Несие • 26 Мамыр, 2025

Қазақстанда автонесиелерге сұраныс артты

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылдың алғашқы тоқсанында автонесиелер мен кепілді тұтынушылық несиелерге қызығушылық едәуір артты. Алайда, бұл саладағы мақұлдау деңгейі төмендеген. Ал ипотека мен кепілсіз тұтынушылық несиелерге сұраныс, керісінше, бәсеңдей бастаған. Мұндай деректерді Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге жүргізген сауалнама негізінде ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда автонесиелерге сұраныс артты

Фото: ашық дереккөз

Автонесиелерге деген сұраныстың өсуі автосалондармен бірлескен серіктестік бағдарламалармен байланысты. Бұл бағдарламалар аясында автонесиелер жартылай субсидияланып келеді. Соның нәтижесінде, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында автонесиелеуге берілген өтінімдер саны бір жыл ішінде 13%-ға өсіп, 1,4 миллионға жетті. Орташа несие сомасы да 11%-ға артып, 7,9 миллион теңгені құрады.

Кепілмен берілетін тұтынушылық несиелерге де қызығушылық жоғарылаған. Бұл – банктердің сыйақы мөлшерлемелерін төмендетуі, кейбір комиссияларды алып тастауы және жарнамалық белсенділіктің артуымен байланысты. Бұл бағытта өтінімдер саны 25%-ға артып, 50,9 мыңға, ал орташа несие сомасы 9%-ға өсіп, 12,8 миллион теңгеге жетті.

Ал ипотекалық және кепілсіз тұтынушылық несиелерге сұраныс төмендеп отыр. Ипотекаға деген қызығушылықтың азаюы мемлекеттік тұрғын үй жинағына берілетін сыйақының кешіктірілуіне байланысты. Осы себеппен көп адам өтінім беруді тоқсан соңына қалдырған. Бұл сегментте өтінімдер саны 6%-ға өсіп, 241 мыңға жеткенімен, орташа несие сомасы 7%-ға төмендеп, 16,6 миллион теңгені құрады.

Кепілсіз тұтынушылық несиелерге қызығушылықтың азаюына банктердің тауарлық несиелеуді уақытша тоқтатуы мен жарнамадан бас тартуы әсер етті. Өтінімдер саны 10%-ға азайып, 18,1 миллионды құраса, орташа несие сомасы 13%-ға артып, 1 миллион теңгеге жетті.

Ұлттық банк деректеріне сүйенсек:

· Автонесиелерді мақұлдау деңгейі – 16% (2 пайыздық тармаққа төмендеді);

· Ипотека бойынша мақұлдау – 24% (7 пайыздық тармаққа төмендеді);

· Кепілсіз несиелер мақұлдануы – 31% (өсім бар);

· Кепілді несиелер мақұлдануы – 36% (өзіне тән деңгейде қалды).

Банк секторындағы болжамдар бойынша, автонесиелерге сұраныс алдағы тоқсанда да артады. Ипотека біртіндеп жандануы мүмкін, ал кепілсіз несиелер аздап төмендеуі ықтимал.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ 2 курс студенті