
Біз Диананы құқық магистрі ғана емес, халықаралық деңгейде танылып келе жатқан білікті ғалым ретінде жақсы білеміз. Бір жағынан, оның есімі ғылыми ортада «Scopus» халықаралық дерекқорында жарияланған мазмұнды мақалаларымен белгілі. Осы еңбектеріне біраз сілтеме жасалып, ғылыми зерттеулері үлкен қызығушылық тудырған. Сондай-ақ ол республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға да жиі қатысады. Әсіресе Лондонда өткен ғылыми форумда байыпты баяндама жасаған. Сондықтан әріптестері оның ғылымға адалдығы мен отансүйгіштік қасиетін ерекше бағалайды.
Зерделі заңгер 2018–2024 жылдары заң факультеті жанындағы жас ғалымдар кеңесінің белсенді мүшесі болды. Осы кеңес аясында ол жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп, түрлі ғылыми бастаманы іске асыруға атсалысты. Ғалым қызметінің маңызды бір бағыты – мемлекеттік антикоррупциялық сараптама жобасындағы жұмысы. Жоба аясында екі жыл бойы үйлестіруші қызметін атқарып, мемлекеттік органдардан келіп түскен нормативтік құқықтық актілерді сарапшыларға жолдау жұмысын тиімді жүргізді. Бұл тәжірибе оған мемлекеттік деңгейде құқықтық реформаларға үлес қосуға мүмкіндік берді.
«Құқықтану бұл тек ғылым саласы ғана емес, сонымен бірге бұл қоғамды өзгерту құралы. Менің ғылыми ізденістерім мен бастамаларым еліміздегі құқықтық мәдениетті дамытуға, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау саласын жетілдіруге бағытталған. Бұл ел болашағына қосылған үлес деп ойлаймын», деді ол.
Сондай-ақ Диана Көшенованың АҚШ пен Германияда тағылымдамадан өтіп, халықаралық қылмыстық құқық, криминология, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау салаларында шетелдік әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеген тәжірибесі өте мол. Қазір ғалым бұл тәжірибесін ғылым мен педагогика саласындағы қызметінде тиімді пайдаланып келеді. Бүгінгі таңда ол «Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің процессуалдық және криминологиялық ерекшеліктері» атты докторлық диссертациясын жазып жатыр. Ғылыми жұмысында мектептерде ювеналды криминологиялық профайлингті енгізу, аудандық деңгейдегі ведомствоаралық ювеналды комиссияларды құру сияқты тың ұсыныстар көтерілген. Бұл бастамалар еліміздегі кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді реформаның бір бөлігі болатыны анық.
Азат ЕСЕН