Тағзым • Бүгін, 08:35

Тайжан туралы тың дерек

50 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атақты Тайжан ақынның немере келіні Гүлдәрі Оспанова Жезқазған қаласында тұрып жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Ол Тайжан Қалмағамбетов жөнінде толғана сөйледі. 81 жастағы Гүлдәрі апа – Тайжан ақынның немересі Әбдікәрім Шубайұлының жары. Жұбайы 2006 жылы 68 жасында дүние салыпты.

Тайжан туралы тың дерек

Ұлытаудан сегіз ша­қы­рым қа­шық­тағы Айыртауда туған ақын бес ағайынды екен, төртіншісі Тайжан тоғыз жасында ұйықтап жатқанда «көген керегі жоқ, өлең аламын» деп айқайлап ояныпты. Түсінде «көген аласың ба, өлең аласың ба?» деп аян бергенде, әлгіндей депті. Әкесі Қалмағамбет ірі молда болған. Түркістан облысына қарайтын Қарнақта (қазір Атабай деп аталады) медресе бітірген. Әкесі «көген алуың керек еді, мына бала дұрыс таңдау жасамады» деп үйден қуып шығыпты. Содан атамызға өнердің ұшқыны тиіп, ауыл-аймақта қолма-қол өлең шығарып, дала кезіп кетеді. Ауыл адамдары әкесі Қалмағамбетке «баланы Көкшетаудағы нағашысына жібер» дейді. Туған нағашысы – атақты ақын, сазгер, әнші Үкілі Ыбырай.

Ақын атамыздың анасы Мейіз – атақты Үкілі Ыбырайдың әпкесі. Әкесі кірешілерге ілестіріп, он жасар ұлын сонда жібереді. Көкшетауға кіре бергеннен «мен алыстан нағашымның топырағына келдім. Ма­ған ат та керегі жоқ, табыс та керегі жоқ, на­ға­­шым­нан бата керек», дейді. Жасы 45-тен асқан нағашысының атағы дүркіреп тұрған шағы екен. Үш-төрт ағайыны «жиеніміз келді» деп ел аралатып, ақындығына сыншы болып, тойларға апарып, өнеріне жол ашады. Қызылжардағы жәрмеңкеде өнер көрсетеді. Бір жарым жыл ішінде ақындық дарыны ашылып, есімі елге таныла бастайды. Кетерінде нағашы атасы Ыбырайдың батасын алады. Нағашысы Ұлытауға үкілеп шығарып салып тұрып: «Мендегі бар өнерді мына жиен алып кетті», депті.

Тайжан ел аралап, Қызылорда жаққа барады. Оңтүстікте жиі болады. Қарсақбайда мыс зауыты ашылып, жан-жақтан ақын-жазушылар келіп, Тайжан ақынмен танысады. 1932 жылы Қарсақбайдағы «Қызыл кенші» газетінің редакторы Әбділдә Тәжібаев Тайжанмен жақын танысып, өлеңдерін газетке басады. Атамыз осы өлкедегі бар қазынаны тапқан Қаныш Сәтбаевпен танысады. Ғұлама ғалым оны Жамбыл Жабаев, Сәкен Сейфуллинмен сырттай таныстырып, 1934 жылы Халық өнерпаздарының республикалық слетіне баруға көмектеседі.

Алғашқы слетке өзінің тұңғыш ұлы Әшімханды ала барады. Айтысқа қатысады, ән орындайды. Слетте сахнаға ұлын қоса алып шығады. Тайжан ақын Жезқазған, Қарсақбай кеніші туралы өзі шығарған термесін орындайды. Сол кезде тоғыз жасар тұңғыш ұлы Әшімхан екі аспапта: мондалина және сырнаймен Үкілі Ыбырайдың «Мақпал», «Қараторғай» әндерін орындайды.

Атамыз барған жерінде домбыра болмаса, ағашты жонып, домбыра жасап алады екен. Көбіне әнін сырнай, қобызбен айтады. Осы үш түрлі аспапта ойнаған.

Кенен Әзірбаевпен айтысқаны туралы дерек бар. 1936 жылы Мәскеудегі алғашқы қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Сәкен Сейфуллин жыр алыбы Жамбыл Жабаев бастаған 360 өнерпаз­ды Мәскеуге дайындайды. Атамыздың по­йыздан алған әсері керемет болады. Бір жа­ғында – Күләш Байсейітова, бір жағында – Шара Жиенқұлова. Тоқсанға келіп қалған Жамбыл атамызға «шымылдықты сіз ашасыз. Қазақтың кім екенін танытып, толғайсыз ғой» дегенде, Жамбыл ақсақал келіседі. Бірақ жолда төрт күн жүріп, пойыз­да шаршап, қан қысымы көтерілген Жамбыл ата онкүндіктің шымылдығын аша алмайтындықтан, Сәкен Сейфуллин Тайжанға «сіз төкпе ақынсыз. Қазақстан туралы, еліміздің байлығы, Ұлытау, Көкшетау, Гурьев, Түркістан туралы толғай аласыз. Сырнайыңызбен айтқаныңыз дұрыс», дейді. Сөйтіп, сахна шымылдығын сырнаймен ашып береді. Жырына Ұлытауды арқау еткен ақын Қаратау өңірі, Алматы қаласын, Гурьевтің мұнайын айтып, қазақтың салт-дәстүрін де тілге тиек етеді. Бұл үлкен шараға И.В.Сталин қатысады. Өнеріне тәнті болған И.Сталин орнынан үш тұрып, үш отырған екен. Тайжанның зор дауысы көш жерден естіледі. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болған Михаил Калининнің қолынан медаль алады. «Бұл кісі 55 жасқа келген екен, дербес зейнетақы тағайындалсын» деп И.В.Сталин қол қойған бұйрықпен зейнеткер атағын алып, елге оралады. Ақынды қарсы алу жағын Қаныш Имантайұлы ұйымдастырады. Клуб алдына оқушыларды, колхозшыларды жинап, салтанатты түрде қарсы алады.

«Екі енем – ақын атаның бәйбішесі Өлмесек әжеміз бен туған енем Күләй ол кісі туралы көп естелік айтып отыратын. Тайжан ақын жүрген жерінде бала көтермеген әйелдерге немесе сырқаттанып қалған балаға, асқазаннан ас жүрмей қалған үлкен кісілерге ішірткі жазып, «тфу» деп түкірсе орнынан тұрып кетеді екен. Мен өзім дәрігер болып жүрген кезімде Байқоңыр жағынан бір әжелер ауруханаға түсті. Әттеген-айы, аты-жөнін жазып алуым керек еді. Сонда бір әже: «Менде бөпе болмап еді. Ақын көке келді дегеннен кейін бәріміз сол жерге жиналып барғанда «балам көңілің қайғыға толып тұр ғой. Сенің не ойың бар айтатын», деді. Мен «босаға аттағаныма жеті жыл болса да, сәби көтере алмай жүрмін» дегенде бір қағазды алып, сүйкеп-сүйкеп жіберіп «Келесі жылы балалы боласың. Ұл туасың, бірақ бір жерінде аздап өзгеріс болады» деп қағазды қолыма ұстатты. Келесі жылы мен ер бала босанып, сол құлағы бүрік болып туды» деп әңгімелеп еді», дейді өткенді еске алған Гүлдәрі Оспанова.

Тайжан ақын өте әділ екен. 1937 жылдары Қарсақбайдағы базарда бір орыс пышағымен доңыздың, сиырдың етін бұзып, сатып жатады. Соған «мұның дұрыс емес. Мұсылмандарға басқа пышақ пайдалан» деген сөзі үшін Қарсақбайдың түрмесіне түседі. Қағаз жоқ, өлеңдерін түрменің қабырғасына жазады. Алайда абақтыдан сол күйі оралмаған... Қасындағы Байел деген рулас туысы түрмеден аман шығады. Туған-туыс «өзің аман-сау түрмеден шықтың, Тайжекеңді көрдің бе?» деп сұрағанда: «Иә, ағамды көрдім. Қабырғаларға өлеңдер жазыпты. Шамам келгенше көшіріп алдым. Оқып берейін», деп, өлеңді оқи бастағанда бір туысы: «түрмеден әрең шығып отырсың, тағы түсейін деп пе едің?», деп дәптерді отқа жағып жібереді.

Атамызды ұстаған күні НКВД жендеттері дүниесін өртеген. Тайжанның әкесі қажылық сапардан әкелген Құран кітабы өртенбей қалыпты.

 

Ұлытау облысы