған фермада әзірше 840 сиыр бар. Күніне 25 тонна сүт сауылып, бірден зауытқа жіберіледі. Шикізат сол күні-ақ цехтарда өңделіп, түрлі сүт өнімі 24 сағатта жергілікті дүкен сөрелеріне жеткізіледі.
Кәсіпорын мемлекеттің 5 млрд теңге қолдауына ие болған. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 14 млрд теңге. Мұнда жас төлдерге арналған орындар, сиыр қоралары, шеңберлі сауу орны жаңа технология бойынша тұрғызылған.
– Голштин тұқымды сиырларды ұстаймыз. Қызметкерлер саны – 100 адам, орташа еңбекақы – 350-400 мың теңге. Толық қуаттылыққа шыққанда 150 адамды еңбекпен қамтимыз деген жоспар бар. Білікті мамандарымыз үшін Қанаш Қамзин ауылында коттедж типіндегі 10 үй тұрғызып бердік, кей отбасылар сонда тұрып жатыр. Заманға сай ферма болмаған уақытта зауытымызға үнемі шикізат жетпей жататын. Шикізат көбейгелі өнімдерімізді терең өңдеуге, ассортиментін кеңейтіп, өзге өңірлерге экспортқа шығаруға мүмкіндік алып отырмыз. Мың гектардай жеріміз бар, жүгері, жоңышқа, тағы басқа дақылдар егіп, жемшөп қорын өзіміз қамтамасыз етеміз. Құрамажем зауыты да жұмыс істейді, – деп атап өтті компания басшысының көмекшісі Виталий Михайлов.
Ферма басқарушысы Наталья Чимоченконың айтуынша, сиырлардың гендік қорында сүттілік қасиет түптегінен қалыптасқан. «Жануарлар күйзелістен қорқады, оларға қора ішінде үнемі жайлы микроклимат қажет. Қоралардың төбесінде орналасқан алып желдеткіштер үнемі қосулы. Қызметкерлер сиырлардың жай-күйін бақылап, жеке құжатын жүргізеді», дейді.
Сүтті мал шаруашылығы Павлодар облысының 7 ауданында дамыған (Ақсу қаласының ауылдық аймағы, Павлодар, Ақтоғай, Тереңкөл, Железин, Успен, Шарбақты аудандары). Өңірдегі 17 тауарлы сүт фермасында 20 мыңнан астам сиыр ұсталады. Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсариновтің сөзінше, кейінгі жылдары жалпы қара мал саны 32%-ға көбейіп, 594 мыңға жеткен. Оның 67,8%-ы сүт бағытына негізделген. Мамыр айындағы деректер бойынша, сүт өндірісі 71,7 мың тоннаны құраса, оның 51,9 мың тоннасын ұйымдасқан шаруашылықтар беріп отырған көрінеді. Бір сиыр жылына орта есеппен 6 530 кило сүт береді.
– Кейінгі уақытта өңірдегі сүт өндірісі 31,5 мың тоннаға өсті. Зауыттарға тапсырылатын сүттің 72%-ын тауарлы сүт фермалары қамтамасыз етеді. Толық қуатына шыққан фермалар әр сатып алған асыл тұқымды мал үшін мемлекеттен 400 мың теңге, тапсырған сүттің әр литрі үшін 45 теңге субсидия алып отыр. Тек былтыр 3,2 млрд теңгенің демеу қаржысын иеленді, – дейді басқарма өкілі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі микрокредиттің берілуін мониторингілеу басқармасының басшысы Әли Әкімжановтың сөзінше, 65 ферманың барлығы іске қосылғанда 373 мың тонна сүт бере бастайды. Бұл жұмыс істеп тұрған сүт зауыттарының қуаттылығын ұлғайтып, әлеуметтік және экономикалық тиімділікті арттырады.
Павлодар облысы