Үкімет • Бүгін, 09:12

Жол сапасы Үкімет сағатында талқыланады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен бюро өтті. Онда депутаттар 22 мамыр күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Сондай-ақ осы аптада өткізілетін іс-шараларды пысықтады.

Жол сапасы Үкімет сағатында талқыланады

Отырыс барысында бюро мү­шелері «Қазақстан Республика­сының Үкіметі мен Қырғыз Рес­пуб­ликасының Министрлер Ка­бинеті арасындағы инвестициялар­ды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды палата отыры­сы­ның күн тәртібіне шығару жөнінде қаулы қабылдады. Бұл заң екі ел ара­­сындағы экономикалық ын­ты­мақ­тастықты нығайтуды көздейді. Атап айтқанда, бір тарап­тың екін­ші тараптың аумағын­дағы ин­вес­тицияларын жүзеге асыру, сондай-ақ екі мем­лекет­тің аумақ­тарындағы инвес­тиция­лық қыз­метке байланысты мәсе­ле­лер­ді реттеу үшін қолайлы режім құру тәртібі мен шарттарын айқындайды.

Сонымен қатар бюрода Сенат комитеттері өткізетін алдағы іс-шаралардың тақырыптары талқы­ланды. Осы аптада рес­публикалық бюджеттің әлеу­меттік салаға арналған шығыс­тары бойынша мемлекеттік аудит­тің нәтижелері туралы және Қазақстандағы мемле­кет-жекеменшік әріптес­тігінің мәсе­лелері мен перспективалары жөнінде отырыстар өтпек. Сондай-ақ депутаттардың мүдделі тараптармен «жасыл» технология­лар мен инвестицияларды дамы­туға қатысты бірқатар кездесуі ұйымдастырылады.

Жоспарланған маңызды іс-шаралардың бірі – «Қазақстан Республикасында автомобиль жолдарын салу және пайдалану: ағымдағы жай-күйі, өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары» тақырыбына арналған Үкімет сағаты.

«Үкімет сағатында осыған дейін өткізілген кездесулерде сарапшылар айтқан ұсыныстарды ескере отырып, саладағы қордаланған мәселелерді жүйелі шешу жолдары талқыланады. Жолдың сапасы көлік инфрақұрылымы ғана емес, сондай-ақ ол – тұрғындар­дың қауіпсіздігі, экономикалық белсенділік пен өмір сүру сапасы­ның көрсеткіші. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне, оның ішінде ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың жай-күйіне назар аударды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық мақсаттар аясында нәтижелі жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ бюро мүшелері бұған дейін Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Сенаттың комитеттеріне бөліп берді.