
Әркім бірге оқыған тұрғылас курстастарын ұмытпай, солардың ішінен кейінде жарқырап шығып, ел аузына іліккендерін мақтан тұтып жататындығы заңдылық. Бұлардың бес жыл бірге оқыған қыз-жігіттерден де түрлі деңгейдегі басылымдардың тізгінін ұстаған кәсіпқой журналистер де, білікті ғалымдар мен атағынан ат үркетін ақын-жазушылар да көптеп шықты. Олар Көпен Әмірбек, Марат Қабанбай, Бақытжан Майтанов, Мақұлбек Рысдәулет, ерлі-зайыпты Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова, Кәкен Қамзин, Өріс Яшүкірқызы, Бейсенбай Сүлейменов, Светлана Буратай болып жалғаса береді.
Жоғарыда аттары аталған курстастары секілді Оңдасын да – қырдағы ауыл баласы. Яғни ол 1950 жылдың мамыражай мамыр айында еліміздің шығыс өңіріндегі жері көркем, халқы қазақы Зайсан ауданындағы Сарыжыра ауылында өмірге келеді. Бірақ басқа курстастарынан өзгешелігі сол, қазақ мектебін Өскемен сынды сол тұста ұлттық сипаты мейлінше басқа кейіптегі шаһарда оқып бітіреді. Жамбыл атындағы бірден-бір қазақ мектеп-интернатында оқуы оған пайдалы болмаса зиянға шықпаған. Демек қалада оқығандығының арқасында ауыл баласына тән бұйығылықтан ада, тік жүріп, тура сөйлейтін, жан сарайы бүкпесіз бозбала болып қалыптасты.
Оңдасын бір жақсысы кейбіреулер секілді екі тілді араластырып шүлдірлеп кеткен жоқ. Осы тұрғыдан алғанда ол өзін аталған мектептегі қазақ әдебиеті мен тілінің мұғалімі Ғ.Әлімбаеваға қарыздармын деп біледі. Ал бұл кісі педагогика саласындағы өзіндік ізденісімен есімі ел көлеміне танылған ұстаз болатын. Айтпақшы, Оңдасынның асқаралы алпыс жылдығы сол аяулы ұстаздарының ұйғарымымен осы білім ұясында да аталып өтті. Ал оның да себебі жоқ емес. Яғни мұның алғашқы шығармашылық талпынысы мектепте жүргенде басталып, мақала, әңгімелері түрлі деңгейдегі басылымдарда басыла бастаған-ды.
Кейін ол талабы да кәдеге жарап, мектепті бітірген соң, бір жыл облыстық «Коммунизм туы» газетінде корректор болып қызмет атқарды. «Аз уақыт болса да, ол да бір өмір мектебі болды», деп еске алады бүгінде. Бұдан кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне келгенде баспасөзде жарияланған дүниелері мен облыстық басылымда қызмет еткендігі назарға алынған. Ал оның арада оншақты жылдан соң Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика факультетін қызыл дипломмен аяқтағаны, облыстық газет пен облыстық радиода жиырма жылдай қызмет атқарғаны кейінгі әңгіме.
Бұдан кейін ол республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметіне келген. Ал оның алдында бұл қызметті кезінде ұзақ жыл облыстық газеттің редакторы болған Мұқан Әбуғалиев сынды ұстазы абыроймен атқарған еді. Сол себептен де Оңдасын бас басылымның табалдырығын алғашқыда имене аттағаны да рас. Бір жақсысы, «Егеменнің» сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртазаның орынды талап, бағыт-бағдарымен тез арада егемендіктердің сапынан табыла білген. Әсіресе сол шақтағы туған жері Зайсан ауданындағы зілзала кезінде жазған жедел хабар, репортаждары басылым бетінде күнделікті жарияланып жатты.
Оңдасын Елубай ел басылымы «Егеменде» ширек ғасыр еңбек еткен екен. Оның сонша уақытта бірінші кезекте еліміздің шығыс өңірінің шежіресін қаламмен өрнектегені, осы өңірдегі малшы, кенші, әнші-күйші, ұлағатты ұстаз бен басқа да сан түрлі мамандық иелерінің бейнесін сомдағаны шындық. Ал екінші кезекте егемен ел спортшыларының тәуелсіздіктен кейінгі тыныс-тіршілігін тынбай жазғаны газеттің сан мыңдаған оқырманының есінде болар.
Оңдасынның спорт тақырыбына келуі кездейсоқ емес-ті. Ол туған жері Сарыжырадағы бастауыш мектепте оқып жүргенде пимаға коньки, шаңғыны іліп алып, өзі тұстас балаларға бас бола жүріп осындағы Мөжік, Ақатай өзендерінің үстінде жарыс ұйымдастырудан шаршап, шалдықпайтын-ды. Сонда тіпті сиырдың қатқан қиын доп қылып өздерінше хоккей ойнайтындарын қайтерсің! Сол шақтарда оның тіпті сырықпен секіріп, жүгіруден жүз метрлік қысқа жарысқа қатысқаны тағы бар.
«Егеменде» еңбек ете жүріп жеті бірдей Олимпия ойындары мен бес әлем біріншілігіне, Париж бен Сеулде өткен футболдан әлем кубогі додасына, басқа да дүбірлі жарыстарға барып, тамашалап қана қоймай, алыстағы құрылықтардан репортаж, суреттемелерді бұрқыратып жазуы сол балалық арманның басқаша сипатта жүзеге асуы деп білеміз. Сондай әлемдік сайыстардың біріне бару үшін астындағы темір тұлпарын сатып жібергені де бар. Жоғарыда шапшаңдық мұның басты қасиеттерінің бірі дедік. Соның тағы бір дәлеліндей, әлгіндей дүбірлі додалардан кейін арада бірер ай өтпей жатып оның жол сапар хикаялары оқырман қолына кітап болып жедел жететін. Бұл тұрғыдан алғанда оны кешегі спорт тақырыбының жілігін шағып, майын ішкен Сейдахмет Бердіқұлов сынды атағы жер жарған журналист-жазушының Несіп Жүнісбай, Бақтияр Тайжан, Қыдырбек Рысбек секілді шәкірттерінің қатарынан табыла білген азамат десе жарасады.
Шындығында спорт тақырыбына жиырмадан астам кітап жазу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жанкешті ерлік. Енді сол кітаптардың атауларына үңіліп көрелікші. «Шымыр келер шығыстың ұл-қыздары», «Жанарымда – жасыл құрлық», «Аламан – Париж-Сидней: саңлақтар самғауы», «Ежелгі Эллада елінде», «На земле древней Эллады», «Турин тағылымы», «Уроки Турина», «Алашты асқақтатқан Азиада», «Золотая Азиада Казахстана», «Жеңіс жалауын желбіреткен жетеу». Міне, сол кітап атауларының өзі көп нәрсені айпай-ақ аңғартып тұрған жоқ па?
Ал кейінгі үш-төрт жылда туған өлке, қазақ елін спорттағы елеулі жетістіктерімен төрткүл дүниеге әйгілеген жұлдызды шақтарына арналған төрттомдық түрлі-түсті, әсем безендірілген фотоальбом жинағы жарық көрді. «Айшылық алысқа алты сапар», «Өмірді суретпен өрнектеп», «Алашты асқақтатқан Азиада – Золотая Азиада Казахстана», Лондон олимпиадасы туралы шығарған «Жеңіс жалауын желбіреткен жетеу», «Алатауды дүбірлеткен 11 күн» атты фотоальбом кітабы оқырмандардың лайықты бағасына ие болды. Автордың осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы «Алатау» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен 5 мың данамен «Дүниені дүбірлеткен жеті дода» атты фотоальбом кітабы жарық көрді. Спорт тақырыбынан басқа кітаптары да жетерлік. Оның түсірген фотоларының өзі 5 миллионнан астам. 300 сағаттық бейнесюжеті мұның сыртында. Соның бәрі оның архивінің тарихи құндылығын айғақтаса керек.
Оңдасынның бұрынғы, қазіргі спорт саңлақтарымен жақсы таныс, жылы қарым-қатынаста болғанын да білеміз. Ол Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровпен жақсы аралас-құралас болды. Жақсылық ертеректе тұрақты түрде өткізіліп тұрған айтулы балуан Болат Тұрлыхановтың дәстүрлі турнирінің құрметті қонағы ретінде Семейге жиі келіп тұратын-ды. Сонда Оңдасынның мені атақты балуанмен таныстырғаны бар. Ал мен болсам Жақсылықты студент кезінен білетінмін. Бірақ арада ширек ғасыр өтіп кеткен соң, оның есінде жоқ шығармын деп үндемегенмін. Сөйтсем, Жақаң мені ұмытпапты. Иә, Жақсылық жарықтық өмірде мейлінше қарапайым жан еді ғой.
2001 жылы Оңдасынның спорт тақырыбына жазылған бес кітабының тұсаукесеріне Олимпиада чемпионы, желаяқ қызымыз Ольга Шишигина арнайы келген. Себебі ол мәре сызығынан бірінші болып жүгіріп өткенде оны бірінші болып құттықтаған Оңдасын екен. Сонда журналистер түгілі, спорт басшыларының өзі Ольгаға сонша сенім арта қоймаған. Мұны да әріптесіміздің көріпкел елгезектігі деп білген жөн.
Оңдасын Елубай – көпжылғы журналистік еңбегі лайықты бағасын алып келе жатқан қаламгер. Соның айғағындай ол мемлекеттік марапат – «Құрмет» орденінің, Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасының, онға тарта медальдың иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Өскемен қаласы мен Зайсан ауданының құрметті азаматы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстанның құрметті спорт қызметкері. Түрлі дәрежедегі грамоталары мен мерекелік медальдары жетіп-артылады.
Оның үлгілі отбасының отағасы екендігін де айта кеткеніміз жөн. Құдай қосқан жары Жүрсін – ұлағатты ұстаз. Қыздары Райхан мен Әсем – білікті маман. Оңдасын мен Жүрсін – бүгінде шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Ал халқымызда шөберенің қолынан су ішкен жан жұмаққа барады деген сөз бар.
Бұған алып-қосарымыз – Оңдасын әріптесіміз қазір де шығармашылық ізденісте. Жақында ғана Алматыдан «Көзден кетсе де...»деген естелік кітабы жарық көрді. Ол кітапта қазақ елінің абыройын асқақтатқан спорт саңлақтары Жақсылық Үшкемпіров, Самат Рамазанов, экстра класты төреші Түсіпхан Сайханов, бокстан Одақ чемпионы атанған Марат Орманбетов, 30 жасында самбо күресінен Мәскеу қаласының екі дүркін чемпионы атанған, алайда небәрі 30 жыл ғұмыр кешкен Марат Имашев, тағы басқа атақты спортшылар, өңір дамуының өркендеуіне ерекше үлес қосқан, бұл күндері арамызда жоқ ардагерлер туралы сөз болады. Сондай-ақ әріптесіміздің «Бұл – көшпелілер Олимпиадасы» атты жаңа фотоальбом кітабы Олимпия ойындары мен Әлем чемпионаттарында, ел біріншіліктерінде топ жарғандарға арналған.
Мен кейде әзілдеп он жылда бір өлең жазатыным бар деймін. Бүгінгі кейіпкерімнің елужылдық мерейтойында «Шығыста жігіт бар ма Оңдасындай, Қаламы Қамбар батыр жорғасындай. Бальзактай бұрқыратып тез жазасың, Сөзіңнің салмағы бар қорғасындай», деп басталатын жырды жазғаныма ширек ғасыр өткен екен. Иә, шын жүректен шыққан сол сөзге не алып-қосарсың! Жасай бер, жасампаз журналист бауырым!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
журналист-жазушы, «Егеменнің» ардагері