Экология • Бүгін, 20:20

Өскемендегі өндіріс ошағынан ақау шықты

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше кешкісін Өскемендегі Согра шағын ауданының өнеркәсіптік аймағын көк түтін басып, облыстық экология департаментінің мамандары «УК ТМК» АҚ орналасқан ауданға барып, тексеру жүргізді.

Өскемендегі өндіріс ошағынан ақау шықты

Оқиға орнында атмосфералық ауаның сапасына аспаптық өлшемдер қойған. Экология департаментінің мамандары тұрғындарға төнген қауіп жоқ деседі. Алайда, денсаулық сақтау басқармасы халыққа ескерту жасады.

«Көздеріңіз ашып, тамақ жыбырлап немесе тыныс алу қиындаған белгілер болса дереу медициналық көмекке жүгініңіздер. Қаладағы медициналық мекемелер үздіксіз жұмыс істеп тұр. Әрбір тұрғынға қажетті көмек көрсетуге дайын» деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасының мамандары.

Қазір жағдай жергілікті биліктің бақылауында, мамандар ауа сапасы мен халықтың денсаулығын қадағалап отыр.

Сондай-ақ, Согра шағын ауданындағы жағдайға байланысты мектеп оқушылары қашықтықтан оқуға ауыстырылды.

Комбинат берген мәліметке сүйенсек, сол күні №3 хлорлау қондырғысында бір бөлшек құлап, түтін құбыры бітеліп қалған. Кәсіпорын зертханасы санитарлық-қорғау аймағы шегіндегі ауаны тексеріп, ауа құрамындағы хлор шекті деңгейден аспағанын мәлімдеді.

Жағдай жергілікті билік пен «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының бақылауында.

«Казгидромет» РМК қалада II дәрежелі қолайсыз метео жағдай тіркелгенін хабарлады.

Өскемен