
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ғалымдар бұл сезімді ғылым тілімен түсіндіруге тырысып келеді. Олар ностальгия адамдарды бір-бірімен жалғайтын көрінбейтін жіп дейді. Жуырда оның адам өміріндегі әлеуметтік маңызын тереңнен ашып көрсеткен үш іргелі зерттеу жарияланды. Алғашқысы – Америкадағы Буффало университетінде жүргізілген. Зерттеушілер 449 студент пен 396 әртүрлі жастағы адам арасында сауалнама өткізіп, олардың ностальгияға бейімділігін, яғни өткенге қаншалықты жиі оралатынын, сол естеліктерден қаншалықты әсер алатынын анықтаған. Сонымен қатар қатысушылардан олардың жақын достары, отбасы, әлеуметтік ортасы туралы сұралған. Нәтижесінде, ностальгияға бейім адамдар досы көп жандар болып шыққан. Сағыныш олар үшін тек естелік емес – достықты сақтап қалуға итермелейтін ішкі қозғалыс. Бұл байлам екінші зерттеуде де дәлелденген. Ғалымдар адамда екі түрлі әлеуметтік құлшыныс болатынын анықтаған: бірі – жаңа адамдармен танысуға ұмтылу, екіншісі – бұрынғы достықты сақтап қалуға талпыну. Ал ностальгиясы жоғары адамдарда екінші бағыт басым екен. Олар алыстап кеткен адамдармен қайта байланысуға, бірге өткізген сәттерді тірілтуге қадам жасап, уақытпен сыналған сыйластықты бекемдей түседі.
Үшінші зерттеу Нидерландта жүргізілген. Зерттеушілер жеті жыл бойы адамдардың достық байланысы мен ностальгия деңгейін бақылап отырған. Уақыт өте келе достарымыздан алыстайтынымыз рас, бірақ өткенмен байланысын үзбеген, жүрек түкпірінде соны сақтаған адамдар жақын ортасын жоғалтпайды екен. Ал өткенін аңсамайтын жандардың достары азая түскен. Сағыныш – тылсым байланыс, ал байланыс үзілмеген жерде адам жалғыз қалмайды. Осылайша, ностальгия – жай тәтті мұң емес, әлеуметтік тұрақтылықтың, рухани беріктіктің белгісі деген байлам жасалған.