
Кәдірбек Әбдіқадырұлы бізге 1982 жылы Алматы көркемсурет училищесінің 2-3 курсында оқып жүрген кезімізде (Мәскеудегі беделді Суриков институтын бітірген кезі) сурет және көркем графика пәндерінен дәріс оқыды. «Жақсы ұстаз – шәкірт бағы» демекші, шынында қазақ елінің түкпір-түкпірінен келген, өнерде көзін жаңа ашқан бөлтіріктер сияқты әр үлгісін құныға қабылдап, сурет әлеміне бойлай бердік. Ауыл балаларының алдында білікті де білімді, сөзі мен ісі үйлескен тұлғаның тұруы шәкірттің зор олжасы еді. Біз мұны кездейсоқтық емес, пешенеміздегі жазу деп білдік.
Көркем графика тәсілі – бейнелеу өнері саласындағы мүсін құюдан кейінгі машақаты мол, теріс ойып оң басатын, кәсіби қыр-сыры адамнан шыдамдылық пен сүйіспеншілікті қатар қажет ететін күрделі жанр. Тұла бойы осы қасиетке ие Кәдірбек ағайымыз сол сирек амалды әрқайсысымыздың жанымызға сенімді түрде сіңдіре білді. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген қанатты ой осындайдан туса керек.
Қоғамдық ортада руханият көзі ретінде кітап пен көркем графиканың байланысы тонның ішкі бауындай. Сол кітаптарға иллюстрация жасау – халық талғамын, түсінігін жетілдіру деген сөз. Ұлы қаламгерлердің ұлы шығармалары басылымдарын безендіру – қай-қай суретшінің де кәсіби олжасы. Хас суретшінің еңбегі әдебиет парағының арасында жұтылып қалмай, әдебиетпен қатар тұрған терезесі тең авторлық өнер туындысы ретінде әлеуетін көтеріп, пластикалық тіл бітіріп, әдебиетке шапан жапқандай оқырманның үйлесімділік танымын, дәрежесін арттырады. Бүгінде қазақ ауыз әдебиетінің жауһарлары тасқа басылып, көркем графика бейнелеген суреттермен толық сипат алып, халықтың рухани мұрасына айналып отыр. Сурет бүтін кітапсүйер қауымды саламаттандырып, эстетика-этикалық парасатын қалыптастыруға зор ықпалын тигізсе, оның бәрі – суретшілер сомдаған соны бейнелердің қуаты. Міне, бізге осы ой-парасатты жас күнімізден Кәдірбек Әбдіқадырұлы сынды ұстаздарымыз сіңірді. Жай сөзбен емес, қылқалам күшімен.
Ұлт кітап әлеміне суретпен жан бітіру – Кәдірбек Каметов шығармашылығының елеулі бағыты. Мұны көзі ашық оқырман жақсы біледі. Әлемдік деңгейдегі қазақтың ұлы ақыны Абай тұлғасын сомдауда атақты Е.Сидоркин, М.Қисамединов сияқты графика-суретшілерінің қатарында Кәдірбек Каметовтің қолтаңбасы айдан анық.
ХХ ғасырдың күрделі де жауапты кезеңдерінде қазақ қолданбалы өнерінен бейнелеу өнеріне қадам басқан шақта, еуропалық дәстүрді тез және орнымен меңгеріп, кенептегі кескіндеме, графикалық кескіндеме сынды элитарлық жанрларға түрен салып, сурет өнері тарихында бетбұрыс жасалғаны – тарихи факт. Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, Әубәкір Исмаилов, т.б. атымен байланысты рухани мәдениетіміз жаңа серпінмен дами бастады. Ежелгі антика заманынан бастау алған, мың жылдаған даму тарихы мен дәстүрі бар зайырлы Еуропа елдерінен келген биік өнерді қазақ суретшілері жатсынбай қабылдап, ә дегеннен кәсіби заңдылықтарын тез игеріп, игі нәтиже көрсете білді. Әрине, бұл өнер тікелей жетпей, екшеліп-сүзіліп, кеңестік идеологияның құрылымы мен әлеуметтік әуенін ескеріп енген еді. Бірақ талант пен ізденіске, шешім мен тапқырлыққа шек жоқ. Бейнелеу өнері мен кескіндеме-графикадан білім алған ұлт мамандары «алпысыншы», «жетпісінші» жылдықтар болып, бейресми айшықталып, топтасып, лек-легімен бой көрсете бастады. 80-жылдары өнерге ат ойнатып келген буын басында К.Каметов, Е.Төлепбай, Б.Түлкиевтер тұрды. Осы үшеуден кейінгі буын 90-жылдықтар шығармашылығына, яғни біздің өнерімізге бұлардың әсері айқын.
Соның ішінде бұрынғы одақ, республика, кейінгі ТМД, түркі дүниесі аясында танымал Кәдірбек Каметов – өнердің сара жолында кейінгі буын мен шәкірттеріне үлгілі тұлға, өнегелі ұстаз.
Кәдекең бізге ұстазық еткен соң, сөзсіз ықпалы күштірек болды. Сондай-ақ суретшінің шығармашылығын да, өзін де жақын таныдық. Артық сөзге жоқ, мінезі тік. Өзіне де, студенттеріне де талапшылдығы мен қағидатшылдығы көп жағдайда кәсіби жетілуімізге әсер етті. Сондықтан шығар, аға буынның да, орта буынның да, өзімізден кейінгілердің де халықаралық кәсіби ортадағы бедел-құрметін көріп-білген сайын ұстазымыз үшін марқайып жүреміз.
Ал осы Мәскеу сыйлап, Баку бағалаған, Париж таңданып, Вена қадірлеген Кәдірбек Каметовтің бірде-бір мемлекеттік марапаты жоқ десе, сенесіз бе? Қазақстанда қылқалам ұстағаны бар, өнерді бағалайтындар бар, руханият саласы мамандары бар – бәрі «Кәдірбек Каметовтің ұлт бейнелеу өнеріндегі орны бөлек» деп бағалап жатса, бұл елдік үлкен марапаттың негізі деп есептейміз.
«Ештен кеш жақсы», барды бағалай білген – азаматтық. Өнер тұлғасын, өнер туындысын қадірлей білу – әрі сауаттылық, әрі жауапкершілік.
Суретші Кәдірбек Каметов салған бейнелер, кескіндемелер, портреттер ХХ ғасырдың үздік шығармалары ретінде мәртебелі орында тұр. Бұл – ақиқат.
Сембіғали Смағұлов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, шәкірті