Байзақ ауданында өткен іс-шарада ұлттық спорт түрлері мен салт-дәстүр дәріптеліп, кітапханалар мен музейлердің көрмесі, театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімі мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген 4 мыңға жуық азаматтың ұлт руханиятының дамуына қосқан үлесін атап өтіп, оларға шынайы ризашылығын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мәдениет пен өнердің ағартушылық әлеуеті орасан зор. Бұл сала ұлт санасын жаңғыртуға ерекше ықпал етеді.
Бүгінгі таңда еліміздің мәдени өміріне серпін беретін маңызды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Өңірде де ұлттық рухты жаңғыртуға, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге бағыттылған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.
2024 жылы 8 мәдениет нысаны ел игілігіне берілді. Осы жылы 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде.
Бұл – мәдениетімізді дамытуға, елді мекендерде өнер мен руханиятты қолжетімді етуге бағытталған нақты қадам. Әрбір нысан – тұрғындардың шығармашылық әлеуетін арттырып, аймақтың мәдени келбетін айшықтай түсетіні сөзсіз, – деді облыс әкімі.
Салтанатты іс-шара барысында мәдениет және өнер саласының бірқатар қызметкері сала дамуына қосқан елеулі үлесі үшін марапатталып, қаржылай сертификатқа ие болды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес А. Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі Майра Әлімбетова «Құрмет» орденімен наградталды. Кәсіби әнші Қаһарман Ілиясқа ҚР Президентінің Алғыс хаты мен «Алтын Барыс» белгісі тапсырылды.