
Фото: ашық дереккөз
Күн желі сағатына 700 мың шақырыммен жерге жақындап келеді. Мамандардың айтуынша, күнделікті 400 км/с жылдамдықпен соғатын күн бөлшектері алдағы күндері 600–700 км/с-қа дейін үдеуі мүмкін. Бұл – айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Мұның себебі – Күндегі корональды тесіктердің белсенділігінде. Яғни, Күннің белгілі бір бөліктерінен зарядталған бөлшектер жаппай ұшып шығып, ғарышқа таралды. Дәл сол ағындардың бір бөлігі Жерге жетіп, ғаламшарымыздың магнит өрісіне әсер етуі мүмкін.
Сол себепті сәрсенбі, бейсенбі және жұма күндері магниттік дауыл болуы ықтимал. Қазіргі деректерге сәйкес, дауылдың деңгейі 5 балдық шкала бойынша 1–2 балл аралығында болады. Бұл – орташа деңгейдегі құбылыс. Алайда метеосезімтал адамдар мен жүрек-қан тамырлары жүйесі әлсіз жандар үшін мұндай күндер оңайға соқпауы мүмкін. Дәрігерлер бұл кезде физикалық белсенділікті шектеуге, тынығу режимін сақтауға және таза ауада көбірек серуендеуге кеңес береді.
Ғалымдар Күннің жоғары белсенділігін растауда. Мамырдың 24–25 күндері күн бетінде 23 жарылыс тіркелген. Оның ішінде біреуі – аса қуатты Х класты жарылыс. Бұл – жарылыс қуатының ең жоғарғы деңгейі. Дегенмен, әзірге бұл жарылыстар Жерге тікелей әсер ете қойған жоқ. Алайда мұндай белсенділік жалғаса берсе, геомагниттік өрістің тұрақсыздығы да күшеюі мүмкін.
Күн белсенділігіне байланысты тағы бір қызықты жайт – полярлық шұғыла. Зарядталған бөлшектер атмосферамен әрекеттескенде, әдетте тек солтүстік полюстерде байқалатын бұл табиғи құбылыс енді орта ендіктерде де көрінуі мүмкін. Қазақстанның солтүстік өңірлері үшін бұл – сирек кездесетін, бірақ көз тартарлық көрініс болары анық.
Жалпы алғанда, Күн циклінің белсенділігі біртіндеп төмендеп келеді. Ғалымдар 2025 жылы екінші шарықтау шегі болады деп күткен еді, алайда әзірге ондай нышан байқала қойған жоқ. Бұл Күннің құбылмалы табиғатын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Күн белсенділігі – жай астрономиялық дерек емес. Ол біздің көңіл-күйімізге, денсаулығымызға, тіпті еңбек өнімділігімізге де ықпал етуі мүмкін. Мұндай күндері ағзаға көбірек көңіл бөліп, күйзеліске ерік бермеу маңызды.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті