
Сөзді саралаған жинақтың айтпағы, Адам атадан бері жалғасып келе жатқан қазынаның табиғи заңдылықтарын ғылымның салаларымен ұштастыра отырып талдайды. Сөздің түп-тамырын түгендегенде Мұхаммед (с. ғ. с.) хадис шарифіндегі: «Сөзде сиқыр бар, ал өлеңде – даналық» деген байламды алға тартып, ұлт ғұламасы Мәшһүр Жүсіптің: «Халық тілі – Құдай тілі», деп кеткенін тілге тиек етеді.
Сөйлеген сөзінен, жазған жазуынан, тіпті қойған қолтаңбасынан әр адамды жазбай тануға болатын айқындауыш екенін, жалпы ауыздан шыққанша сөз сенің тұтқының, шыққан соң сен сол сөзге тұтқын болатыныңды, тіл жарасы дақ қалдыратынын, үзгені жалғанбайтынын, олай болса сөзге сақ болуды саралайды. «Тіл – жанды нәрсе сияқты: тіріледі, өседі, жоғалады. Өнер-ғылымға аяқ басқан жұрттың тілі өсіп, көбеймек, тілі күшейген жұрт – өнерлі де болмақ. Тілі жоғалған жұрт – әдет-ғұрпынан, мінезінен айырылып, ақырында жұрттығы да жойылмақ. Тілін тірілту, жоғалту – халықтың өзінен һәм оқымысты, білімді адамдарынан», деген Алаш арысы, ұлт жоқшысы Ж.Аймауытұлының аталы сөзін ескере жүр деп алға тартады.
Осыдан арна тарта келіп, «Сөз дегеніміз – ұлт» деп, ұлт болып қалу тілге тәуелді, «Үнінен, тілінен және дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді» (Әл-Фараби), ендеше рухымыз ояу болса екен.
Өткен ғасырдағы сұрапыл соғыста қарт жырау Жамбылдың: «Құс ұйқылы көнемін, Қайтып ұйқы көремін! Жетсін деймін сендерге, Жыл құсындай өлеңім», деп «Ленинградтық өреніммен» жауынгерлерді тасқайрақтай шумақтармен жанып, аспаннан жаңбырдай жауған рухты өлеңмен халықты қанаттандырғаны тарихтан мәлім. Ал сондай үлгіде «Жүрек-Жер айналады ұршығында» деп сол жерден «Шыққандай алғаш рет шаранадан» ғарышқа самғаған Гагариндей азаматты төрткүл дүниеде тұңғыш рет қазақ Олжас (Сүлейменов) сөз құдіретімен қырандай самғатты емес пе? Ой мен сөздің салмағын анықтаған ғалымдардың зерделі зерттеу нәтижелері де назар аударарлық. Атам қазақ ой мен сөздің салмағы дегенді баяғы да айтып қойған. «Қаңбақ сөзден не қайыр» деп отыратын бұрынғының қатырма қағаз ұстап көрмеген үлкендері.
Адам тағдырын шешетін сөз екенін қоламтадай қозғап, ойшыл Шәкәрімнің: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың» деген кемеңгерліне жүгініп, Абай айтқан ит мінез, сөзді шоқпар ету талай тағдырды талқандайтынын, одан парасатылық қана құтқаратынын алға тартып, соны дәйектермен бекітеді.
Сәбиге жақсы ат қоюдың өзі оның өміріне шамшырақтай сәуле түсіретінін еске салып, біраз аттарға талдау жасайды. Жақсы сөз қашанда жанды жадырататынын, керісінше қалай дегенге: «Жамандық қайдан туар, тілден туар, Әркім де ғақыл болса, тілін буар. Шығарсаң бір жаман сөз сен аузыңнан, Артыңнан айдаһар боп сені қуар», деген Мәшһүр Жүсіп қағидасын алдыңа тартады.
Сөздің емдік қасиеті туралы бөлім деректері, әсіресе әлем ғалымдарының зерттеулерінен алар мағлұмат мол. Жақсы сөз – ажалға арашашы екен. Жайсыз сөз – өмірді қысқартатын көрінеді.
Абай дананың алдымен ойыңды, одан соң сөзіңді түзесең – ісің ілгері басады деген өсиетіне үңілтеді. Жалпы, қазақ осыны ескерсе рухы өсіп, жетесіздік жер жастанып, тек-тамырымыз оңалмай ма? «Әр адам сөйлеген сөзінің арамын алып тастап, адалын сөйлеуге тырысуы керек. Сөйлеген сөздің қаны, жыны аралас болса, тыңдаушының мейірі қанбайды. Егер де қанын, жынын айырып, сап сүттей қылып сөйлесе, ол сөзге құлақтың құрышы қанады» (Мәшһүр Жүсіп). «Ана тілі – қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек» (Сұлтанмахмұт).
Әй, ұлт арыстары-ай, ұғар деп айтудай айтқан-ақ екен. Қолдағы кітап та сол рухта ой тербепті.
Сүлеймен Мәмет