
Фото: ашық дереккөз
«Темір» Тайсон енді өзінің келесі жекпе-жегін Қазақстанда өткізуі мүмкін. Бұл ақпаратты «Алаш прайд» промоушенінің президенті Әлімжан Бектаев таратып отыр.
«Біз үстіміздегі жылдың желтоқсан айында аса ауыр салмақтағы әлемнің абсолютті экс-чемпионы, атағынан ат үркетін Майк Тайсонды біздің елге шақыртып, керемет бір бокс кешін ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Бұйыртса, ол Ресейдің мақтанышы, аралас жекпе-жектің хас шебері Федор Емельяненкомен айқасады» дейді Бектаев мырза.
Егер осы жоспар жүзеге асса, Қазақстанның жанкүйерлері аттары аңызға айналған қос дүлүлдің айқасын тамашалап, осы жекпе-жектен жақсы бір әсер алатыны сөзсіз. Себебі, екеуі де өз дәуірінің теңдессіз тұлғалары. Мәселен, Майк Тайсон 1986 жылдың 22 қарашасында Тревор Бербикті екінші раунда ұрып жығып, әлем чемпионы атанды. Ол кезде Майк 20 жаста еді. Сөйтіп, оның есімі осындай дәрежеге жеткен ең жас кәсіпқой боксшы ретінде тарихта қалды. 1985-1989 жылда аралығында 37 рет рингке шыққан АҚШ-тың арланы барлық бәсекеде басымдық танытты. Тайсон жалпы 59 кездесудің 50-інде жеңіске жетті. 44 қарсыласын нокаутқа жіберді. 7 мәрте ұтылып, тағы екі бәсекенің нәтижесі есепке алынған жоқ.
Федор Емельянконың да атағы алысқа жайылған. Ол жауынгерлік самбодан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, аралас жекпе-жектен «Прайдтың» чемпиондық белбеуінің иегері. 2001-2009 жыл аралығында «Соңғы император» бірде-бір айқаста жеңілген жоқ. Сол сегіз жыл аралығында 27 қарсыласын сұлатып салды. Барлығы 47 кездесу өткізген Емельяненко соның 40-ын өз пайдасына шешті. 31 бәсекеде айқын басымдық танытты. Бұл – өте керемет көрсеткіш!