
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жаңылтпаш жаттаған жөн
Кейінгі кезде «Балам екіге келсе де, әлі тілі шықпады», «Сөйлесе де, кей дыбыстарды дұрыс айта алмайды» деген ата-аналардың шағымын жиі еститін болдық. Бұрын бұл сирек кездесетін жағдай болса, бүгінде қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай. Ойын баласының гаджетке тәуелді болуы, жұмысбасты ата-ананың өз перзентімен сөйлесуге, бірге тақпақ жаттауға уақыт бөле алмауы – бұған әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі.
12 жылдық тәжірибесі бар логопед-дефектолог Майра Болатбекқызының айтуынша, тақпақ жаттату – жай ғана ойын немесе балабақшадағы формалды әрекет емес, нақты нәтиже беретін әдіс.
«Қазіргі буынның ойын анық жеткізе алмауы, есте сақтау қабілетінің төмендігі біраз алаңдатады. Сөйлей алатын баланың өзі көбіне З мен С-ны, Ш мен С-ны шатастырады. Осындай сәтте біз тақпақ пен жаңылтпашты негізгі құрал ретінде қолданамыз. Біріншіден, тақпақ – баланың миын, тілін, ойлау қабілетін бір мезетте дамытатын тиімді жаттығу. Мысалы, «Алма кетті домалап» деген қарапайым тақпақты бірнеше рет қайталау арқылы біз Л дыбысына машықтандырамыз. Бұл жаттығу бір сабақта 20-30 рет қайталануы мүмкін. Осылайша, бала тек дыбысты емес, есте сақтауын, зейінін, тыңдау қабілетін, сөздік қорын да қатар дамытады. Екіншіден, жаңылтпаш жаттау да ерекше тәсіл. Оның артикуляциялық пайдасынан бөлек, баланың мінезіне де әсер ететінін байқадық. Қалай дейсіз ғой? Мысалы, бала жаңылтпаш жаттағанда бір сөзден шатасса, оны мінсіз айтқанша қайталай береді. Мінекей, осы «жаңылтпашты жаңылмай, мағынасын жоғалтпай, жылдам айтып шығу керек» деген түсінік баланың бойындағы табандылық пен шыдамдылықты дамытады», дейді М.Болатбекқызы.
Маманның айтуынша, тақпақ айту – балдырғанның тіліне ғана емес, көпшілік алдында сенімді сөйлеуіне де пайдалы. Бұл баланы өзін еркін ұстауға үйретеді. Кейбір тақпақтарда астарлы мағына, қызықты оқиға желісі болатындықтан, мұндай мазмұндар балалардың логикалық ойлау қабілетін шыңдай түседі. Сондықтан бөбектермен сөйлесуді, бірге тақпақ жаттауды ешқашан кешіктірмей, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру қажет.
Тақпақтар талғаммен таңдалса...
Кейде балабақшадағы бөбектердің айтқан өлеңін естігенде бір күліп, бір күрсінесің. Өйткені баланың жан дүниесіне сай жазылуға тиіс өлеңдер кейде ересектердің өзіне түсініксіз. Әрине, әдебиетімізде балаларға арналған өміршең өлеңдер өте көп. Өтебай Тұрманжановтың «Нан қиқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар…» деп басталатын немесе Әнуарбек Дүйсенбиевтің «Апаң сенің базардан» деген сияқты өлеңдері әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Бірақ көзіне төрт қатар көрінсе болды, интернеттегі дайын дүниені алып, балаларға тақпақ қылып тарата салатын тәрбиешілердің көбейгені жасырын емес.
Балалар ақыны, түрлі ұйқасты тақпақтар мен тілі жеңіл өлеңдердің авторы Олжас Қасымның айтуынша, балабақшада балдырғандарға жаттатылатын өлеңдер көп жағдайда талғаммен таңдалмайды. Ондағы бөбектер «Наурызда бәріміз, әткеншек тебеміз, жасымыз, кәріміз, көп көже ішеміз», деген сияқты интернетте жарияланған жеңіл-желпі, олпы-солпы тақпақтарды жаттап жүр. Себебі балабақша тәрбиешілерінің қолында жүйеленген, дайын көмекші құрал жоқ. Сайттар мен әлеуметтік желіні кезіп жүрген кез келген өлеңді балаға ұсынып, жаттатады.
«Бірде үлкенім ертеңгілікке қатыспақ болды. «Алғыс айту» күніне байланысты апайы тақпақ беріпті. Жаттайын десе, әлгі өлеңнің жолдары бір-бірімен ұйқаспайды. Баланың тіліне де ауыр. Сондықтан жаттай алмай әлек болды. Сосын өзім «Алғыс айтамын» деген өлең жазып бердім. Оны балам дереу жаттап алды. Содан бастап балалар әдебиетіне қалам тарта бастадым. Өлеңдерім кішкентай оқырмандардың қазіргі өміріне сай келгенін қалаймын. Бүгінгі баланың танымы мүлдем бөлек қой. Бұрынғыдай шана туралы немесе «Мен ақылды боламын» деген мәндегі өлеңдер өтпейді оларға. Сондықтан көшеге шыққанда, ойын алаңында жүргенде түрлі жастағы баланы бақылап, қылығын «аңдимын». Өйткені балалардың арасындағы өмірді көріп, түйсініп жазғанға ештеңе жетпейді», дейді Олжас Қасым.
Оның айтуынша, қазіргі балалар кез келген өнімді визуалды түрде қабылдауға бейім. Сондықтан кітаптың иллюстрациясына, YouTube платформасындағы жобаларға баса мән берген жөн.
«Қазір балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген авторларымыз аз емес. Кейінгі кезде осы қатарды толықтыратын ақын-жазушылар әлдеқайда артты. Десек те, олардың көбі кітаптарын шығару жағынан қиындықтарға тап болып жүр. Мәселен, баспалар балалар тақырыбына қалам тербейтін авторға өте аз мөлшерде қаламақы төлейді. Егер аты-жөні аса таныс еместері болса тіпті де шығара алмайды. Берілген қаламақы өзінің кітабын сатып алудан әрі аспайды. Екінші мәселе, иллюстраторлар мен авторлар арасында байланыс жоғын байқап жүрміз. Иллюстраторлардың жұмысы арзанға түспейді. Мысалы, кітаптың бір бетіне салынатын суретке қылқалам шеберлері кемінде 20 мың теңге алады. Ал сапасын арттырамын деген қаламгер кітабының бір бетіне 40-50 мың теңгеден төлеуге мәжбүр. Бұл жағдаят жазушылардың аяғына тұсау болып отырғаны жасырын емес. Кейінгі кезде қазақтілді YouTube арналарға мемлекеттік тапсырыс беріле бастады. Осы мүмкіндікті пайдаланып балалар контентін дамытып жатқан авторларға арнайы тапсырыс беру жағын ойластырсақ. Сонда кішкентай көрермендерді сапалы, танымдық өнімдермен қамту аясы ұлғаяр еді», дейді ол.
Әрбір ана – логопед
Жаңа ұрпақтың сана-сезімін, болмыс-бітімін қалыптап жатқан алақандай смартфондағы ұшы-қиыры жоқ онлайн ресурстар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Digital дәуірде дүниеге келген ұрпақ үшін технология атаулы еш таңсық емес. Сол себепті балаларға арналған цифрлық қосымшалар мен білім жобаларының маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Осыны ескерген Әйгерім Исатаева мен Әлия Сәрсенова біраз жыл бұрын балаларына арнап «Qonzhyq» атты мобильді қосымша жасап шығарған еді. Платформада 1 200-ден астам ертегі, тақпақтың түр түрі, заманауи жəне халық əндері, бесік жырлары, сонымен қатар Абайдың қара сөздерінің жеңілдетілген нұсқасы да қоса жүктелген. Ойын форматындағы оқу бөлімі де бар.
«Біздің кезде ертегіні, өлең-жырды кітаптан оқитын еді. Ал қазіргі балалар кітапханаға бара қоймайды. Сол себепті жаңа заманға сай, мобильді қосымша жасауды жөн көрдік. Ерекшелігі – пайдаланушыға ыңғайлы әрі қолжетімді. Ата-ана «Google» мен «YouTube-ті» шарлап, қажет дүниені іздеп отырмайды. Қазір бұл стартап 150 мыңнан астам қолданушының сүйікті платформасына айналды», дейді жоба авторлары.
Үшемің анасы Құндыз Оралжанның айтуынша, «Әрбір ана – логопед». Өйткені тілі шықпаған баланың тілін түсінетін жалғыз жан – анасы.
«Мен үшемдерім дүниеге келмей жатып-ақ олардың тәрбиесімен саналы түрде айналыса бастадым. Құрсақтағы кездерінен бастап оларға қазақтың халық әндерін, ұлттық әуендерді, түрлі тақпақтар мен өлеңдерді тыңдаттым. Өзіміздің дәстүрлі тәрбие әдістерін қолдануға тырыстым. Соның нәтижесінде балалардың тілі ерте шықты. Жастары бірге толмай жатып-ақ біраз сөздерді анық айтатын. Бір жарым жастарында түрлі ұғымдарды түсініп, еркін сөйлей бастады. Қызығы сол, олар екі жасқа жетпей тақпақтарды жатқа оқып, толық сөйлем құрай алатын болды. Көзім жеткені, балаға өнеге үйретудің ең тиімді жолы – өлең жаттату. Сондықтан тақпақ – жай ырғақ емес, тұтас таным құралы», дейді үшемнің анасы.