Аймақтар • 28 Мамыр, 2025

Жұртты алаңдатқан жапырақ жемірі

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңіріндегі бірнеше елді мекенді рапс жапырақ жемірі жайлап, өсімдік жапырақтарын кеміріп, орасан зор зиян келтіріп жатыр. Тұрғындар бұған қоса үйлерінде бүйілердің қаптап бара жатқанына алаңдаулы.

Жұртты алаңдатқан жапырақ жемірі

Майқайың кентінің тұрғыны Махаббат Әбсаттарованың айтуынша, қызыл-қоңыр түстес қоңыздар кейінгі күндері жер үйлердің маңайына толып кеткен.

– Үйлеріміздің маңайында қоңыздан аяқ алып жүретін жер жоқ. Қоңыздар жер астынан шықты ма, білмейміз, әйтеуір кен жыныстары үйілген жақтан топ-тобымен үздіксіз келіп жатыр. Бау-бақшаларды, жасыл шөпті жерлерді былай қойып, үй қабырғаларына өрмелеп, тіпті кейбір үйдің ішіне кіріп жатқаны байқалады. Бұған қоса үлкен бүйілер пайда болды. Бала­ларымыз төсекке жатудан қор­қады, – дейді тұрғын.

Көпшіліктің айтуынша, қоңыздарға үй жағдайындағы химиялық заттар ешқандай әсер етпейтін көрінеді. Кейбіреулер сірке суын құйып, сарымсақ суы­мен де өңдеп көріпті. Одан еш нәтиже шықпаған соң жергілікті әкімдікке хабарласып, көмектесуді өтінген.

а

Кент әкімі Ербатыр Молдатаев аталған жайт жөнінде фитосанитария органдарына хат жазылғанын жеткізді. Енді жауабын күтіп отыр. Айтуынша, қоңыздар мен бүйілердің қаптауы әзірше жер үйлер орналасқан «Шанхай» шағын ауданында ғана байқалып отыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе жәндіктер кенттің барлығын жайлауы ғажап емес. Сондықтан фитосанитариялық мекемелер қолұшын береді деген үмітте. Қазіргі уақытта кентте 10 мыңға тарта халық тұрады.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комите­тінің Павлодар облыстық аумақ­­тық инспекциясының басшысы Арман Шүйкеновтің мәлім­­­деуін­ше, бұл қоңыздар «рапс жапы­рақ жемірі» деп аталады. Сыртқы түрі колорадо қоңызына ұқсай­ды.

р

– Рапс жапырақ жемірі орамжапырақ тұқымдасының жабайы өсімдіктерімен, сондай-ақ шалқан, арпа, қырыққабат, шалғаммен қоректенетін зиянкес. Жәндік өсімдіктер карантині шаралары белгіленетін, жүргізілетін карантиндік объектілер мен өзге де түрлерінің тізіміне кірмейді. Соған сәйкес, оны өңдеуге бюджеттен ақша қарастырылмайды. Қазіргі жағдайда жапырақ жемірі Павлодар облысы бойынша Ақсу қаласына қарасты Ақжол ауылында, Баянауылдың Майқайың кентінде, Павлодар ауданының Черноярка ауылында тіркеліп отыр. Бау-бақшасы барларға бұл аса зор қауіп. Елді мекендерде таралса, оған химиялық өң­деу жүргізуге болмайды. Тек қолмен теріп алу, орлар қазу сияқты механикалық жұмыстар жүргізілуге тиіс. Аумақтық инспекция мамандары жеке тұр­ғындарға, бау-бақшалар мен шаруа қожалықтарының иелеріне препараттарды қолдануға қатысты ұсыныстар береді. Әзірге бізге Майқайың кентінен шағым түскен жоқ, – дейді басқарма басшысы.

Мамандардың айтуынша, рапс жапырақ жемірінің көбеюі елімізде былтырдан бері бай­қалған. Бұған ылғалдың мол болуы әсер етуі ықтимал. Жәндіктің адамға еш зияны жоқ.

 

Павлодар облысы