Мектеп • 23 Мамыр, 2025

Жаңа мектептегі жақсы үрдіс

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы №109 орта мектепте «№109 мектепке – 109 күн!» атты мерекелік іс-шара өтті. Жаңа оқу ордасы осы жылдың қаңтар айында ашылған еді.

Жаңа мектептегі жақсы үрдіс

Мереке оқу ордасының алаңында басталып, шаттыққа толы музыкамен әрленді. Әуелі мектеп директоры Жанар Ермұхамбетова білім ошағының қысқа уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктерін атап өтті.

Іс-шара барысында мектеп оқушыларының оркестрі «Келіншек» күйін орындап, 3-4 сынып балалары әсем би биледі. Би соңында жеткіншектер 109 санын бейнелеп, мереке мәнін ерекше жеткізді. Мектеп ауласына 109 тал көшет отырғызылды.

Мазмұнды жиын аясында мектеп психологі Р.Мұхамедина мен еңбек пәні мұғалімі Н.Байтүгелова бастамасымен ашылған «КөркемARU» клубының тұсаукесері өтті. Мұнда 5-8 сынып қыз балалары қолөнер мен аспаздықтың қыр-сырын үйренеді. Кабинетті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тегіңді білген – тектілік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сәуле Желдібаева ашып, ақ батасын берді. Сонымен қатар «Мектеп тынысы» көрмесінде оқушылардың қолымен жасаған роботтары мен бұйымдары қойылды. Сондай-ақ жеткіншектер ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен шеберліктерін көрсетті. Бұған келген қонақтар да қатысты.

Мереке соңында жиналған қауым ұстаздар мен оқушылардың концерттік бағдарламасын тамашалап, жылы әсерге бөленді.

 

Фариза ІЗБАСАРОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті