Саясат • 17 Мамыр, 2025

Іргелі ұйымдармен ықпалдастық ілгерілейді

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Іргелі ұйымдармен ықпалдастық ілгерілейді

Іс-шараға тиісті меке­ме­лердің өкілдері, сон­дай-ақ Қа­зақстандағы ЮНЕСКО коми­тет­тері мен қауым­дастық­та­рының басшылары қатысты.

Жиында ЮНЕСКО және ИСЕСКО ұйымдарымен ара­дағы ықпалдастықты да­мытуға қатысты басымдықтар мен жоспарлар талқыланды. Ерлан Қарин Мемлекет басшысының ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар ауда­ратынын айтып, оның тап­­сыр­маларын орындаудың ма­ңызына тоқ­талды.

ЮНЕСКО ұйымы өткен жылдың соңында қазақтың біре­гей салты – «Беташарды» Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репре­зен­тативтік (үлгілі мұралар) ті­зіміне енгізген еді. Осы ретте Ұлттық комиссия мүшелері ұйымның бұл шешімін ерекше ықыласпен қабылдады. ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің басшысы Амир Пирич Мемлекеттік ке­ңесші Ерлан Қаринге «Бет­ашар­дың» аталған тізімге енгені туралы түпнұсқа сертификатты табыс етті.

Сондай-ақ отырыста Қазақ­станның мұрағаттық және тарихи-құжаттық материалда­рын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» атты халықаралық тізі­міне енгізуге қатысты жұмыс­тарды жандандыру қажеттігіне назар аударылды. Мысалы, 14 жыл үзілістен кейін биыл сәуір айында осы тізімге «Хандар шежіресі» қолжазбасы енгізілді.

Басқосуда алдағы іс-ша­ра­ларға қатысты мәселелер де қарастырылды. Атап айтқанда, ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұр­ғиса Тілендиевтің 100 жыл­дық мерейтойын атап өту және Самарқанд қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның 43-і Бас конфе­рен­циясына дайындық жұ­мыстары талқыланды.