Денсаулық • 23 Мамыр, 2025

Кофе сізді оятпайды, керісінше шаршата ма?

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көпшілігіміз таңды бір шыны кофесіз елестете алмаймыз. Кейде тіпті: «Бүгін кофемен ғана тірімін» деп әзілдейтініміз рас. Алайда үнемі шаршап жүрудің себебі сол кофенің өзі болуы мүмкін екенін ойланып көрдіңіз бе?

Кофе сізді оятпайды, керісінше шаршата ма?

Фото: ашық дереккөз

Кофе — табиғи стимулятор. Оның құрамындағы кофеин мидағы аденозин деп аталатын, ұйқыға жауапты молекулаларды уақытша бөгейді. Соның арқасында біз сергек жүреміз. Бірақ бұл — тек уақытша әсер. Аденозин ағзаға жинала берді. Кофеин диуретик ретінде әсер етеді және кейде ішек қызметін жеделдетеді. Ол жүрек соғу жиілігін арттырып, дене температурасын көтеруі мүмкін. Шығару жүйесінің белсенділігінің артуы кей жағдайларда дегидратацияға әкеледі. Егер адам су ішуді ұмытса, кофеин шөлдеу сезімін төмендетіп қана қоймай, организмдегі сұйықтықты тез жұмсайды. Бұл жағдай сусыздану, летаргия мен шаршаудың негізгі себептерінің бірі.Кофеиннің әсері басылған кезде, ол қайта «шабуылдап», сізді бұрынғыдан да қатты шаршатуы мүмкін.

Яғни, кофе шаршауды жоймайды, тек кейінге шегереді. Соның салдарынан кешке қарай әлсіздік басып, күні бойы бір-екі шыны кофе ішсеңіз де, сергек болудың орнына керісінше — мазасызданып, күйзеліске түсіп, ашуланшақ болып кетуіңіз мүмкін.

Кофе неге кей адамдарды шаршатады?

1. Ұйқының орнына кофе ішу
Ұйқыңызды толық қанды ала алмасаңыз, кофе ішіп алғанмен ол сізге демалыс сыйламайды. Ұйқы тапшылығы жинақталып, кофе оны тек жасырады

 2. Кофеге тәуелділік
Ағза күн сайын кофеинге үйреніп кетеді. Оның әсері азая береді. Бұрын бір шыны жеткілікті болса, кейін екі-үш шыныдан да пайда көрмеуіңіз мүмкін. Ал тәуелділік арта түседі.

3. Қант пен сүт қосылған кофе
Қант пен тәтті сүттің әсерінен энергия күрт көтеріледі де, артынан тез төмендейді. Бұл — шаршау мен ашушаңдыққа себеп болады.

4. Кешкі уақытта кофе ішу
Кофеин ағзада 6-8 сағат сақталады. Егер сіз түстен кейін немесе кешке кофе ішсеңіз, ұйқыңыз бұзылады. Ал ұйқы бұзылса — ертеңгі күні де шаршап тұрасыз.

Кофе орнына не істеуге болады?

· Суды көбірек ішіңіз — кейде шаршау тек сусызданудың салдары болуы мүмкін.

· Таза ауада жүріңіз — миға оттегі барған сайын сергек боласыз.

· Аздаған жаттығу жасаңыз — 2 минуттық дене қимылының өзі кофеден артық әсер береді.

· Ұйқы режимін реттеңіз — ең тиімді энергия көзі — сапалы ұйқы.

Кофе — дос па, жау ма? Бұл сұрақтың жауабы сіздің оған қаншалықты тәуелді екеніңізге байланысты. Егер сіз кофені тек ләззат үшін ішсеңіз — бұл бір бөлек. Ал егер кофемен ғана күн көріп жүрген болсаңыз — шаршаудың себебін басқа жақтан іздеу керек.

Мүмкін, сізді кофе емес, дұрыс демалыс пен өмір ырғағын табу ғана оята алады.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ 2 курс студенті