Туризм • 24 Мамыр, 2025

Алматы Орталық Азиядағы ең ірі туристік аймаққа айналады

70 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары кезінде қаланың тау кластері аумағын тікұшақпен шолып, өңірдің туристік әлеуетін бағамдады. Артынша сала мамандары, мемлекеттік органдар мен ұйым басшылары, сондай-ақ отандық әрі шетелдік сарапшылардың қатысуымен тау туризмін дамытуға арналған кеңес өткізіп, маңызды бастамаларды талқылады.

Алматы Орталық Азиядағы ең ірі туристік аймаққа айналады

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ҰБХ» басқарма төр­­ағасы Рустам Қарағойшин, тау шаң­ғысы индустриясының әлемдік жетек­ші компанияларының өкілдері: «Horwath HTL» (АҚШ) серіктесі Синиша Топалович, «Stem International» (Франция) бас директоры Винсент Тассар, «PGI management» (Андорра) пре­­зи­­­­денті Жоан Виладомат тау ту­ризмін дамыту жоспарларын таныстырды.

Алматы тау кластерін кешенді дамыту мақсатында кешенді жоспар әзірленді, оған сәйкес Түргеннен Қаскелеңге дейінгі келешегі зор 3 басым аймақ – шығыс, орталық және батыс аймақтары айқындалды. Онда әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым мен халыққа қолжетімді 300-ден 700 шақырымға дейінгі тау шаңғысы трассаларын салу көзделген. Бір ғана орталық аймақта көтергіштер санын 16-дан 58-ге дейін көбейту жоспарланып отыр. Мұндай шаралар нәтижесінде өткізу қабілетін 5,6 есеге – тәулігіне 6 мың адамнан 34 мың адамға дейін арттырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашылмақ. Алматы тау кластері 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы жыл бойы жұмыс істейтін ең ірі туристік жобаға айналады деп жоспарланып отыр.

Америкалық «Horwath HTL» компа­ния­сы­ның серіктесі Синиша Топалович жоспарды жүзеге асыру Алматыны жыл бойына жұмыс істейтін, әлемдегі жетекші курорттармен салыстыруға бола­тын тау туризмі бағытына айнал­дыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Стратегиялық мақсат – табиғат, бос уақыт, спорт пен мәдениетті біріктіретін Almaty Mountains Destination бірегей туристік брендін қалыптастыру. Басым бағыттардың бірі – көрнекті туристік объектілер құру, аспалы жолдар жүйесін, қонақүй және спорт инфрақұрылымын дамыту.

Премьер-министр Шымбұлақ, Ой-Қарағай, Пионер, Қимасар және Бутаковка сияқты орталық аймақты дамыту жоспарларымен танысты. Фран­цуздық «Stem International» компания­сының бас директоры Винсент Тассар қысқы туризммен қатар жазғы инфра­құрылымды дамытуға – вело және жаяу жүргіншілер жолдарын қалыптастыруға, белсенді демалыс орындарын, глампинг, этно-қонақүйлер нысандарын салуға және экологиялық таза көлікті іске қосу­ға баса назар аударылғанын атап өтті. Орнықты даму стандарттарын, оның ішін­де жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды және қоршаған ортаның цифрлық мониторингін енгізу жоспарланып отыр.

«PGI Management» компаниясының президенті Жоан Виладомат жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асатын трассалары бар Құмбел шыңы мен «Көк-Жайлау» шатқалын қамтитын тау шаңғысы курорты «Almaty SuperSki» тұжырымдамасын таныстырды.

«Almaty SuperSki» жобасының жетекшісі Томас Тор Йенсен барлық трассаның жар­тысына жуығы шаңғы тебуді баста­ған жаңадан үйренушілерге арналатынын, бұл жаппай шаңғы мәдениетін қалып­тастыруға жағдай жасайтынын атап өтті.

– Тұрақты даму – біздің компанияның маңызды басымдықтарының бірі. Табиғат пен экологияны сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан қазу жұмыстарын барынша азайтамыз, көтергіштер мен трассалар салу кезінде экожүйені бұзбай, табиғи ландшафтты сақтаймыз. Біз тау шаңғысы курорты баршаға – балаларға, ересектер мен мүгедектігі бар жандарға қолжетімді болуы керек деп есептейміз. Көтергіштер барлық санаттағы адамдар пайдалана алатындай етіп жасалады, – деді Томас Тор Йенсен.

Тұсаукесерден кейін Алматы тау клас­терінің даму перспективалары аясын­да пікір алмасу өтті. Сарапшылар қауы­­мының атынан «Қазақстан Респуб­ли­касының Ұлттық шаңғы қауымдас­тығы» бас хатшысы Асқар Уәлиев, «PANA ASIA» бай­қау кеңесінің төрағасы Нұржан Ния­за­лиев, «ECO Network» негізін қалаушы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің және «ECOJER» қауымдастығының мүшесі Евгений Мұхамеджанов сөз сөйледі.

Асқар Валеев жұмыс істеп тұрған тау шаңғысы курорттарының, атап айтқанда, Шымбұлаққа келушілер санының шамадан тыс артқанын атап өтті, бұл спорт­шы­лардың кәсіби дайындық мүмкіндік­терін шектейді. Халықаралық жарыстарды өткізу, жаттығулар үшін заманауи ин­ф­ра­құрылым құру қажеттігі атап өтілді.

– Көк-Жайлау жобасы ерекше назар аударуға лайық. Ол экологиялық орнықты даму қағидаттарына, табиғи ресурс­тарды сауатты пайдалануға негіз­делген. Бүгінде бүкіл әлем осы бағыт­та жыл­жып келеді. Соңғы талқылау­дан ке­йін «Көк-Жайлау» жобасы тоқтатыл­ды, бірақ соған қарамастан біз бүкіл әлем­де, әсіресе, біздің өңірде үлкен даму­дың жүріп жатқанын білеміз. Шешу­ші қадам жасайтын уақыт жетті. Шым­бұ­лақ пен Ой-Қарағай тау курорт­тарын бірік­тірейік, олардың арасында ор­налас­қан шағын демалыс орындары­ның бар­лығын дамытайық. Біз Алматы тау клас­терін, оның ішінде «Көк-Жайлау» жобасын дамытамыз, – деді Асқар Валиев.

Нұрлан Ниязалиев туристер ағыны­ның артуы экожүйені сақтауға, келуші­лер­дің жайлылығы мен қауіпсіздігін қам­та­масыз етуге, сондай-ақ табиғи аумақ­тарға жүктемені біркелкі бөлуге мүмкін­дік беретін заманауи және ойлас­ты­рыл­ған шешімдерді талап ететінін атап өтті.

Евгений Мұхамеджанов тау клас­теріндегі жо­баларды жүзеге асыру кезін­де эко­логиялық аспектілерді ескеру қажет­­тігіне тоқталды. Барлық үдерістің ашық­т­ығын, табиғатты қорғау норма­лары­­ның сақталуын, жұртшылықпен өзара іс-қи­мылды қамтамасыз ету маңызды.

Жиынды қорытындылай келе, Премьер-министр Алматы тау кластерін дамытуда ұсынылған тәсілдерді де оң атап өтті. Мемлекет құрылыс кезінде, сапа мен бақылауды қамтамасыз ету, оның ішінде экологиялық мәселелер бойынша жауапкершілікті өзіне алады. Инфрақұрылымның инклюзивтілігіне ерекше назар аударылды.

Бүгінде туризм және саяхат секторының әлемдік ІЖӨ-ге қосқан үлесі 10%-дан асады, яғни, 11 трлн доллардан жоғары. Сондай-ақ 300 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, яғни әрбір төртінші жаңа жұмыс орны – осы секторға тиесілі.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізді жаңғырту, оның ішінде экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуел­діліктен арылу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жоғары деңгейде өңделген өнім өндіру бойынша көптеген өнеркәсіп­тік ірі жоба, сондай-ақ ауқымды инфра­құрылымдық жобалар іске асырылу үстінде. Осыған орай, менің ойымша, туризм саласының қарқынды дамуы байқалады. Қазақстан лайықты туристік бағыттардың біріне айналуға мүдделі. Оның үстіне бізде үлкен артықшылық бар – бұл біздің тауларымыз. Әлемдік сарапшылар Алматының таулары әлемдегі ең үздік таулардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан таяу жылдары әлемдік деңгейдегі биік таулы демалыс орнын салу шараларын қолға алуды көздеп отырмыз. Қазір жоспарлар таныс­тырылды. Кешенді жоспарда Алматы тау кластерін шығыстан батысқа қарай Талғардан бастап Қаскелеңге дейін дамыту көзделген. Жалпы, бұл таулардың әлеуеті бізге 700 шақырымға дейін шаңғы трассаларын салуға мүмкіндік береді. Мемлекет инфрақұрылымды: көлік инфрақұрылымын, жолдар, коммуникациялар, тау шаңғысы инфрақұрылымын салу бойынша шығындарды өз мойнына алады. Сонда дайын инфрақұрылымға бизнес пен инвестиция міндетті түрде келеді. Мамандардың айтуынша, тау инфрақұрылымына салынған 1 доллар курорттық инфрақұрылымға 2 доллар жеке инвестиция тартады. Бұл – экономикамызды әртараптандыруға зор мүмкіндік. Аталған жоба Алматы қаласы мен Алматы облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық ландшафтын түбегейлі өзгертеді. Қазірдің өзінде құрылысты жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар істі инфрақұрылымы барынша дамыған Орталық аймақтан бастаған жөн дейді. Орталық аймақ, өз кезегінде, қазір жұмыс істеп тұрған Oi-Qaragai демалыс аймағынан бастап, Пионер, Бутаковка, Қимасар шатқалы, Шымбұлақпен бай­ланыстыруға мүмкіндік береді. Шымбұлақ дамудың екінші кезеңін бастай­ды. Біз бұл жұмысты мұздықтарға жақы­нырақ көтеріліп, батысқа қарай – Құмбел шыңы мен Көк Жайлау шатқа­лы­на дейін жеткіземіз. Бұл – өте ауқымды жоба болмақ,  – деді Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда туризм Алматының жалпы өңірлік өнімінің 3,9%-ын құрайды, 83 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 2024 жылы қала 2,3 млн-нан астам туристі қабылдады, оның 680 мыңнан астамы – шетелдіктер. Туризм секторы экономикасында да тұрақты өсім байқала­ды: туристік қызмет көрсету көлемі 30%-ға, салық түсімдері екі есеге артты. Ауқымды жобаларды жүзеге асыру және заманауи инфрақұрылымды құру қала мен еліміздің өңірдегі жетекші туристік орталық ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.

Алматы тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін туризмнің алғашқы ірі жобасы болмақ. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында тау шаңғысы курорттарын одан әрі дамыту жоспарланып отыр.

Мұнда Медеу ЭКО паркі кешені тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба Алматының халық ең көп келетін көрікті жерлерінің бірін кешенді абаттандыруға бағытталған. Келушілер санының болжамды өсуін ескере отырып, отбасылық және белсенді демалыс үшін толыққанды инфрақұрылымы бар заманауи ландшафттық саябақ құру көзделген.

Сонымен қатар Олжас Бектеновке заманауи туризм инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған жобалар ұсынылды. «Горельник» келушілер орталығы іске қосылды және «Jumbaq Jol» жаяу жүргіншілер жолы ашылды. Өткізу қабілеті бар аспалы көпір салына бастады. Көпірдің жүк көтеру қабілеті 20 тонна, жүргіншілер саны – тәулігіне 10 мың адам. Нысанды осы жылдың шілде айында аяқтау жос­парлануда. Сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірі бар оқушылардың спорт клубы, автобус­тармен тасымалдау кешені, ЕСО Resort және қонақүйлер салынады.