
Көктем келгелі көктен нәр тамбаған Науырзым ауданының шаруа қожалықтары да топырақ ылғалын жоғалтпай тұрғанда тұқым сеуіп үлгеруге асық. Аталған ауданға қарасты Өлеңді ауылындағы «Богдан» шаруа қожалығы биыл 2 мың гектар алқапқа дән сіңіруді жоспарлап отыр. Шағын шаруашылық бүгінге дейін 1 мың гектар жерге тұқым сеуіп үлгерген.
Меңдіқара ауданындағы Серік Мұқанов басқаратын шаруашылық та алқаптың шетіне техникасын иіріп қойып, көктемгі науқанға сақадай-сай отыр. Шаруашылық өз иелігіндегі 6,5 мың гектар егістік жердің ылғалын жауып тұқымын қамдап қойған.
«Биыл енді қар аз болды. Соның өзінде бір метрден артық ылғал бар. Осы жеткілікті деп ойлаймын. Енді еккеннен кейін көре жатармыз. Жаңбырға қараймыз, көреміз. Әлі де жаңбыр керек. Жаңбыр артық болмайды. Біз жақта көктемгі егіс жұмыстары топырақ температурасы түн мезгілінде +13-14 градусқа жеткенде басталады. Науқанға дайынбыз», дейді шаруашылық агрономы Аслан Абдуллин.
Аталған шаруашылық биыл майлы дақыл алқабын 10 мың гектарға жеткізген. Бидай, бұршақ дақылдарының көлемі, керісінше, жыл санап кеміп барады.
«Біз біртіндеп алқапты әртараптандырып, нарыққа бейімделіп келеміз. Қазір бидай арзан, сұраныс төмен. Ал майлы дақылдың бағасы қашанда тұрақты, сұраныс та бар. Көктемгі науқанға мемлекет жылда қаржылай көмек көрсетіп келеді. Бірақ биыл субсидияны кішкене кешігіңкіреп берді. Таяуда 5 пайыз жылдық өсіммен несие де алдық. Тұқым қоры жеткілікті. Биыл Ресейден, Қызылжар өңірінен жаңа тұқым сатып алдық. Жағдайымыз жаман емес, жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр», дейді Серік Мұқанов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Кенже Жұмандықовтың айтуынша, өңір шаруашылықтары көктемгі егіс науқаны қарсаңында тұқыммен де, жанар-жағармаймен де толық қамтамасыз етілген. Қазір қоймада 514,2 мың тонна тұқым бар. Көктемгі дала жұмыстарына 72,8 мың тонна дизель отыны бөлінген. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жанармайдың литрі
254 теңгеден беріліп жатыр.
Мұның сыртында, шаруаларға Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Кең дала» жəне «Кең дала 2» бағдарламалары бойынша 84,1 млрд теңге, ал Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу тетігімен 7 млрд 350 млн теңге бөлінген.
Биыл көктемгі егіс науқанына 19,2 мың трактор, 22,2 мың тұқымсепкіш, 1,3 мың заманауи дәнсепкіш кешен қатысатын болады. Салаға жауапты басқарманың дерегінше, бүгінге дейін облыс бойынша 100 мың гектардан астам алқапқа егін егілген. Алдағы уақытта күн райы күрт құбылып кетпесе, өңір шаруашылықтары көктемгі науқанды мамыр айының соңына дейін аяқтайды.
Қостанай облысы