Экономика • 27 Мамыр, 2025

KEGOC: тұрақты өсу, стратегиялық инвестициялар

80 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес төрағасы Болат Жәмішев, қор өкілдері мен сарапшылар қатысты. Келелі кеңесте жүйелік оператор «KEGOC» акционерлік қоғамы 2024 жылды қорытындылап, жақын және алыс болашақтағы жоспарлары туралы баяндады.

KEGOC: тұрақты өсу, стратегиялық инвестициялар

Көрсеткіштің өсуі, қаржылық тұрақтылық

«Электр желілерін басқару жөнін­дегі компания – «KEGOC» АҚ бас­қарма төрағасы Нәби Айтжанов кеңес мүшелері мен шақырылған сарапшылар алдында сөйлеген сөзінде компания қызметтің барлық негізгі бағыттары бойынша айтарлықтай өсім көрсетіп, алға қарай қарқынды жыл­жып, еліміздің энергетикалық сая­сатының басымдықтарына сай да­мып келе жатқанын атап өтті. Не­гізгі көрсеткіштің өсуі, желілік инфрақұрылымды дамыту, технология­лық жаңару, тұрақтылыққа бағытталған жобалар басты назарда тұр.

KEGOC 287 000 шақырымға жуық жоғары кернеулі электр желілерін, 832 қосал­қы стансаны басқарады. Ком­па­ния­ның бүкіл ел аумағын қамтитын 9 өңірлік филиалы бар. Электр энергия­сы арқылы тасымалдау, тұтыну-өндіру теңгерімін басқару, электр энергиясының теңгерімсіздігін қаржылық реттеу, электр қуатын резервтеу, жүйелік қызметтерді ұйымдастыру, энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету сынды мемлекет, қоғам үшін аса маңызды қызмет түрлерімен тұрақты, жүйелі шұғылданады.

2024 жылы елімізде электр энергия­сын тұтыну 4,3%-ға артты, бұл өзгеріс KEGOC қызметі көлемінің кеңеюіне ықпал етті. Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) арқылы жеткізілген, пайдаланылған электр энергиясының жалпы көлемі 93,9 млрд кВт сағатты құрады – бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық.

Қаржылық қорытынды – тұрақты­лықтың тағы бір дәлелі: компанияның таза пайдасы 59,5 млрд теңгеге жетті (өткен жылғыға қарағанда +37,1%). 2025 жылы бұл көрсеткіш тағы 11%-ға артады деп күтіліп отыр.

 

Сенімділікті қолдау, ұтымды пайдалану

Басты міндет – ҰЭТ-тың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. 2025 жылы ағымдағы өндіріс деңгейін 93,9 млрд теңге деңгейінде ұстап тұру үшін «KEGOC» АҚ еліміздің бірқатар өңірле­рінде тұтынудың өсуі жағдайында, тұты­ну­шыларды электрмен сенімді жаб­дық­тауды қамтамасыз етуге қатысты шығары­­­­латын өнім көлемін арттыру мақ­сатында қуатты автотрансформаторлар­ды ауыстыру шараларына 22,8 млрд теңге бөледі.

Жетіқара, Нұра, Сарыөзек, Састөбе негізгі қосалқы стансаларында қуаттылық 860 МВА-ға артады. 2029 жылдың соңына дейін 18 нысандағы автотрансформаторларды ауыстыру, жаңғырту жұмысы қуаттылықты 1 837 МВА арттырады.

Орта және ұзақ мерзімді келешекте «KEGOC» АҚ іске асырылған бас­тамалардың тиімділігін біріктіруге және энергия жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

 

Серпінді жобалар

  • Оңтүстік аймақ желісін күшейту: ұзындығы 475 шақырым болатын 500 кВ электр желісін салу «Солтүстік–Оңтүстік» транзитінің өткізу қабілетін 440 МВт-қа арттырады. Жобаны іске асыру мерзімі – 2027 жылдың ортасына дейін.
  • Батыс Қазақстанның энергия жүйесін БЭЖ-бен біріктіру: 500 кВ (604 км) желі мен қосалқы станса салу батыс өңірін қамтамасыз ету сенімділігін арттырып, елімізді энергетикалық тұйықтауға негіз болады. Жобаның аяқталу мерзімі – 2027 жылдың соңы.
  • «Солтүстік–Оңтүстік» тұрақты ток желісі: HVDC технологиясы болашақ генерацияны ескере отырып, 2000 МВт-қа дейінгі электр қуатын жеткізуді қамта­масыз етеді. Аяқталу мерзімі – 2029 жыл.
  • Астанадағы 500 кВ цифрлық қосалқы станса: елорданы электрмен қамтамасыз етудің екінші сыртқы көзі жабдықтаудың сенімділігін арттырады, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) интеграциялауға мүмкіндік береді. Іске асыру мерзімі – 2028 жылға дейін.
  • «Батыс–Оңтүстік» жобасы: тұрақты ток желісі елдің энергия жүйесінің барлық аймақтарын тұйықтай отырып, батыс пен оңтүстік өңірлерді байланыс­тырады.

 

ҰЭТ-ты дамытуға басымдық

KEGOC әлеуметтік тұрақтылық бойынша өз позицияларын сақтап, қор тобы компанияларының арасында алғашқы үштікте тұр. S&P халықаралық агенттігінің ESG рейтингі – 55 балл, әрі бұл көрсеткіш өсіп келеді. Компания жасанды интеллект пен автоматтандыруды белсенді енгізіп жатыр – ішкі үдерістердің 49%-ы цифрландырылған. Алдағы мақсат – 2032 жылы бұл көрсет­кішті 90%-ға жеткізу.

«Артып келе жатқан энергия тұ­тыну деңгейі мен әсіресе, жаңарты­ла­тын генерацияның қарқынды дамуы жағ­дайында, желінің сенімділігі мен техно­логиялық дайындығы басты орынға шығады. KEGOC осы трансформацияның ортасында тұр, елдің болашақ энергия жүйесінің негізін қалап жатыр», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Елжас Отыншиев.

Кеңес барысында оның мүшелері мен сарапшылар «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Н.Айтжановқа бірқатар сұрақ қойды. Жалпы, компания жұмысына оң баға берілді. Қатысушылар компания жобаларының ел энергетикасын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, өз тараптарынан ұсыныстар жасады. Оның ішінде, өңірлермен өзара іс-қимылды күшейту, кадр әлеуетін дамыту, цифрлық шешімдерді кеңейту қажеттігі жөнінде айтылды. KEGOC өкілдері айтылған ұсыныстарды алдағы жұмыста ескеруге дайын екендіктерін білдірді.

Айта кету керек, KEGOC құрамды дамыту, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау бағытында да көп жұмыс атқарып келеді. Мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламалары, жаңа жабдықтармен жұмыс істеуге үйрету, кәсіби шеберлік конкурстары, спортпен айналысуға жағдай туғызу, жақсы әлеуметтік пакет, қызметкерлердің отбасыларына қамқорлық жасау, ардагерлер мен зейнеткерлерге құрмет, қолдау көрсету – әлеуметтік бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Бұл тараптағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады.

Қорыта айтқанда, еліміздің энергети­ка­лық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін страте­гиялық маңызды кәсіпорын – KEGOC компаниясының жарқын бола­шақ­та да заманауи техникалық, экономи­калық, экологиялық сын-қатерлерге төтеп бере отырып, барлық озық үлгілі стан­дарттарға сай, сенімді жұмыс істей береді деуге толық негіз бар.