Әдебиет • 23 Мамыр, 2025

Мезгіл мақамы

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бақиға бет түзегенше ауылдан алыстамаған ол үшін үп еткен самал, шелектеп құйған жаңбырдың дыбысы, тау бөктерінің тылсымы таусылмас муза еді. Табиғаттың тамыршысына айналған ақынның өлеңдерінен эмоциялық көңіл күй ырғағы мүлде байқалмайтын. Қайта өлеңдері жаздың жылы жаңбырындай жанға жаймашуақ сезім сыйлайтын. Көбік сөзді сапырудан аулақ болған оның поэзиясынан байтақтың мөлдір де тұнық пейзажын көретінбіз.

Мезгіл мақамы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Расында, табиғат тамыршысына айналған ақын мезгіл ма­қамдарын жырлаумен өмірден өтті. Ол ақиқатында қаланың емес, да­ланың ақыны болғандықтан шығар, Қуандық Шолақ сол сайын даланың сыбдырымен сырласты, күзгі жаңбырмен мұңдас болды. Оның шығармалары тау мен құмның, қыс пен жаздың, көктем мен күздің көркем құбылыстарымен үндесіп, тілдесіп тұрғандай әсер сыйлайтын еді. Өзі де табиғаттың төрт мезгілімен бірге құбылып отыратын Жаратқанның бесінші мезгіліндей көріне беретін.

«Сездіріп бәсең хал-жайын,

Жоғалтқан аймақ қыры нұр.

Ымырттың шертіп маңдайын,

Кеудесін керіп іңір тұр.

 

Куә оған таудың асқары,

Қабағы қалың тоң ірең.

Түн бәрін түріп тастады,

Қап-қара орамалымен»,

деген шумақтар ақынның «Жалғасы жазғы кештің» атты өлеңінің тынысын аша түскені анық. Сөзбен сурет салу арқылы табиғат құбылыстарын көз алдымызға айна-қатесіз әкелген ақын­ның шеберлігі өз тереңіне тартпай қоймайды. Оның өлеңдерінен өзеннің жылы ағысындай майда әрі мамыражай самал есіп тұрады. Сонысымен де оқырманын ойға қалдырары даусыз.

Қалай десек те, оның барлық өлеңі табиғат көріністерімен біте қайнасқан. Содан да болса керек, кез келген шумағы, тіпті кез келген тармағы тотыдай таранып тұрады. «Бұлт астынан қызыл ай шыға келді жап-жаңа, қақ жарылған қарбыздың, жарты беті секілді», «Жарға біткен жалғыз тал көлеңкесін өзінің, қар­сақты алған қырандай көкжелкеден басып тұр» деген тармақтарының өзі сөзімізге дәлел болатындай.

«Жақтырмай сылқ-сылқ күлген бұлақ үнін,

Ұшына от тиген бе құлағының?

Ұялып-қызарақтап тұрып-тұрып,

Жиекке жасқаншақтап құлады күн.

Бұлқынған елестетіп жүректі көп,

Самалмен жапырақтар дір етті үдеп.

Ымырт шал тастай салды көлеңкені,

Қалтарыс сай, жыраға күреп-күреп», деп жырлаған ақынның мезгіл тылсымына тіл бітіретін шеберлігі, расында да, жан жылытады, тебірентеді. Табиғаттың сан қатпарлы құбылысына айрықша зер салған ақын ғана ойды образға орап беруімен, жұрттан өзгеше ойлайтын суреткерлігімен даралана түссе керек.

Құланда туған Қуандықтың қа­сиетті қара өлеңге деген адалдығын, тазалығын лайықты бағалаған аға буын қаламгерлер аз емес. Ұлт әдебиетінің алып бәйтерегіне айналған дара тұлғалар да оған уақытында батасын бергенін ақынның өз аузынан естігенбіз. «Қазақта екі Шолақ бар. Біреуі – Балуан Шолақ. Екіншісі – Қуандық Шолақ», деген Шерхан Мұртазаның сөзінен ақын шығармашылығына деген құрмет әрі ініге деген ізет байқалса керек.

«Жырым менің болмай жүр барға таныс,

Күнде барып келетін Алматы алыс»,

деп жырлаған құландық ақын Қуандық Шолақтың ортамыздан алыстап, бақиға бет түзегеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Тірісінде әдебиетке, поэзияға деген адалдығынан айнымаған қаламгердің көңіл көкжиегін кеңейтетін керемет шумақтары жұрт жадынан өшпейтіні анық. Қуандықтың өлеңдеріне тұңғиыққа батыратын пәлсапалық шешім де, декорация да керек емес. Өйткені оның өлеңдері дербес декорация еді ғой. Мезгіл мақамдарын жырлаған ақынға оның қажеті қанша? Жыры да, табиғи болмысы да кіршіксіз таза ақынның өзі өмірден өтсе де, шығармашылығы оқырманымен бірге жасайды деген сенім мол.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы