Қоғам • 20 Мамыр, 2025

«Қазақ ауылында туып-өскенімді мақтан тұтамын!»

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өмірге келген сәтіңнен бастап, туған жерің саған алтын бесік-атамекен болып саналатыны сөзсіз. Ол мекен – әке-шешеңнің, ата-әжеңнің, арғы ата-бабаларыңның, сенен кейінгі ұрпақтардың құтты қонысы, мекені. Менің туып-өскен жерім – Солтүстік Қазақстан облысы  Есіл ауданындағы Бұлақ ауылы. Бақытты балалық шағым осы ауылда өтті.  Үлкен қазақ ауылында жалғыз ғана орыс отбасы тұрдық. «Сен орыссың, біз қазақпыз» деп бөлгендерін ешқашан естімегендіктен отбасымызбен  әбден сіңіп кеткеніміз шындық.

«Қазақ ауылында туып-өскенімді мақтан тұтамын!»

Ең алдымен бұл ауылға атам мен әжем қоныс аударған, кейін осы жердің топырағы бұйырды. Көз алдыма үнемі сенім мен сыйластықта өмір сүрген ауыл адамдары келеді. Әлі есімде көршілеріміз Таймуллиндер, Қожахметовтар, Мұқашевтер отбасылары туғанымыздай  жақын болып кетті.

Ауылдың балаларымен бірге қой бағатынбыз. Сондағы  дала шөбінің хош иісі-ай! Сол аяулы сәттерді есіме алсам көзіме  еріксіз жас келеді. Жаздың жайма шуақ күндерінде Бақытгүл және Роза  деген достарыммен үй маңайындағы көгалға көрпемізді жайып, қуыршақ ойнасақ,  інілерім де өздері  шамалас балалармен доптың қызығына енетін. Балалық шағымыздағы достарымызбен әлі күнге дейін араласып тұрамыз.   

Тамырларымыз, марқұм  Қайырлы аға мен Сапура тәте Қашағановтар туралы  ерекше айтқым келеді. Олар әжем Милютина Анастасиямен жақын дос болатын. Бұл отбасылық достық әрі қарай да жалғасын тауып, ұлдары Сапар менің  әке-шешеммен жекжаттық байланыста. Әлі күнге дейін туыстық, жақындық ара-қатынасымыз үзілген  емес. Бұл кісілер үйде ұйымдастырылатын мерекелеріміздің сыйлы қонағы.                      

Әкем Василий кезінде «Қазақша күрес»  спорт  түрін жақсы меңгерген, совхозда механизатор болып жұмыс істеген ауылдың сыйлы адамы болды. Анам Валентина бізге бауырсақ пісіріп, айран ұйытатын. Анамның замандасы Күміс Иманбаирова айран ұйытуы үйреткені де есімде. Бүгінге дейін күніне бірнеше рет телефон арқылы сөйлесіп тұратын, бір-біріне деген сыйластығы үзілмеген адал достар. Жалпы әке-шешем қазақ халқының салт-дәстүрлеріне сыйластықпен қарап, үйреніп қана қоймай, біздің де бойымызға сіңіре білді. Көршілермен бірге соғым сойып, кісілерді қуырдаққа шақыратыны есімнен кетпейді. Ауылдағы  балалармен бірге ойнап, бірге жүріп қазақ  тілін еркін меңгердім. Алғаш  қазақ мектебінде сауат аштым. Үйдегі менен кіші үш інім де қазақша таза сөйлейді. Ата-анам мен  туған ауылым менің бойыма тілге,  елге деген құрметті сіңіре білді. Бүгінгі күні мектепте қазақ тілі мен әдебиеті мүғалімімін. Осы жолды таңдауыма өз ісінің маманы, қазақ тілі мен әдебиетінен тәлім алған ұстазым Мұхамеджанова Гүлсария Елеукенқызының ықпалы ерекше болды. Өзім сияқты Бұлақ ауылынан  шыққан әрі әріптесім, әрі құрбым Тәттібаева Айжан Боранбайқызы мен  ауылымыздың келіні Оспанова Балғаным Дюсенқызы сияқты  қазақ тілінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген мұғалімдерінің еңбектерін ерекше бағалаймын.

Жалпы мен үшін Бұлақ ауылының  адамдары ерекше ыстық. Ең бақытты, таза, уайым-қайғысыз кездерімді осы ауылмен байланыстырамын. Жиі түсіме кіреді.Осындай қазақ ауылында туып-өскенімді мақтан тұтамын! Мемлекеттік тілді осы деңгейде үйреткені үшін еліме, жеріме алғысым шексіз!

 Людмила Милютина,

Петропавл қаласы

№ 17 ұлттық өркендеу орта мектебі

қазақ  бөлімінің  мұғалімі,

«Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы» ҚБ мүшесі