
Атамды қосқанда әулетте төрт бала еді. Үш ұл, бір қыз. 1940 жылы атамның туған ағасы Балданбай Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына алынып, майданнан аман оралды. Сұрапыл соғыс басталған уақытта Шалданбай атам небәрі 18 жаста болған екен. Отанды қорғауды азаматтық борышы санаған ол аудандық әскери комиссариатқа барып, өтініш беріп, 1941 жылы 3 наурызда әскер қатарына шақырылды. Алматы қаласында екі ай, Саратов қаласында алты ай дайындықтан өтіп, сержант шенімен сол жылдың қазан айында майданға аттанған.
Үлкендердің әңгімесінен бір ғана Сталинград майданында қазақ жауынгерлерінің саны 8 280 адам болғанын естіп өстік. 1942 жылдың шілде айында басталып, 1943 жылдың ақпанына дейін 200 күнге созылған Сталинград шайқасы фашистік Германияның таңдаулы әскерінің тізе бүгуімен аяқталған. Дәл осы шайқаста жау тарапы 1,5 млн-нан астам, қызыл армия 1 млн 130 мыңға жуық адамынан айырылған.
Атам 281-атқыштар полкінің құрамында Сталинград шайқасында, Волга, Днепрден өту соғыстарына қатысқан. «Ең бір есте қалған кез фашистерді қуып келе жатып, Днепр өзенінен өткенде қиналдық. Өйткені жаяу әскерді арғы жағаға өткізу үшін көпірдің орнына екі жағаға байланған «трос» арқылы өту керек болды. Арғы беттен немістер де атқылап жатты, көз алдымызда талай жас сарбаз мерт болып, суға ағып кетті», деп атам естеліктерімен бөліскенде көзіне жас алатын.
Ол 1944 жылы 244-атқыштар дивизиясы 907-атқыштар полкінде бөлімше командирі болған. Полк Кишинев, Одесса қалаларын азат етті. Кейін 57-армияда взвод командирі болыпты. Молдавиядағы Бендер қаласын азат еткен шайқаста атам ерлігімен көзге түсіп, Сталиннің «Алғыс хатымен» марапатталған. 1945 жылы 51-механикаланған танк полкінде бөлімше, взвод және ротаны басқарған.
Атам Сталинград пен Украина, Белоруссия, Молдавия қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. 1945 жылы Молдавияда соғысты аяқтап, 1947 жылға дейін әскер қатарында болған. «Егер Жапония соғыс аша қалатындай болғанда полкті бірден сонда жіберуге дайын тұрдық» дейтін атамыз.
Атам соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысына – 25 жыл», «Еңбек озаты» және тағы да басқа 12 медальмен марапатталды. Бұған қоса оған тың жерлерді игергені үшін «Еңбек ардагері» медалі берілген.
Шалтай атам 1947 жылы 4 наурызда елге оралды. Апам Рыскүлмен отау құрып, төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Аллаға шүкір, атам олардан 22 немере, 53 шөбере сүйді.
Батыр атамыз 2008 жылы 10 сәуірде 85 жасында дүниеден озды. Атамыз кенже ұлы – менің әкем Алтынбекпен бір шаңырақта тұрды. Әулетіміздегі кез келген жиын біздің үйді айналып өтпейтін, алыстан келген қонақ тұрақтайтын, үлкені мен кішісі сәлем беру үшін іздеп келетін қара шаңырақ еді.
Атам дүниеден өткен кезде мен 10 жаста болдым. Атам екеуміз бір бөлмеде ұйықтайтын едік. Таңмен жарыса оянып алып, ойыма келген сұрақтарды қойып отырушы едім. Атам еш жалықпастан бәрін әңгімелеп беретін. Сол кезде атам өзінің басынан кешкен жайттарды, сұрапыл соғыс уақытын, ғибрат алатын әңгімесін айтатын. Қарап отырсам, сол кез қайталанбас, баға жетпес бақытты сәттерім екен.
Бір күні атамнан соғыс туралы сұрадым. Ойын баласы болғандықтан ба, көптеген оқиғасы есімде қалмапты. Есіме түсетіні соғыс сәттерін бейнелегені екен. Жаудың оғы мен бомбасы, қызыл әскердің шабуылы. Атамның дәл жанында бомба жарылған, сол себептен бір құлағы дұрыс естімей аппаратпен жүруші еді. Бірде атамның артынан белгісіз жау әскері түсіпті. Атам оның жаман пиғылын бірден сезіп, сақ жүрген екен. Суық қаруын шығарып ұмтыла бергенде атам шапшаңдық танытып, өзін ажал құштырған. Шамасы жау әскерінің тыңшысы немесе арнайы тапсырмалар орындайтын жендеті болса керек. Қазір сол айтқандарын сараптап отырсам, өмір мен өлімнің арасы қандай жақын болған деп ойлаймын.
Батырдың немересі атанып, есімін арқалап жүру – мен үшін үлкен мақтаныш, жауапкершілік. Мен әрдайым «Патриот болу – таңдау емес, ол міндет» деп айтып жүремін. Осынау теңіздей терең тарихымыз барда, ержүрек батырлардың ұрпағы бола тұра өз Отанымыздың жарқын болашағы мен келешек ұрпақтың бақытты өмірі үшін аянбай, бар күш-жігерімізді ел игілігіне жұмсауды азаматтық борышымыз деп білемін.
Еркебұлан АЛТЫНБЕКҰЛЫ,
майдангердің немересі