Қоғам • 17 Мамыр, 2025

Жаңа тұжырымдаманы әзірлеуге қатысады

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шара бейбітшілік пен өркендеу жолында тақырыбына арналды.

Жаңа тұжырымдаманы әзірлеуге қатысады

Мәулен Әшімбаев қатысу­шыларға ілтипат білдіре келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргі­зіліп жатқан ауқымды саяси ре­формалардың нәтижесінде Қа­зақстан халқы Ассамблеясының қызметі тың серпін алғанын атап өтті. Сондай-ақ палата спикері елімізде бейбітшілік пен келісімді нығайту айрықша қоғамдық-саяси маңызға ие екенін айтты. Ассамблеяның жұмысы табан тірейтін «Бірлігіміз – әр­алуандықта» қағидаты инклюзивті мемлекеттік саясаттың негізгі мәнін көрсетеді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөй­леген сөзінде Ассамблеяның бас­ты міндеті Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту екенін айрықша атап өтті. Мем­лекет басшысы белгілеп берген мақсат-міндеттер қоғамда келісім, сый­ластық және ынтымақтастық сияқ­ты құндылықтарды берік ор­нықтыру жолындағы күн тәр­тібін айқындайды. Еліміздің жан-жақты дамуын көздейтін осы стратегиялық бағдарды қолдау аса маңызды. Аза­маттық қоғамның белсенді қол­дауының нәтижесінде және Ассамблеяның барлық инс­титуттарын, мемлекеттік құ­ры­лымдарды, депутаттық корпус­ты жұмылдыра отырып, біз тұ­рақты, әділетті, әлеу­меттік және инклюзивті Қазақстан қалып­тастыра аламыз, – деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасы атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастың ұлттық үлгісін көр­сеткен маңызды институтқа айналды. Сонымен қатар ол қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы заңнамалық қам­тамасыз ету жұмыстарын үйлес­тірудің және ортақ мүддеге күш жұмылдырудың маңызына тоқ­талып, бұл «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының негізгі мін­деті екенін айтты. Бұған қоса Сенат төрағасы аталған топ ҚХА-ны 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасының негізгі басым­дықтарын талқылайтын маңызды алаң бола алатынын тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысының жү­йелі реформаларын іске асыруда Ассамблеяның рөлін түсіну және оны тұжырымдау аса маңызды. Қазір біздің алдымызда Әділетті, Әлеуметтік және Инклюзивті Қа­зақстан құру міндеті тұр. Бұл істе Ассамблея үлкен рөл атқаруға тиіс. Жаңа тұжырымдамада осы жұмыстың бағыт-бағдарын нақты көрсетіп, жазуға болады. Жалпы, біздің халқымызға қонақжайлық, са­наның ашықтығы, ұтқырлық, қам­қорлық, жауапкершілік сияқты қа­сиеттер тән. Осындай құнды­лық­тар озық және тартымды болуға ұмтылған елдің жаңа брендтерінің біріне айналуы керек. Бұл – ұлттық мүддені халықаралық деңгейде дәріптеудің заманауи тәсілдерінің бірі. Мұнда да Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқара алады. Сондай-ақ Ассамблея жас­тармен белсенді жұмыс жүргізуі қажет. Сол арқылы келісім мен диа­­лог саясатының сабақтастығын қам­тамасыз етуге жол ашылады. Бұл заманау­и және креативті тәсілді талап ететіні анық, – деп палата төрағасы Сенат жаңа тұжырым­даманы әзір­леу жұмыстарына бел­сенді қаты­сатынын айтты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының VIII съезіне да­йындық барысына да назар аудар­ды. Ол аталған форум ҚХА сияқ­­ты халықтық дипломатия мен диа­лог және құрмет пен сенім мәде­ниетін ілгерілетуге қызмет ететінін жеткізді.

Отырыста қозғалған мәселе­лерді талқылауға Парла­мент­тің және облыстық мәсли­хат­тардың депутаттарымен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төраға­сының орынбасары Марат Әзілханов, «Родина» агрофирмасы» ЖШС директоры Иван Сауэр, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, мем­лекеттік органдар мен саяси партия фракцияларының өкілдері, Сенат жанындағы Сарап­шылар клу­бының мүшелері және тағы басқа белсенді азаматтар қа­тысты.