Заң мен Тәртіп • 20 Мамыр, 2025

Отбасы мәселесі заңмен реттеле ме?

110 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы­лық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше заңға қол қойды. Президент­тің зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату бастамасы қоғам тарапынан қызу қолдау тапты. Бұл мәселе Парламент палаталары отырыстарында, Ұлттық құрыл­тай мінберінде, басқа да алқалы жиындарда жан-жақты талқыла­нып, отбасылық мәселелерді шешуге қатысты кешенді ой-пікірлер әлі де айтылып жатыр.

Отбасы мәселесі заңмен реттеле ме?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сол бәріне ортақ күресті өңірлер қалай жүзеге асырып жатыр? Алматы қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Жанат Айтпаева отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балаларды қорғау, қауіпсіз отбасылық ортаны қалыптастыру үшін жүйелі жұмыстар үздіксіз жүргізілу керек екенін айтады.

«Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу дегенде ең алдымен әйелдердің құқығын қорғау мәселесі ойға оралады. Бұл бағытта оң өзгеріс бар болғанымен, әлі де жүйелі шешімді қажет ететін мәселе жетерлік. Мәселен, көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайы күрделі күйінде қалып отыр. Олардың көбі тұрақты табыстың болмауы, тұрғын үй мәселесінің шешілмеуі, жұмыссыздық секілді қиындықтарға тап болып келеді. Сонымен қатар бала тәр­биесі мен жұмысты қатар алып жүруге мәжбүр жалғызілікті аналарға ерекше қол­дау қажет. Бұл проблемаларды мемле­кеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік бағ­дар­ламалар толықтай шеше алмайды. Сон­дықтан да оны шешудің жолын қоғам болып табуымыз керек», деді Ж.Айтпаева.

Спикер әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық физикалық тұрғыда ғана емес, психологиялық және экономикалық қысым түрінде де көрініс табатынын, осыған байланысты Алматы қаласы Полиция депар­таментінде отбасылық зорлық-зомбылық­пен күрес жөніндегі арнайы бөлім жұмыс істейтінін, ол бөлім зорлық-зомбылық фак­тілерін анықтап, алдын алу шараларын жүргізіп, зардап шеккендерге құқықтық көмек көрсететінін тілге тиек етті.

Қарағанды облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Қарағанды қаласындағы Отбасын қолдау орталығының директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі Ләззат Қожахметова қазіргі таңда Мемлекет басшысының бастамасымен ана мен бала қауіпсіздігін қорғау мәселесінде жауапкершілік күшейіп, бірнеше заңға оң өзгерістер енгенін, бұл жұмыс келешекте де тоқтамау қажеттігін алға тартты.

«Кейінгі жылдарда отбасылардың ажырасу саны күрт өсіп кетті. Өкінішке қарай, біздің Қарағанды облысы ажырасу бойынша алдыңғы үштікте тұр. Бұл жайт алимент өндіру тетіктерін қайта қарау қажет екенін аңғартып отыр. Жалғызілікті аналар балаларын асырау үшін күні-түні үй бетін көрмей жұмыс істейді. Тіпті ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыты да жоқ. Сондықтан да ажырасқан отбасылардың балаларының әлеуметтік жағдайын оңалту үшін алимент өндіру талаптарын қатайтатын арнайы заң қабылдау керек», дейді Л.Қожахметова.

Маман отбасылардың бөлінуіне себеп болып отырған алкоголизм, лудомания, жұмыстың болмауы сияқты жайттарға да кеңірек тоқталды.

«Ажырасудың басты себептерінің бірі – әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Сондай-ақ әйелдер мен ерлердің репродуктивті денсаулығы да ажырасудың басты себебі болып отырғанын ұмытпауымыз керек. Ер азаматтар дәрігерге көрінуге асықпайды. Тіпті қажет деп ойламайды да. Бұл бақытты отбасын құруға кері әсерін тигізеді», деді ол.

Отбасылардағы зорлық-зомбылықтың бастауында тұрған тағы бір мәселе – ерте тұрмыс құру. Кәмелетке толмаған қыздардың жыныстық қатынасқа ерте түсу қалыпты жағдайға айналып барады. Сарапшылар бұл, біріншіден, жастардың жыныстық ауру­мен сырқаттану қаупін арттыратынын, екіншіден, олардың ерте күйеуге шығуына да себеп болатынын айтады.

«Ерте жыныстық қатынасқа түсу, ерте отбасын құру қыз балалардың білімін жетіл­діріп, мамандық алу жолын бөгейді. Отбасында тату-тәтті өмір сүру, әлеуметтік-психологиялық үйлесімділіктің болуы ата-ананың біліміне, біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан да балаларға жыныстық білім беруді мектептен бастауымыз керек», дейді Л.Қожахметова.

Сарапшының айтуынша, Қарағанды облысында Отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық орталығы ашылған. Отбасын жоспарлау және репро­дуктивті денсаулық орталығында генетик, онкомаммолог, уролог және басқа да мамандар азаматтарды тегін қабылдайды. Пациенттердің қажетті кеңес пен емдік көмек алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ облыста жастарға арналған Денсаулық орталықтары жұмыс істейді. Онда жастар барлық дәрігердің қабылдауына кіріп, ем қабылдай алады.

Отбасылық проблемаларды азайту үшін әйел азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыру керек. Бұл жөнінде Ж.Айтпаева пікір білдірді.

«Алматы қаласында әйелдердің ман­сап­тық өсуіне мүмкіндіктер кеңейіп келеді. Мәселен, қала әкімінің орынбасары – әйел адам, сондай-ақ екі ауданның әкімі – әйел азаматтар. Бұған қоса аудан әкімдерінің орынбасарлары мен басқарма басшыларының қатарында да әйелдер бар. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесіндегі әйелдердің рөлін арттыруға және олардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаламызда өз кәсібін ашып жатқан әйелдердің саны да артып келеді. Бірақ еңбек нарығын­да­ғы гендерлік теңсіздік түпкілікті шешілді деу­ге әлі ерте. Әйелдер, әсіресе көпбалалы аналар, жұмысқа орналасу кезінде жоғары талаптар мен шектеулерге жиі ұшырайды. Сондай-ақ ерлермен бірдей қызмет атқарса да, олардың жалақысы төмен болуы мүмкін. Отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау үшін еңбек нарығындағы теңсіздіктің алдын алып, әйелдердің кәсіп игеруіне жол ашуымыз қажет», деді ол.

Қоғам отбасылық институттың әлсіреуі себебінен түрлі проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. Мәселен, кәмелет жасқа толмаған қыздардың жүктілігі, буллинг және жасөспірімдер арасындағы суицид секілді қатерлердің туындауына отбасылық жағдай, әлеуметтік ортаның әсері, интернет кеңістігінің теріс ықпалы, психологиялық күйзеліс және қажетті қолдаудың болмауы әсер етіп жатыр. Сондықтан да сарапшылар бұл мәселелермен күресудің кешенді жүйесін құру керектігін алға тартты.

«Алматы қаласында кәмелетке тол­ма­ғандардың істері және олардың құқық­тарын қорғау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Ол мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және қоғамдық бастамалардың қызметін үйлестіріп, бала­лардың құқықтарын қорғауға, құ­қық бұзу­шылардың алдын алуға және жас­өспірім­дер үшін қолайлы әлеуметтік орта қалып­тастыруға бағытталған шараларды жүзеге асырады. Сондай-ақ балалар мен олардың отбасыларына уақтылы көмек көрсету мақ­­сатында Алматы қаласының Білім бас­қармасына қарасты Психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл жерде балалар, ата-аналар және педагогтер тегін консультация алып, психологиялық көмекке жүгіне алады. Орталық білім беру мекемелері­мен тығыз жұмыс істеп, жасөспірімдердің көңіл күй жағдайын жақсартуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кейінгі жылдары әлеуметтік желілердің, онлайн ойындардың және интернет контенттің жасөспірімдердің психикасына әсері айтар­лықтай күшейді. Интернеттегі қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында «Bilim Foundation» ұйымымен бірлесіп, оқушылар мен ата-аналарға арналған вебинарлар өткіздік. Онда интернетке тәуелділік, кибербуллинг және зиянды ақпараттардан қорғану жолдары түсіндірілді», деді Ж.Айтпаева.

Мамандар отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін түпкілікті шешу үшін ер азамат­тардың жағдайын да ұмыт қалдыруға болмайтынын тілге тиек етті. Олардың айтуына қарағанда, қазіргі бағдарламалардың басым бөлігі әйелдер мен балаларды қолдауға ба­ғытталған. Сарапшылар әке институтын ны­ғайтуды назарға алу керек екенін алға тартты.

Сала мамандарымен сөйлескенде елі­мізде отбасыларды қолдау мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғардық. Бірақ көптеген отбасы мұндай орталықтардың бар екенін білмейді немесе олардың қандай көмек көрсете алатынынан хабарсыз. Сондықтан бұл мәселені көпке жеткізу ісінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер сергектік таныту керек сияқты.

Отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір қабылданған шара нақты нәтиже беруі керек. Әрине, кейде түрлі пікірлер мен күмәнді ойлар туындауы әбден мүмкін, бірақ ең бас­тысы – нақты әрекет ету, адамдарға шынайы көмек көрсету. Сондықтан отбасын қолдау орталықтарының жұмысы дамып, баршаға қолжетімді болып, өз міндетін толық атқаруына бәріміз мүдделі болуымыз өте маңызды.