
Рүстем Есімханұлы заң мен әділет жолында қарапайым тергеушіден бастап, тәуелсіз Қазақстанның Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне дейін өсті. Ол жай ғана қызмет атқарған жоқ, тұтас буын үшін адалдық пен ерлік үлгісін қалыптастырды. Оның басшылығымен ұйымдасқан қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған жүйелі реформа жүзеге асты.
Ғалым әрі тәлімгер ретінде де қоғамда белгілі маман еді. Р.Қайдаров құқықтық ғылым саласына еңбек сіңірді. Ол – қылмыстық іс жүргізу, тергеу әдістемесі, криминалистика бойынша 30-дан аса ғылыми еңбектің авторы. Университет студенттеріне, болашақ тергеушілерге арналған оқу құралдарын жазды. Ведомстволық жоғары оқу орындарында дәрістер оқып, болашақ жедел қызметкерлерді даярлауға үлесін қосты.
Еліміздің Қылмыстық-процестік кодексін дайындауға атсалысты. Р.Қайдаров халықаралық деңгейде де танымал еді. БҰҰ-ның есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комиссиясының сессияларына қатысып, еліміздің мүддесін қорғады. Сондай-ақ ТМД Парламентаралық Ассамблеясында модельдік кодекстерді әзірлеуге атсалысып, құқықтық интеграцияға үлес қосты. Халықаралық конференцияларға қатысып, есірткі бизнесі мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес туралы баяндамалар жасады.
Зейнетке шыққан соң, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігін құрып, оны ұзақ жыл басқарып, өмірінің соңына дейін елге адал қызмет етті. Өкінішке қарай 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы маңындағы ұшақ апатында қаза тапты.
Р.Қайдаров 1940 жылы Семей облысының Бесқарағай ауданындағы Сосновка ауылында орман шаруашылығы жұмысшыларының отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, жүк тиеуші, тракторист, ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінде өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істеген. 1961–1964 жылдары кеңес армиясының Забайкалье әскери округінде әскери борышын өтеген. 1965–1966 жылдары аталған шаруашылықта өндірістік оқыту шебері, кейіннен кәсіптік-техникалық училищеде тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
1966 жылы ол ішкі істер органдарындағы қызметін бастады. Алғашында Семей қалалық Ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл, тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімі бастығының орынбасары, аудандық ІІБ бастығы болып аянбай еңбек етті.
1970 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді. 1976–1982 жылдары партиялық қызметте болып, Семей облыстық партия комитетінің және Қазақстан компартиясы орталық комитеті әкімшілік органдар бөлімдерінің нұсқаушысы қызметтерінде болған. 1982–1985 жылдары Семей облыстық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, 1985–1990 жылдары Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, 1990–1992 жылдары КСРО ІІМ-нің Қазақ және Қырғыз КСР-лері бойынша ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі 6-басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.
1992–1995 жылдары Р.Қайдаров еліміздің Ішкі істер министрінің тергеу жөніндегі орынбасары, 1995–1996 жылдары Мемлекеттік тергеу комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Мен Рүстем Есімханұлымен 1986 жылдың көктемінде танысқан едім. Ол кезде Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Жезқазған облысы басқармасы Қаражал қалалық бөлімшесінің жедел уәкілі қызметін атқарып жүргенмін. Жәйрем кен байыту комбинаты сол уақытта үлкен қарқынмен салынып жатты. Оның құрылыс нысандарының дамуы КСРО мен біздің республика басшыларының тікелей бақылауында тұрған. Жәйрем кентінде ауыр ұшақтар қабылдайтын әуежай жұмыс істеді. Осыған байланысты Жәйремге Жезқазған облыстық партия комитетінің, облыстық басқармалар басшылары жиі ұшып келіп тұратын. Көп жағдайда лауазымы жоғары басшыларды күтіп алып, шығарып салуға қатысатынмын.
Рүстем Есімханұлы Жезқазған облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы қызметінде Жәйремге іссапармен келіп тұрды. Үлкен лауазымына қарамай өңірдегі жағдайлар туралы ашық сұрақтар қойып, өндіріс мекемелерін аралап, милиция бөліміне барып, қарамағындағы қызметкерлердің жұмыстарымен танысып, оларға дұрыс бағыт беріп жүрді.
Ол Жәйрем өңіріне келген кездері кейде жанында болдым. Бір жағынан қызмет бабы бойынша, екінші жағынан, облыстық атқару комитетінің депутаты ретінде ол жаңадан салынып, дамып келе жатқан Жәйрем кентіндегі шешімін таппай жатқан мәселелерге көңіл бөліп, олардың тез арада шешілуіне зор үлес қосты. Жезқазған облысында Рүстем Есімханұлы бес жылдай қызмет істеп, елеулі іс-шараларды атқарып, қызметкерлерінің жұмыстарына көңіл бөліп, олардың әлеуметтік жағдайларын жоғары деңгейге көтерген басшы ретінде есте қалды.
Отставкадағы полиция полковнигі Қайрат Балтабаевтың айтуынша, сол кезде милицияның басшылық құрамы мен қатардағы қызметкерлері баспанамен, үй-жаймен нашар қамтамасыз етілген еді. Облыстық ІІБ бастығы Рүстем Есімханұлы Жезқазған қаласы мен облыста бірнеше көпқабатты және ондаған бірқабатты екі пәтерлі тұрғын үйлер (коттедждер) салғызып, қызметкерлеріне берген. Әлеуметтік жағдайы дұрысталған қызметкерлер жұмысты жақсы істеп, өңірде қылмыс саны азайып, ел ризашылығына бөленген еді.
Сол жылдары Ағадыр, Ақтоғай, Жаңаарқа, Жезді және Приозер аудандық ІІБ, Сәтбаев қалалық ІІБ, тергеу изоляторы, жол полициясының диагностикалық орталығының жаңа ғимараттары салынды. Облыс орталығында демалыс аймағы, гараж кешендері, қызметтік иттерге арналған тәлімбақ және басқа да нысандар бой көтерді. Рүстем Есімханұлы құрылыс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және облыстық ІІБ қызметкерлерін арнайы киіммен жабдықтау мәселелеріне де назар салды. Ол өте білімді адам еді, іс жүзінде оған таныс емес сала жоқ болатын.
Құқық қорғау саласының білімді, парасатты басшыларының бірі, тіпті бірегейі болған Р.Қайдаров туралы әріптестері де тек жақсы пікірде. Ішкі істер министрлігін ұзақ жыл басқарған Халық қаһарманы, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов өз естелігінде әділет генерал-майоры Р.Қайдаров туралы былай деді: «Рүстем Есімханұлы өзіне жүктелген іске деген ерекше жауапкершілігімен көзге түсетін. Қоғамдық маңызы бар институт «Генералдар кеңесі» сияқты ұйымды құрып, оны табысты жүргізу – екінің бірінің, тіпті еңбегі сіңген генералдардың да қолынан келе бермейтін іс. Саяси тұрғыдан кемелденген маман Р.Қайдаров өз мәртебесінің ресми шеңберінен жиі шығып, жалпыұлттық маңызы бар іс-шараларға белсене қатысатын, нағыз мемлекетшіл азамат еді. Өзінен кейін жарқын офицерлер легін тәрбиелеп шығарды. Жоғары кәсіби қасиеттерімен қатар, ол адам тағдырына қатысты ең күрделі жағдайда жалғыз дұрыс шешімді таба білетін. Генерал-майор Р.Қайдаров отандық полицияның тарихына тек өз халқының лайықты ұлы, патриот қана емес, сонымен қатар сенімді серік ретінде де енеді».
1993–1997 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары болған генерал-майор Айтқали Исенқұлов Рүстем Есімханұлын Қазақстанға алғаш келген кезден білетінін, қызметтік жолы бірнеше рет тоғысқанынын, әртүрлі ведомстволарда министрдің орынбасары болып қызмет атқарғандарын еске алды.
«Рүстем Есімханұлы кез келген мәселені жан-жақты түсінуге тырысатын, өте ашық, шынайы, көмек көрсетуге әрдайым дайын тұратын. Оның қасынан адамдар үміт пен жақсы көңіл күй алып кететін. Көмектесе алмаса да, мәселені шешудің жолдарын міндетті түрде түсіндіріп беретін. Кейбір өтініштер оның міндетіне кірмесе де, бейжай қарамайтын. Генерал-майор Р.Қайдаров сияқты әділ, шыншыл адамдарды табу қиын. Ол ІІМ-де тергеу жұмыстарын басқара отырып, көптеген адамды әділетсіз жазадан құтқарды, ал кінәлілерге тиісті жаза қолданды. Оның барлық әрекеті адал ар-ұжданына сай болатын. Өмірде де дәл сондай аты аңызға айналған генерал Қайдаров еді. Оның басшылығымен құрылған «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі тұрақтылығымен және қажеттілігімен ерекшеленді. Біз, генералдар, оның әрбір қиындыққа тап болған адамға қалай көңіл бөлетінінің куәсі болдық», деді А.Исенқұлов.
Ал генерал-майор Р.Тынбаев өз естелігінде Рүстем Есімханұлымен 25 жылдан аса таныс-біліс болғанын айтады.
«Бастапқыда ол Ішкі істер министрінің тергеу саласындағы орынбасары еді. Ал мен Президент жанындағы Бас бақылау инспекциясының мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқаратынмын. Ол үлгілі отбасының отағасы бола білді. Жеңгеміз Аймен Жексембайқызын әрдайым «Айеке» деп атап отыратын. Ұлы Ерболды, қызы Гүлсімді, келіні Диляраны, немерелерін әркез аузынан тастамай, әңгіме етіп, мақтан тұтатын. 2010 жылдары мен Ақтау қаласында халықаралық теңіз портында қызметте едім. «Ақтауға барамын» деп маған телефон шалды. Сол кездесу үстінде мені «Генералдар кеңесіне» жұмысқа шақырды. Содан бері біраз жыл Рүстем Есімханұлының қасынан табылдым. Қоғамдық жұмыста болса да, ол кісі кәдімгі мемлекеттік қызметте жүргендей тыным таппай еңбек етті. Оның қабылдауына адамдар өте көп келетін, әртүрлі сұрақтармен көмек сұрайтын. Бәрінің сөзін бөлмей, асықпай тыңдайтын. Сосын қолма-қол мәселесін шешуге кірісіп кететін. Көбіне көмегі тиіп, шексіз алғысына ие болатын», деді Р.Тынбаев.
Отставкадағы полиция генерал-майоры Еркін Белғожанов та әріптесі туралы жылы естелігімен бөлісті.
«Мен генерал-майор Р.Қайдаровты 1985 жылдан бері танимын. Алғаш көргенімде 45 жастағы қылшылдаған милиция подполковнигі, Жезқазған облысы Ішкі істер басқармасының бастығы лауазымына келген кезі еді. Салған беттен жаңа бастықтың оң қырлары көріне бастады. Терең білімімен қоса ұйымдастыру қабілеті, жігерлілік, талапшылдық қасиеттері бойынан анық білінді. Жезқазған өңірінде 5 жыл еңбек еткен Рүстем Есімханұлы абыройлы қызметінің арқасында подполковниктен генерал-майор дәрежесіне дейін көтерілді. Сонымен қатар оның ұлтжандылық, жігерлілік қасиеттеріне тәнті болдық. Мысалы, 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне байланысты Жезқазған қаласында жастардың көтерілуін ақылмен, іскерлікпен басып, бірде-бір жасқа қиянат жасатпай, аман алып қалғанын ел әлі күнге аңыз қылып айтады», дейді ол.
Рүстем Есімханұлы 2001 жылдан бастап 18 жылдан аса уақыт табан аудармай «Генералдар кеңесі» бірлестігін басқарды. Оның басшылығымен бұл ұйым отандық күштік құрылымдардың ардагерлері мен қызметкерлері үшін маңызды алаңға айналды. Ұйым ардагерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғаумен, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеумен айналысты. Барлық күштік құрылым қызметкерлерінің зейнетақылары қайта есептелді. Әділетсіз жазаланған кейбір офицерлер мен генералдардың істерін қайта қарауға қол жеткізілді.
2010 жылы Рүстем ағамыз «Өмір өткелдері» атты кітабын жазып, жарыққа шығарған еді. Сол еңбегінде мынадай жолдар бар: «Мен тағдырыма разымын. Белгілі жазушы В.Шукшин: «Бүкіл өмірімді 3 раундтық шайқас деп қараймын – жастық, ересектік, кәрілік. Соның екі раундында жеңу керек. Мен біреуінде ұтылып үлгердім», деген екен. Өз басым осы үш раундтың үшеуінде де жеңіске жеткен секілдімін. Балалық шағым соғыс кезеңінің ауыр шағына тап келгенімен, ұрысқа кеткен әкем аман-сау оралды. Бала болып еркелей білдім. Ойнадым, күлдім – бұл да қызық. Ересек болып, еңбекке араластым. Білім алдым. Еліме қызмет еттім. Жар қызығын көрдім. Артымнан ұрпақ ерді, немере сүйдім. Жаны ізгі достар таптым. Бұл да қызық. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегенмен, қатардан қалғанымыз жоқ. Халқымның бір пайдасына жарармын деп әлі де шапқылап жүрміз. Бұл да қызық», деп жазады.
Рүстем Есімханұлының бастауымен және тікелей араласуымен Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 70 жылдығына орай «Генералдар кеңесі» көп жұмыс атқарды. Мұрағаттарда жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде елімізден әскерге шақырылған және соғыстан кейін елімізде тұрған 528 Кеңес Одағының батыры анықталды. Олардың көбінің соғыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы туралы деректі фильмдер түсірілді.
Екі дүркін Кеңес Одағының батыры, әйгілі ұшқыш, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов туралы толықметражды деректі кинофильм жарыққа шықты. Рүстем Есімханұлы бастаған делегация Мәскеуге барғанда бұл фильм қалалық ардагерлер үйінде көп адамның қатысуымен көрсетілді. Ресей астанасында тұратын соғыс ардагерлері, Талғат Жақыпбекұлының ерлігіне тәнті боп өскен ұшқыш офицерлер, генералдар фильмге өте жоғары бағасын берді. 2015 жылы Т.Бигелдиновтің қола мүсіні Мәскеу қаласындағы «Тағзым тауы» әскери мұражайына орнатылды.
2017 жылдың ақпан айы болатын. Рүстем Есімханұлы маған телефон шалып, мамыр айында Мәскеудегі әскери мұражайға Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің қола мүсінін апарып қою керек екенін айтты. Кейін мен Рүстем Есімханұлының сөзін жерге тастамай, мамандармен кездесіп, мүсінші Ескен Сергебаев пен құюшы Тохтар Рахиевке С.Нұрмағамбетовтің қола мүсінін жасаттым. Кеңесшім атақты суретші, досым Марат Нисупов болды. Сол жылдың 30 мамырында бәріміз мүсінді Мәскеудегі «Тағзым тауы» мұражайына апарып қойдық. Көрген халық, әріптестер оған жоғары бағасын берді.
Рүстем Есімханұлы бақиға көшсе де, есімі ұмытылмақ емес. 2020 жылы оның 80 жылдығына орай Астанада Ішкі істер министрлігі, Алматы, Семей, Жезқазған полиция департаменттерінің мұражайларында арнайы бұрыштар ашылды. Алматыда марқұмның тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Ішкі істер органдарында жыл сайын Р.Қайдаровты еске алуға арналған іс-шаралар өтеді. Генералдың құрметіне дзюдодан республикалық турнир ұйымдастырылып келеді. Биыл 2-4 мамырда турнир Семей қаласында өтті. Әділет генерал-майоры Р.Қайдаровтың есімі еліміздің құқық қорғау саласының тарихында алтын әріппен жазылды. Оның еңбектері мен бастамалары бүгін де өзекті, ал өмір жолы – отансүйгіштік пен елге адал қызметтің жарқын үлгісі. 2021 жылы «Генералдар кеңесі» мен отбасы генерал туралы «Жизнь посвященная служению Родине» кітабын шығарды.
Әділ ШАЯХМЕТОВ,
генерал-лейтенант, мемлекет және қоғам қайраткері