
Фото: ашық дереккөз
Сенатор 2025 жылы Байқоңыр ғарыш кешенінің 70 жылдығы және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының 20 жылдық мерейтойы аталып өтетінін еске сала отырып, еліміздің ғарыш саласын түбегейлі жаңғырту қажеттігін атап өтті.
«Байқоңыр – ғарыш дәуірінің бастауы және Қазақстан үшін ерекше стратегиялық артықшылық. Технология, цифрландыру, байланыс, көлік, қорғаныс пен метеорология салаларындағы тұрақты даму – ғарыш инфрақұрылымына тікелей байланысты», деді Лукин.
Сенатордың айтуынша, Қазақстан жалға беруден ғана пайда көретін ел болмауы тиіс. Ел өз ғылыми-зерттеулері мен техникалық шешімдері арқылы халықаралық ғарыш нарығында лайықты орын алуы керек. Ол бұл бағытта бірнеше нақты бастама ұсынды:
- Ұлттық спутниктік бағдарламаны дамыту;
- Ультражеңіл зымыран тасығыш жобасын жалғастыру;
- Университеттер мен стартаптардың қатысуымен шағын (CubeSat, микроспутник) аппараттар құрастыру;
- Спутниктерді басқару орталығын кеңейту;
- Қазақстанды ғарыш технологияларын экспорттайтын ел ретінде таныту;
- KazSat-3R жобасына қолдау көрсету.
«Біз ғарыш саласында прагматикалық әрі ұлттық мүддеге негізделген нақты әрекеттерге көшуіміз қажет. Ғарыштық держава болу үшін бізде инфрақұрылым, кадрлық әлеует пен технологиялық мүмкіндік жеткілікті», деді депутат.
Сенатор, сондай-ақ, Қазақстан ғарыш қызметтерінің тек тұтынушысы емес, сонымен қатар жеткізушісі де болуы тиіс екенін баса айтты.
Айта кетсек, Қазақстан 1994 жылдан бастап «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресейге жылына 115 миллион долларға жалға беріп келеді. Бұл сома осы күнге дейін өзгеріссіз. Жалдау мерзімі бірнеше рет ұзартылып, қазіргі келісім 2050 жылға дейін жарамды.
Байқоңыр ғарыш айлағының құрылысы 1955 жылдың мамырында басталып, 1957 жылы 15 мамырда алғашқы Р-7 зымыраны ұшырылған. Бұл зымыран кейін әлемге әйгілі «Союз» тасығышының негізіне айналды. Ал 1961 жылы дәл осы жерден Юрий Гагарин ғарышқа аттанған еді.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ 2 курс студенті