
СУРЕТТЕ: Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» либреттосына музыка жазып жатқан сәті
Сейдолла Бәйтереков! Әне, «Әлия», «Дос туралы жыр», «Күнге табыну» әндері бірден жан-дүниеңді баурап әкетеді. Ол аз десеңіз, «Сарыарқа», «Өмір, өмір...», «Мөлдір сезім», «Күндер-ай», «Түсінбедім», «Бір болайық», «Сағындым дауысыңды», «Түркістан», «Кентауым», «Аман бол», «Аралдан ұшқан аққулар»... Өстіп жалғасып кете береді. Жүз ән! Аз ба, көп пе? «Атақты «Әлия» 1975 жылы дүниеге келді. Келер жылы «Алтын орфей» бүкіләлемдік ән байқауында бірінші орын алды. Қанша іштарлықпен қиғысы келмесе де, жүрегіне иман ұялаған пенде шынайы өнерге ашықтан-ашық «жауыздық» жасай алмайды, мәскеуліктер ішектерін тартып, әлденеше тамсанып, ақыры «Әлия» – ең үздік жыл әні» деп мойындады. Сол, сол-ақ екен, Сейдолла мен Розаның «Әлиясы» жарты әлемді жаулап алды. Біз сол сүйінші хабарды Қазақстан комсомолы аппаратының кәделі жиналысы үстінде естігенбіз. Әлі есімде, жұрт қол шапалақтап орындарынан өре түрегелді, мінбеге шыққан шешендердің тәтті сөздерін ешкім естімеді, таныс-бейтаныс эфир, сан түрлі арна тарататын теледидар кезекті хабарларын қиып тастап, сол сәттен «Әлиямен» тыныс алуға көшті.
Бір күннің ішінде әлі елге толық таныла қоймаған, белі қылдырықтай 19-дағы Роза Рымбаева мен өз-өзімен іштей арпалысып, әннің шаруасы болмаса, былайғы тірлікке көп басын ауырта бермейтін біртоға жас жігіт – Сейдолла Бәйтереков ойламаған жерден жұлдыз болды да шықты. Ол жұлдыздың жарығы барған сайын жарқырап, әлем сахналарын жаулай бастады. Сейдолланың басқа әндерімен қоса «Әлия» Германия, Чехословакия, Болгария, Югославия, Түркия, Украина, Иран, Оңтүстік, Солтүстік Корея елдерінің ән сүйер қауымына да таныс және табиғаттарына жақын өнер туынды есебінде қабылданды. «Әлия» халқымыздың мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері, «таңдайына бұлбұл ұя салған» Роза Қуанышқызының өнердегі жолын ашты. Роза әртүрлі беделді басылымдарға берген сұқбаттарында Тасқын, Сейдолла, үшеуінің шығармашылық мүддеге келгенде пікірлерін бүкпесіз ашық айтатындарын, одан шаршамайтындарын, сол жанқиярлық еңбектің арқасында ел мойындаған нәтижелерге жеткендерін бүгіп қалған емес. Бұл сәттілік дегенді қойсаңызшы, әлде туа бітті табиғи әділеттіліктің әсері ме, бәлкім, біз түсіне бермейтін ғаламдық тосын күш – Жеңістің 80 жылдығына Сейдоланың да 80 жылдығы дәл келіп тұр. Ендеше «Әлия» талай жерде тыңдаушыларымен жаңа бояу, жаңа қырынан түрленіп, қайта қауышады, қайта табысады. Жалпы, Сейдолланың жетпіс пайызға жуық әндерін Роза орындапты.
... «Әлиямен» ауырғаныма талай уақыт болған-ды. Ән мақамы күллі санамды жаулап алды. Отырсам да, тұрсам да әуен аяғымды жерге тигізбеді. Ұшып жүрген секілдімін. Сөйтіп, толғатып, жанымды қоярға жер таппай, өзіммен-өзім аласұрып жүргенде ақын Бәкір Тәжібаев ағамыздың жыр жинағы қолыма тие қалды. Өлең нобайы әуенмен менің қатысуымсыз өздерімен-өздері тез арада «тіл табысты» да кете барды. Дереу пианиноға отырдым...» – дейді Сейдолла ертеректегі бір естелігінде.
Мамандардың пайымдауынша, Сейдолла қазақ эстрадасына еуропалық стильді қалыптастырған әрі соның тамыр жаюына бар күшін арнаған бірден-бір озық ойлы композитор. Бах, Моцарт, Бетховен, Чайковский, Глинка... секілді ұлтқа бөлінбейтін ұлы композиторлардың өмірлік тәжірибелерін бойына ертерек сіңірген Бәйтереков аса талғампаздық рухта әр әуен, әр әнді халқына тарту еткен сайын «өліп-тірілетіндігін» де жасырмайды. Әуен сірә, жүрегі таңғы шықтай таза, бақай есеп – пендешіліктен бойын аулақ ұстайтын, қолынан келгенінше төңірегіндегілерге жақсылық жасаудан тартынбайтын, қысқасы, әрнәрсеге қарадай-қарап қабақ шытуды, ашулануды қаперіне алмастан, барынша туған табиғатпен тілдесіп, желдің гуілінен де өзіне қажеті «бір нәрсе» табуға тырысатын кең пейіл адамның кеудесіне қонақтайтын болса керек.
Бір ғажабы, Сейдолла әскер қатарынан оралып, оңды-солымды танып білуге қауқарым жетті-ау дейтіндей кезде ғана шығармашылықпен табандап айналысқан. Және текке уақыт өлтірместен, демалмастан, күні-түні дамылсыз жұмыс істеген. Ой жұмысының қайсысы болсын, жүрекке жүк түсіретіні белгілі. Бәлкім, осы жанталастың арғы астарында не жатқандығын кім білсін, әрі оның жауабын табуға әрекеттенудің енді қажеті шамалы. Ол балалардың жан әлемін баурайтын кішкентайларға да ән арнауды естен шығармаған. Бүгін балабақшаларда, бастауыш сыныптарында үзбей орындалып жүрген «Айдана», «Қара бала», «Жалқаубек» әндері осы сөзіміздің куәсі. «Сақал саудасы», «Тастама отты, Прометей!», «Турандот ханшайым», «Мен ішпеген у бар ма?», «Махаббат аралы» секілді театр қойылымдарын да әуенмен әдіптеген Сейдолла болатын. Ол «Ақ мысық», «Алтын қой», «Тышқанның баласы мектепке қалай барды?», «Ерте, ерте, ертеде...» секілді мультфильмдерді де әнмен өрнектеді. Оның сыртында «Боранды түн», «Құлыншақ», «Әлсіз әйелдің тарихы», «Несібелі», «Ауылдан келген күйеу бала» көркем фильмдерінің музыкасын жазу да Сейдолланың мойнына жүктелген-ді.
Әкесі – Бәйтерек Бақбергеновтің домбыра шертіп, күй тартатындығын айналасындағылардың бәрі білген, ал нағашы атасы – Смайыл Тұрысбеков ән шығарып, күй тартып ауылдың сүйіктісі болып қана қоймай, атақты Сүгірдің ізін жалғаушылардың бірі атанып, кешеге дейін есімі ел аузында жүрген қадірлі кісі-тін. Соған қарағанда, тақыр жерге гүл шықпайтыны секілді, Сейдолланың да «құнарлы топырақтың өнімі» екені рас. Композитордың балалық шағы Кентауда өтті. Кентаудың №2 орта мектебінде оқып жүріп, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ленинград қоршауында болып, Қазақстанға жер аударылған үлгілі ұстаз Евгения Семеновнадан аккордион аспабы бойынша сабақ алады. Ұстаздың адамдарға үнемі жанашырлық танытқысы келіп тұратын мол мейірімін де бойына сіңіре білді. Өзі дүниемен қоштасқанша Семеновамен байланысын үзген жоқ, ұстаз да білгенін болайын деп тұрған шәкіртінен титімдей нәрсені бүгіп қалған емес. Сол мектеп бүгін С.Бәйтереков атында. Ол Шымкент музыка училищесін, Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмамдаған, «Қазақконцерт» бірлестігінде, өмірінің соңына дейін өзі құрған «Саз» студиясының директоры болып қызмет істеді. Алматыдан да, Шымкенттен де көше аттары берілді, Шымкент қаласындағы Сейдолланың тастан құйылған биік бейнесі алыстан көз тартады. Оның қаржы-қаражатын Сейдолланың шымкенттік жанашырлары бір ауыздан қолдап, сөзге келместен тауып берген болатын. Бұл да композиторға көрсетілген шынайы қамқорлықтың, шынайы адамгершіліктің белгісі еді.
Мектеп жанынан құрылған шағын ансамбльдің атағы әп-сәтте күллі қалаға белгілі болды. Ансамбль құрамында кімдер барын білесіз бе? Ансамбльдің бетке ұстар әншісі – Әшірбек Сығаев, үрмелі аспапта – Досым Сүлеев, аккордеонда – Сейдолла Бәйтереков. «Қанша жалынып-жалбарынып кино көрейік десек те, кешкі сеансқа балаларды кіргізбейтін» – деп еске алатын-ды марқұм Әшағаң, – Бірақ ол кемшіліктің орнын Сейдолла жымын білдірмейтін. Аккордеоншы балаға қашан да есік ашық. Сейдолланың арқасында бізге де клубтан орын табыла кететін-ді...» Жерлестігі бар, бір-бірін үнсіз түсінісетін шығармашылық байланыс Сейдолла мен жазушы, режиссер Сатыбалды Нарымбетов арасындағы ажырамас үлкен достыққа айналды. Нарымбетовтың «Жас аккордионистің өмірі» («Көзімнің қарасы») атты көркем фильмі Бәйтереков өмірбаянына арналған-ды.
Роза Бағланова, Халық қаһарманы: – Жаны нәзік еді. Бәрін жүрегіне жинай берген соң, қайдан шыдасын? Ақыры алып тынды. Бірақ, өзі жүректен кеткенімен, халық жүрегінде қалды. Сейдолла бұл күнде әнге айналып кетті. Оның бір ғана «Әлиясының» өзі не тұрады! Ондай ән өмірге сирек келеді. «Әлия» – әннің төресі ғой. Роза қызымның орындауында қандай құлпырып кетеді десеңші? Сейдолла жарқ етіп шыққан дарын иесі. Ол – халық жүрегін әнімен тербеген азамат. Ән жазғанның бәрі сазгер емес. Сондықтан сазгерлер көп болғанымен, Сейдолланың орны мен үшін қашан да бөлек. Халық та соны білгендіктен Сейдолласын ұмытпайды...
Ермек Серкебаев, КСРО халық әртісі: – Мен Сейдолланың екі әнін орындадым. Біріншісі – «Дос туралы жыр», екіншісі – «Өмір-өмір». Осы екі ән репертуарымда тұрақты орын алып қалды. Алғашқы шыққан кезінен бастап, күні бүгінге дейін орындап келемін. Үлкен концерттерде міндетті түрде айтамын. Мен орындамасам, халықтың өзі сұрап орындатады. Ән құдіреті деген сол. Композитор әнінің кереметі – оның әнінде Сейдолланың жібектей есілген жаны сезіліп тұрады. Сол ән арқылы-ақ, оның қандай ізгілікті жан екендігін танып-білуге болады. Ол ішкі жан-дүниесі сұлу, мінезі салмақты, өзі ұстамды, кішіпейіл жігіт еді.
Мыңжасар Маңғытаев, Қазақстанның халық әртісі: – Сейдолланың әндерін Роза Рымбаева, Ермек Серкебаев сынды біртуар таланттар орындады. Әлі де орындап жүр. Ермек ағамыздың да, Розаның да талғамдары өте биік. Олар кез келген әнді орындай бермейді. Сейдолланың әндері нашар болса, көңілдерінен шықпаса, айтпас та еді ғой? Мәселен, «Дос туралы жыр» әні Ермек ағамыздың айтуымен халыққа кең тараса, «Түркістан» әнін Роза нәшіне келтіріп орындады... Ал, танымалдылық, шығарған әнінің өміршеңдігі тұрғысынан келсек, Сейдолла әманда биік тұрады ...
* * *
Таңғалатыным, Сейдолла көзінің тірі кезінде «Мен Хэмингуэйдің жасындай ғана өмір сүремін» деп неге айтты екен? Және біреу қинағандай мұны бірнеше рет қайталаған. Әлемдегі мың-сан құпия құбылыстың сырын кім толық ашқан дейсіз... Мұны да солардың біріне жатқызып, ішімізден күбірлеп қана тынармыз. Ләззат айтады: – 1998-дің он бірінші мамырында соңғы есептік концертін өткізді. Сейдолланың концерті қайда өтпесін, залда ине шаншар орын болмайтын. О кезде солай еді, қазір де ешбір өзгеріссіз осы көрініс үздіксіз қайталанып келеді. Концертке билет таба алмағандар менен көмек сұрайды. Сарай басшылығына әмір жүргізе алмаймын ғой. Сол концертке ұйқы көрместен, соншалық жан-тәнімен дайындалды. Екі аптадан соң о дүниеге аттанып кете барды...
Ләззат тұрмысқа шыққанда Сейдолла 39 жастағы жан-жақты толысқан жігіт-тін, ал өзі 21-де. Политехникалық институттың озат студенті Ләззат Аханова кішкентайынан өнерге бір табан жақын жүрді, институт атынан талай-талай байқауға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. Құдай берген табиғи дауысы сахнаға шығып, ән салуға жетелейтін. Студенттік дәуренді сағынышпен көзіне жас алмай, еске түсіретін кім бар. Ілгеріде Алматыда жоғары оқу орындары арасындағы өнер сайыстары жиі өтіп тұратын, одан Ләззат шетқақпай қалған емес. Мәскеуге бармақшы боп дайындалып жатқан, «сенің дауысыңа ыңғайлы ән жазатын бір композитормен таныстырамын» деген-ді жетекшісі. Ол – композиторы Сейдолла Бәйтереков еді... Екі жылдан соң үйленді.
Тағдыр бізді Ләззаттың әкесі, есімі елге белгілі геолог, бір кездегі Сәтбаев қаласы атқару комитетінің төрағасы, Қарағанды облысының құрметті азаматы, марқұм Мұзараф Аханов пен анасы – Сәтбаев қаласындағы бірнеше орта мектепті басқарған, үлгілі ұстаз Шабал Бейсенбекқызымен жақын таныстырды. Құда-жекжат боп араластық. Сексеннің сеңгіріне шыққан Шабал апаймен қазір де байланыс жасап тұрамыз. Көп оқыған, сан түрлі өмір қатпарларын жете түсінетін ақылман, көреген кісі. Ішінде аздаған түйткілі болғанымен, қызының шешіміне қайтіп қарсы тұрсын. Ләззат Сейдолламен он бес жылдай бақуатты да мағыналы, сүйіспеншілікпен, түсіністікпен жұбайлық өмір сүрді. Дүниеге Санжар, Данияр деген екі ұл келді. Екі айға дейін тұңғыштарына ат қоя алмапты, есімін Сатыбалды Нарымбетов қойыпты. Данияр – заңгер, Санжар Бәйтереков кәсіби талантты композитор. Профессор Ю.С.Каспаровтың класында Мәскеу консерваториясын бітірген. Бірнеше симфониялық шығарманың авторы.
Сейдолла тірі кезінде Ләззатқа «Мен өлсем де сендерге көктен көмектесіп жүремін... Менің әндерім сендерді аш қалдырмайды» дейді екен. Айтқаны келді. «Сен» туындысын Ләззатқа арнаған. Осы күндері Ләззат Сейдолланың 80 жылдығын қалай өткіземін деп, ойға-қырға шапқылаумен жүр.
Иә, ән-әуен алдымен жүрекке түсуі керек дейді мамандар. Құлақ қоймасқа шараң қайсы? Сейдолла Бәйтерековтің жүрекке түспейтін және жүрек жатырқайтындай бірде-бір шығармасы жоқ десем, көпшілік қарсы бола қоймас. Әзірге осыған тәубе дейік...
Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері