Басылым • 17 Мамыр, 2025

Сыршыл жүрек лүпілі

90 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Нұрлан Қалқаның «Жанымның жалауы» атты жыр жинағы жарық көрді. Кітапқа автордың кейінде жазған туындылары топтастырылған.

Сыршыл жүрек лүпілі

Жинақ үш бөлімнен тұ­рады. Бірін­шісі – «Көңілімнің бәйше­шегі», екіншісі – «Тамырым – туған жерім­де», үшіншісі – «Жерұйығым – Ота­ным» деп аталады. Осы үш бөлім­ге қалам иесінің  қоғам мен уа­қыт, ұлт пен рух, тіл мен діл, достық пен мах­аббат туралы өлеңдері мен толғау­лары және туған ауылын көр­кей­туге өмірін арнаған еңбек адамы жайын­дағы деректі дастаны енген.

Бұған дейін бірнеше жыр жина­ғы шыққан ақын өлеңдерінде басы артық сөз жоқ. Ұйқасы шымыр. Бояуды да көп жақпайды. Бәрі де мөлшермен. Оны кітаптың алғашқы бетіндегі «Бозқараған» өлеңінен-ақ байқайсыз. Бұған автор Мұқағали Мақатаевтың «Боз­қа­раған» өлеңі­нің алғашқы екі шумағын эпиграф ретінде алыпты.  Бірақ Нұрлан  оны басқаша жырлаған.

«Әдемілік көрмей кеп көптен бері,

Тар қапаста талай күн өткен еді.

Сезім шіркін, бүр жарып жанарымда,

Жапырағы жанымның көктей берді»,

деген өлең жолдарынан ақын жүргі­нің лүпілі естіледі. 

Жинақтағы көлемді дүниенің бірі – «Әулетбасы» атты деректі дастан. Бұған бір әулеттің тірегі Сүлеймен Көшкінұлының өмір жолы арқау болған. Мұнда автор кейіпкері арқылы өткен ғасырда халқымыздың басынан өткен оқиғаларды астастыра бейнелеген. Дастан жинақы жазылған. Жүрдек оқылады.

Қысқасы, ақынның жаңа жыр жинағы өз оқырмандарының жүрегіне жол табады деген сенім­деміз.

 

Қайсар Құсайын