
Ел аузында Астана қайдан басталды деген сөз бар. Смағұл еңбектерінде Омбы не Орынбор емес, қазақ астанасы Ақмола өңірінде болу керек деген екен. Бұл ойын қайраткер публицистикасымен қатар «Сәрсенбек» романында да қайталапты. Небәрі 33-ақ жыл жасаған қайраткер орыстарда Пугачев қалай дәріптелсе, Кенесары хан да солай әйгіленуге тиіс деген пікір айтқан. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Астанаға сүйегінің күлі әкелініп, осындағы Кенесары ханның сарбаздары жерленген Қараөткел қорымына қойылғаны елорда қайдан басталды деген сөзіміздің жауабына жарап тұрған шығар. Иә, Смағұлдар астаналы ел болудың негізін қалап кеткеніне ешкім талас тудыра алмайды. Конференцияны тұлғаның сүйек-күлін Ресейден әкелген топты басқарған смағұлтанушы, академик Дихан Қамзабекұлы ашып, жүргізіп отырды. Президенттің құттықтау хатын кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров оқып берді. «Смағұл Садуақасұлы – халқымыздың біртуар перзенті. Ол күрделі кезеңде маңызды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, көптеген игі бастамаға ұйытқы болды.
Тағдырлы тұлға төл руханиятымызды өркендетуге зор еңбек сіңірді. Тұңғыш қазақ драма театрының ашылуына, Қазақ педагогика институтының іргелі оқу орнына айналуына ықпал етті. Бүгінгі «Egemen Qazaqstan», «Ақиқат» сынды бірқатар тарихи басылымның бастауында тұрды, қазақ баспасөзін дамытуға белсене атсалысты.
Халқымыз Смағұл Садуақасұлының есімін ешқашан ұмытпайды. Оның өнегелі өмірі – өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі. Бүгінгі алқалы жиында арда азаматтың елге сіңірген еңбегіне және шығармашылығына қатысты тың ойлар мен салмақты пікірлер айтылады деп сенемін. Конференция жұмысы табысты болсын» делінген онда. Бұған қоса, салалық министрліктер мен облыс басшылары, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтау хатын жолдапты.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Қазақ газеттері» серіктестігі, «Қаһармандар» қоғамдық қоры, «Ауыл» партиясы, Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы әкімдігі ұйымдастырған «1925 жыл: Ұлт мұраты шыңдаған қайраткерлік» атты конференцияда баяндамашылар тұлғаны әр қырынан танытты. «Ауыл» партиясы төрағасының құттықтауын орынбасары, Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов оқып, лебізін білдірді. Онда «Садуақасұлы жас қазақ мемлекетінің шекарасын шегендеп, жердің тұтастығы үшін күресті. Сібірревком қарамағындағы Семей, Ақмола губерниясы аумақтарын Қазақстанға қайтаруға ықпал еткені, аграрлық мәселелерді шешудің теориялық, практикалық жолдарын ұсынып, ауыл шаруашылығын дамыту мен кооператив құру туралы еңбектері әлі күнге маңызын жоймағаны» айтылды.
«Ақ жол» партиясы атынан сөйлеген белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Смағұл «Еңбекші Қазақстанға» редактор бола салысымен мақала жазып, 90 пайыз қазақтар тұратын үйез мекемесінің құжаттары орыс тілінде жүруі қандай принципке сай келеді? Малын сатуға ауылдан келген қазақтың распискасын милиция түсінбейді де, орысша талап етеді. Ұсақ нәрсе болып көрінгенімен, қазақтың жүрегінде ұлтын кеміту пайда болады. Ұлтымның әр ісі осал, орынсыз екен деп ойлайды әрі жасқаншақтай бастайды. Міне, көрдіңіздер ме, ұлттық психология жағынан қалай терең талдап жазып отыр. «Ауылдан келген қара қазақ қаладағы шаруасын қазақ тілінде талап етіп, тындырып кетуі керек. Ол үшін кез келген мекемедегі шенеунік қазақша түсініп, жауап беруі керек. Ал біздікілер олай етіп отыр ма, жоқ», дейді. Мұны Смағұл тарихи «Еңбекші қазақ», қазіргі «Egemen qazaqstan»-да 1925 жылы, жүз жыл бұрын жазған», деді депутат.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, академик Зиябек Қабылдинов «Смағұл Садуақасовтың мемлекеттік құрылыс және тарихтану туралы ұстанымы» атты жан-жақты баяндама жасады. «Кеңес одағы қай бағытпен кетіп барады, бәрін салыстырмалы түрде стратегиялық бағытта ойлап, жоспарлап, республикамыз қай бағытта, қалай дамуы керегі жөнінде ойларын білдіріп отырған. Смағұл өндірісті дамыту керек, оған Қазақстанның барлық негізі барын алға тартты. Оған шикізат та бар, жұмыс күші де бар. Жер қойнауында жатқан байлық та бар. Соның бәрін дұрыс пайдалану керек. Қазақстанда зауыт, фабрикалар ашу керек деген идеяны ту етті және сол ойынан айнымай өтті», деді.
«Смағұл билікте жүріп большевиктердің озбырлығына қарсы күрестің символына айналды. Қостанай, Павлодар, тағы басқа жерлерде есімі ұлттық көшбасшы ретінде аталды. Белгілі тарихшы Талас Омарбеков «1929–1931 жылдардағы халық көтерілістері» кітабында қазақтардың «өңірден Голощекинді алып тастап, Садуақасұлын әкелу керек, Қазақстанды сол басқаратын болады» дегенін алға тартты», деді «Қаһармандар» қоғамдық қорының төрағасы, ғалым-заңгер, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов. Профессордың «С.Садуақасұлы азаматтық ерлігі және тұлға тағылымы» атты баяндамасы кеңестік билік пен Садуақасұлының арасындағы тартысты кең тыныста қарастыра алды.
Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл «Кеңестік Қазақстанның конституциялық мәртебесі: 1925–1936 жылдар» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым автономиялық тәуелсіздік ізденістері мен тәжірибесіне тоқталды.
Смағұл Садуақасұлының сүйегін елге әкелгенде Дихан Қамзабекұлы бастаған топтың ішінде үнемі бір егде кісі жүргенін фотолардан жиі көруге болады. Арыстың аталасы Қапар ақсақалдың баласы, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Айтуғанов: «Мен С.Садуақасұлының жақын туысымын», деп бастады сөзін. Ол экономика, ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесі төңірегінде баяндама жасады. Қазақстан азаттығын аңсаған тұлғаның аграрлық салада, кооперация тақырыбында жазғандары әлі күнге маңызын жоймаған.
Голощекиннің «кіші қазан» төңкерісі идеясының шикілігін бірден байқап, заманның алды-артын пайымдаған тұлғаның көрегендігі таңғалдырады. 1926 жылы Казкрайкомның ІІ пленумында Голощекиннің осы теориясымағына Смағұл өлтіре соққы береді. Бұл сөзінде Садуақасұлы екі ұлы жаңалық ашты. Бірінші, қазақ даласына азаматтық соғыс емес, азаматтық келісім керек деді. Бейбітшілікке, азаматтық келісімге көшіп, шаруашылықты басқарып, экономиканы көтеру керегін жөн көрді. Екінші айтқаны, «кіші қазанның» жолымен жүрсек, бүлікке ұрынамыз, шаруашылықтан айырылып қаламыз деді. Оның айтқан осы екі болжамы дәл келді. 1929 жылдан қазақ даласында көтерілістер басталды. Батпаққара, Созақ, Мойынқұм, тағысын тағы. Шаруашылықтан айырыламыз дегені де анық көрінді. Көтерілістен адамдар қырылды, мал басы азайды, кейін ұлы қырғын, аштық орын алды», деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры, академик Хангелді Әбжанов.
Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Сәбит Мұқановтың жары Мәриямның Смағұл ақтық сапарынан жазған естелігінен әңгіме өрбітті. 20-жылдардың басында қайраткер қазақ жерінің тұтастығын жанқиярлықпен сақтап қалған. Садуақасұлы мен Ежов арасында текетірес сонда тұтанады. 1922 жылға дейін Семей губерниясы Сібірревком құрамында болды. Осы жылдың мамырында Смағұл барып, Сібірревкомын таратып, Семейгубкомын ашып, өзі төраға болып үш ай отырады. Ежовты сонда жұмыстан шығарып жібереді, оны кектендіреді. Тұрсын Жұртбай осы әңгімені тарқата келе, Ежов Кремль ауруханасында Смағұлға қастандық жасауы әбден мүмкін деп түйді.
Сондай-ақ ғылыми жиында М.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының профессоры, экономист Өмірзақ Сұлтанов, СҚО Кәсіподақ ұйымының жетекшісі Ерік Нұрақаев, филология ғылымдарының докторы, бейімбеттанушы Серікқали Байменше сөз сөйлеп, мәнді ойларын ортаға салды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Смағұл Садуақасұлының «Сәрсенбек» романын жан-жақты талдаса, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, PhD Сұлтанхан Жүсіп Смағұлдың жары Елизаветаның тағдыры туралы баяндады.
Көрнекті қайраткердің мерейтойына туған жерінен делегацияны бастап келген Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаев таңнан конференцияға қатысушылар алдында жерлестерінің Смағұл Садуақасұлының сүйек-күлі жерленген Қараөткел қорымына барып, зиярат еткенін хабарлады. Сондай-ақ дәл осы күні азаттық жолында құрбан болған С.Садуақасұлы бастаған тұлғалардың рухына құран бағыштап, ас берген ақжарлықтар Мәскеуде С.Садуақасұлының сүйек-күлі 77 жыл сақталған гранит қобдишаны арнайы рәсіммен Ұлттық музейге тапсырды. Қайраткер атындағы елордалық №78 мектеп ұжымымен кездесіп, оқу орнының 10 жылдық мерейтойымен құттықтап, жерлестері атынан кәдесый тарту етті.