
Сурет: skcn.kz
Ұлттық жобаның шарапатын алғашқылардың бірі болып Байзақ ауданының халқы сезінді. Өткен оқу жылының басында облыс орталығы Тараз қаласымен іргелес жатқан ауданның орталығы Сарыкемер ауылында су жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Осылайша, көптен бері айтылып келген сарыкемерліктердің мәселесі оңынан шешіліп, білім алушылар жаңа білім ордасының табалдырығынан аттады.
Президент тапсырмасына сәйкес бой көтерген жаңа нысан расында да қала мектептерінен бір мысқал кем емес. Жүргізілген құрылыс жұмысының сапасы көңілге қонады. Ресми дерекке жүгінсек, білім ордасы 600 оқушыға шақталып салынған. Мұнда жеткіншектердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Заманауи үлгідегі кабинеттер озық технологияның соңғы үлгісімен жабдықталған.
Нақтырақ айтсақ, жаңа ғимаратта 35 оқу бөлмесі, 2 спорт зал, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана, ұлдар мен қыздарға арналған жеке шеберханалар қарастырылған. Сонымен қатар балаларға оқулықтар мен жеке заттарын сақтауға арналған шкафтар орналастырылыпты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа нысан толыққанды бейнекамерамен қамтылған. Сондай-ақ жеделсаты орнатылған.
Аудан орталығында бой көтерген жаңа нысанды «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның тапсырысы негізінде «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС салған. Серіктестік 600 оқушыға арналған ғимарат құрылысын уақыт талабына сай жүргізгені көзге көрініп тұр.
Облыс орталығы Тараз қаласындағы іргелі шағын аудандардың бірі – «Бәйтерек». Он жылдан астам уақыт бұрын бой көтерген шағын ауданда мыңдаған халық қоныстанған. «Бәйтерек» тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында жергілікті атқарушы билік қолдан келгенше жұмыс атқарып жатыр. Соның бір көрінісі – өткен жылдың екінші жартысында пайдалануға берілген жаңа мектеп.
«Бәйтерек» шағын ауданында бой көтерген №66 мектеп ғимараты заманауи архитектуралық шешіммен салынғанына еш күмән жоқ. Алыстан көзге шоқтай басылатын жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. 1200 оқушыға шақталған білім ордасы жергілікті тұрғындардың көңілінен шықты.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, ғимаратта интерактивті тақтамен қамтылған 59 оқу кабинеті бар. Сондай-ақ білім нысаны асхана, 2 спорт зал, бірнеше зертханалық кабинетпен, жайлы кітапханамен, арнайы шеберханалар және коворкинг орталықпен қамтылған. Бұдан бөлек, қосымша білім беру сабақтарын өткізуге арналған кабинеттер де бар. «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған ғимаратта ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды уақыт талабына сай оқыту мәселесі де назардан тыс қалмаған.
Тараз қаласында жаңадан бой көтерген «Ұлы дала» шағын ауданы еліміздегі ең ірі шағын аудан санатына енген. Он мыңдаған халық шоғырланған шағын ауданға бірнеше білім ордасы керек екені белгілі. Тұрғындардың сұранысын ескерген жергілікті атқарушы билік өткен жылдың аяқ тұсында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында №67 мектепті пайдалануға берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында салынған жаңа нысанда 1200 оқушының білім алуына мүмкіндік бар.
Ресми дерекке зер салсақ, ғимарат озық технологиямен жабдықталған. Мұнда оқушылардың сапалы әрі қауіпсіз білім алуына барлық жағдай жасалған. Білім ордасында интерактивті тақтамен жабдықталған 59 оқу кабинеті, 3 асхана, 2 спорт зал, кітапхана, 3 зертхана, 2 компьютер кабинеті, 3 зертхана және 10 коворкинг орталық бар.
«Ең іргелі шағын аудан саналатын «Ұлы далада» үлкен мектептің салынғаны көңіл қуантады. «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордасының құрылыс жұмысын алғашқы кірпіші қаланған сәттен қалт жібермей қарап отырдым. Сапасы көңілге қонады. Мұнда төрт немерем білім нәрімен сусындап отыр. Заманауи үлгідегі мектептің салынуына мұрындық болған Мемлекет басшысына алғыстан басқа айтарым жоқ», дейді «Ұлы дала» шағын ауданының тұрғыны Алмаш Ауғанбаева.
Жалпы алғанда, «Ұлы дала» шағын ауданындағы игілікті іс мұнымен тоқтаған жоқ. Осы жылдың сәуір айында ұлттық жоба аясында №69 жаңа мектеп білім алушыларға есігін айқара ашты. Ресми дерекке сенсек, қазіргі кезде мұнда 1310 бала білім алып жатыр.
Жаңа үлгіде салынған білім ұясында 97 кабинет бар. Сонымен қатар 3 шеберхана, 4 компьютерлік сынып, 6 зертхана, хореографиялық зал, коворкинг орталықтар, 4 спорт зал бар. Жаңа мектеп жалпы саны 2000 оқушыға арналып салынған екен. Дерекке сенсек, мұнда оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру үшін заманауи роботтехника және STEM зертханалары қарастырылған. Сондай-ақ білім ошағы толыққанды бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балалар үшін пандус, лифт, санитарлық тораптар және инклюзивті білім беру кабинеті қарастырылған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы аясында қолға алынған «Келешек мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық өңірінде сәтімен жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы өңірде бірнеше білім ордасы «Келешек мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде бой көтерді. Осы жылы Тараз қаласындағы «Шөлдала» тұрғын алабында және Қордай ауданында жалпы саны 3 білім беру нысаны пайдалануға берілмек. Өңірде білім беру саласында атқарылатын жұмыс аз емес. Ең басты міндет – оқушыларды сапалы біліммен қамту», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген ресми дерекке жүгінсек, өңір бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде бірнеше мектеп өткен жылдары пайдалануға берілген. Бұл жұмыс осы жылы да үздіксіз жүргізілмек. Нәтижесінде, үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толығымен шешімін табады.
Жамбыл облысы