Балалар • Кеше

Балаларға арналған пайдалы стартаптар

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Digital дәуірде дүниеге келген ұрпақ үшін технология атаулы еш таңсық емес. Сол себепті балаларға арналған цифрлық қосымшалар мен білім беру жобаларының маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Оқу жылының аяқталуына орай «Astana Hub» білім саласына заманауи EdTech-шешімдер енгізіп жүрген отандық жобалардың топтамасын ұсынған еді. Бұл стартаптар оқу үдерісін жетілдіріп қана қоймай, оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар мен студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінде олардың кейбірі халықаралық деңгейде мойындалып, білім беру жүйесіне серпін беріп отыр.

Балаларға арналған пайдалы стартаптар

 

CodiPlay: балаларға арналған бағдарламалау әлемі

CodiPlay экожүйесі мектеп оқушыларын ойын және тәжірибе арқылы цифрлық дағдыларға баулиды. Бұл платформа арқылы олар 2021 жылдан бері «ақылды үйлер», дрондар мен IoT құрылғыларын жасап, C++, Scratch және Python тілдерінде бағдарламалау негізін меңгеріп келеді. CodiKit робототехника жинақтары мен мұғалімдерге арналған CodiTeach платформасы да жүйеге енген. Бүгінде жоба Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Сауд Арабиясы мен Қатарда кеңінен қолданылады. 2023 жылы CodiPlay БҰҰ қолдауымен жұмыс істейтін Digital Public Goods Alliance тарапынан цифрлық қоғамдық игілік ретінде танылды.

BeyimTech: жасанды интеллект көмегімен бейімделген білім

Жасанды интеллектке негізделген BeyimTech экожүйесі әр балаға жеке оқу траекториясын ұсыну арқылы білімді дараландыруды мақсат етеді. Алғашында зерттеу жобасы ретінде басталған бастама бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесіп жұмыс істейтін ауқымды шешімге айналды. Стартаптың Beyim.ai және Beyim Synaq өнімдері оқушының қабілетін саралап, мұғаліммен бірлесе отырып бейімделген білім беруге мүмкіндік береді. 2024 жылы команда АҚШ-тағы Hero Training байқауында жеңіске жетіп, Draper University үздік командасы атанды.

Qalan: математика – оңай әрі қызықты

Qalan – математика пәнін меңгеруді жеңіл әрі жүйелі ететін онлайн-платформа. Мұнда 40 000-нан астам түсіндіру материалы, 1 000 видеодәріс, жасанды интеллект пен менторлық қолдау бар. Жүйе қазақ, орыс және өзбек тілдерінде жұмыс істейді. Платформа Қазақстан, Өзбекстан мен Ресейде қолданылып, жасөспірімдердің есте сақтау қабілеті мен логикалық ойлауын дамытуға септігін тигізіп отыр.

Big Dream Lab: виртуалды зертхана – нақты білім

Big Dream Lab компаниясы оқытуды визуалды әрі қауіпсіз ету мақсатында кеңейтілген және виртуалды шындық технологияларын пайдаланады. Олардың Digital Lab платформасы физика, химия, биология пәндері бойынша интерактивті зертханалар ұсынады. Платформа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Сондай-ақ стартап қауіпсіздік бойынша тренажерлер (өрт сөндіру, алғашқы көмек, биікте жұмыс) мен жұмысшы мамандықтарға арналған VR-оқыту құралдарын әзірлейді.

BILIMLAND: цифрлық білімнің көшбасшысы

2011 жылдан бері жұмыс істейтін BILIMLAND экожүйесі – Қазақстандағы ең ірі EdTech жобалардың бірі. Мұнда оқушылар мен мұғалімдерге арналған видеосабақтар, симуляторлар, тренажерлар мен тапсырмалар жинақталған. Контент педагогика мен технологияны біріктіретін кәсіби мамандардың еңбегімен жасалған. Бұл платформа білім беру жүйесінде сапалы әрі қолжетімді цифрлық мазмұн ұсынуға бағытталған.

 Memo Magic: сөздік жаттау – енді ойын түрінде

Cognitio компаниясының өнімi – Memo Magic мобильді қосымшасы – шет тілдерін үйренуге арналған тиімді құрал. Визуалды әдіс пен ойын тәсілін біріктіретін жүйе 14 000-нан астам сөзді қамтиды. Қосымша қазақ, ағылшын, түрік, испан және тағы 11 тілде жұмыс істейді.

Smartestprep: шетелдік білімге жол ашқан құрал

Smartestprep – студенттер мен университеттерді біріктіретін AI негізіндегі платформа. Жоба оқушылар мен кәсіби бағдар берушілерге шетелге түсу процесін оңайлатып береді. Бүгінге дейін 6 500-ден астам студент $140 млн астам стипендия мен грант жеңіп алған. Жүйе эссе жазуға көмек, тест тапсыру, грант іздеу секілді толық құралдарды қамтиды. Стартап Стэнфордтың StartX акселераторынан өткен Қазақстандағы үшінші жоба болып, ASU+GSV Elite 200 тізіміне енді.

Zero Education: мектепті басқарудың жаңа дәуірі

Zero Education – білім беру ұйымдарының басқару жүйесін цифрландыруға бағытталған жоба. Платформасы CRM, LMS, қаржы, HR, келісімшарт, ата-ана мен мұғалім порталы сияқты әкімшілік процестерді біріктіреді. Бұл шешімдер мектеп жұмысын оңтайландырып, сапалы білімге көбірек көңіл бөлуге жағдай жасайды.