
Биылғы Параспартакиада 17 спорт түрі бойынша ұйымдастырылады. Соның ішінде 7 спорт түрінен жарыстар тікелей Астанада өтеді. Оларға отырып ойнайтын волейбол, пара таэквондо, пара дзюдо, бочча, пара би, пара садақ ату және пара каратэ кіреді.
Жарысқа еліміздің 19 өңірі мен қалаларынан 2000-ға жуық спортшы қатысады. Айта кетерлігі, биыл алғаш рет интеллектуалдық даму ерекшелігі бар спортшылар да Спартакиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Олар жүзу, жеңіл атлетика және үстел теннисі бойынша өз шеберліктерін көрсетеді. Астана қаласы жарыстың негізгі ұйымдастырушысы ретінде қатысушыларды өз спорт нысандарында қабылдайды. Қалған спорт түрлері Ақмола, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында 30 маусымға дейін өтеді.
Елорда атынан Параспартакиадаға 189 спортшы қатысады. Олардың арасында елге танымал параспортшылар да бар. Атап айтқанда, пара дзюдо бойынша — Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей және Асылан Нұрдәулетов, пара жүзуден — Сиязбек Далиев пен Әли Турғанбек, пара нысана көздеуден — Севда Әлиева, ал жеңіл атлетикадан — Айсұлу Сүлейменова ел намысын қорғайды.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі 4 маусым күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Ал жабылу салтанаты 30 маусымда Өскемен қаласында ұйымдастырылады.
Арайлым МЫРЗАХАН, ЕҰУ 2 курс студенті