Digital • Бүгін, 08:30

Роботтехниканың құлағында ойнайтындар елордада бас қосты

60 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық универ­си­те­тінде Әлихан Мақ­сұт атын­дағы «RoboZerde-2025» халықаралық роботтех­ника фестивалі өтті. Ауқымды іс-шараға елі­міздің жиырма облысынан, сондай-ақ көршілес Қырғызстан мен Өзбек­стан елінен келген 200-ден астам мектеп оқушысы қатысты. Жас өнертапқыштар алты санатқа сәйкес бақ сынап, өз жобаларын таныстырды.

Роботтехниканың құлағында ойнайтындар елордада бас қосты

Фестиваль техникалық жарыс қана емес, рухани маз­мұны терең, тәрбиелік мәні зор жиын ретінде есте қалды. Өйт­кені бұл байқау физика мен робот­техника саласында биік белестерге жеткен, өмірден ерте озған дарын­ды жас Әлихан Мақсұттың рухы­на арналды. Оның жасындай ғұмы­рындағы жарқын жетістігі бүгінгі жастар үшін үлгі ретінде ұсынылды. Фестиваль қатысушыларына Мұрат Есжанның режиссерлігімен түсірілген «Әлиханның арманы» атты деректі фильм көрсетілді.

Білім байқауының ашылу салтанатында университет проректоры Ардақ Бейсенбай роботтехника саласының жасөспірімдердің қызығушылығы арқасында дамып келе жатқанын атап өтті. «Қазір роботтехниканы ғалымдар ғана емес, мектеп оқушылары да игеріп жатыр. Болашақ жасанды интеллектіге, роботтехникада және шығармашылықта. Біз елімізде жаңа технологиялардың құрылуына басты назар аударуымыз керек. Роботтехника – елімізде енді ғана дамып келе жатқан сала, ал бүгінгі мектеп оқушылары болашақта сұранысқа ие мамандық иелері болады және болашақ ЕҰУ студенттері атанады деген сенімдемін», деді Ардақ Бейсенбай қатысушыларға арнаған сөзінде.

Ал университеттің филология факультетінің деканы, Әлиханның әкесі Серікзат Дүйсенғазы ұлтқа біліммен қызмет ету білегіңмен қыз­мет етуден өнімдірек екенін жеткізді. Бүгінгі қоғам спортшылар мен мәдениет қызметкерлерін төбесіне көтергендей, еленбей қалып жататын техника саласының мамандарына дәл сондай, бәлкім одан да артық құрмет көрсетуі керектігін атап өтті. Сонымен қатар Серікзат Дүйсенғазы баласы Әлиханның арманын бүгінгі қазақ балалары орындай алса, әке ретінде қуанышы шексіз болатынын айтты.

Расында да, жас Әлиханның арманы асқақ еді. Ол қазақтың робот­техника ғылымының өркен­деуін, ал өзінің Никола Тесла сынды ғалым болуын жан-ділімен қалады. Оның бұл аңсары жеке күнделігінде жазылған екен. Фестиваль кезінде Әлиханға арналған көрме орналастырылды. Қатысушылар Әлиханның суреттерін, қолданған заттарын, қалдырған жазбаларын көріп, танысты. Сондай оқушылардың бірі – Жамбыл облысының Меркі ауданынан келген 5-сынып оқушысы, фестиваль себепкерінің аттасы Әлихан Есжан.

Ол осындай үлкен жарысқа алғаш қатысып, сызық бойымен қозғалатын интеллектуалды робот жобасын алып келген. Оның айтуынша, мектептегі үйірмеде бірнеше оқушы роботтехникамен айналысады.

«Фестивальға қатысарда көңіл­де алаң болды. Бірақ роботты құрас­тырып, оның өздігінен жол тауып жүргенін көргенде шабыттанасың. Содан соң техникамен дос болуға болатынына көзім жетті. Бұл – ойыншық қана емес, нағыз ғылым», дейді жас өнертапқыш. Оқушыға байқаудың кімнің құрметіне ұйымдастырылып жатқанын да сұрап көрдік. «Әлихан менің аттасым екен. Өте білімді, тәртіпті бала болғанға ұқсайды. Ата-анасын тыңдайтын, достарын ренжітпейтін, мұғалімдерін сыйлайтын оқушы болыпты». Ізінше 11 жастағы Әлиханнан еліміздегі құрдастарына не тілейтінін білгіміз келді. Ол жылы жымиып, «Сабақты жақсы оқыңдар!» деді.

Фестиваль бағдарламасы жыл өткен сайын жаңарып келеді. Биыл­ғы ерекшелік — үш жаңа бағыт­тың қосылуы. Фестиваль ұйым­дас­тырушысы, ЕҰУ кәсіби бағдар бөлімінің жетекшісі Ләззат Үйгебаева атап өткендей, дрон-футбол, мұғалім­дерге арналған «Ликтория» алаңы және «Робот кейс» секілді бағыттар балалар мен ұстаздардың таным көкжиегін кеңейтіп отыр.

«Бүгінгі бала – ертеңгі маман. Сондықтан олардың логикалық ойлауын, жобалау қабілетін дамыту – біздің басты мақсатымыз. «Робот кейсте» балалар нақты мәселеге шешім ұсыну арқылы ғылыми жоба қорғау дағдысын үйренеді. Ал дрон-футбол – тапқырлық пен ептілікті ұштастыратын тартысты бағыт, қазіргі замандағы кең өріс алып келе жатқан киберспорт. Сондай-ақ ұстаздар үшін ашылған «Ликтория» алаңында жасанды интеллектінің білім сала­сына ықпалы сарапталды», деді Ләззат Үйгебаева. Сонымен қатар ол ауылдық мектептердің техникалық бағытқа бет бұруы бүгінгі білім саясатының нәтижесі екенін жеткізді. «Біз үшін ауыл мектебінен келіп қатысып жатқан балалардың көптігі – үлкен қуаныш. Өкінішке қарай, қазір ауыл мектептерінде бала саны азайып барады. Бірақ, соған қарамастан, Қызылорда, Жамбыл, Абай облыстарынан, Шығыс Қазақ­стан­нан кел­ген коман­да­лар­­дың бел­­сен­ді­­­лі­гі жо­­ға­­ры. Бұл  ауыл мек­тебі кен­­же­леп қал­май, үлкен жоба­­ларға ара­ла­суға дайын екенін көрсе­теді. Болашақта грант­тар мен қолдау осы өңір­­лер­ге көбірек бе­рілуі керек деп есеп­теймін», дей­ді фестиваль­ды ұйым­дасты­рушы.

Фестиваль қо­рытындысына сәй­кес жеңімпаз­дар анықталып, олар­ға диплом, ақша­лай сыйлық, медаль мен арнаулы ку­бок тапсырылды. Сонымен «Басқару симуляторы» санатында бірінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Әли­хан Нысанбаев жеңіп алды. Ал «My Extra Case Competition» шығармашылық санатында жоғары жүлдені астаналық «Codi Science» командасы еншіледі. «Инверсті сызық бойымен» жарысында елорда намысын қорғаған «Robo Com» командасы, «Мерген» байқауында көкшетаулық «Aloft» командасы үздік атанды. Ал «Micro-FPV» санатынан қарағандылық Тимофей Муравьев, «Дрон футболынан» батысқазақстандық «ОБТШО» командасы жеңімпаз атанды.

Соңғы жаңалықтар

Даланың дара перзенті

Еңбек • Бүгін, 09:50

Атакәсіпке адал азамат

Еңбек • Бүгін, 09:45

Әлеуметке тиімді жоба

Қоғам • Бүгін, 09:35

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Бүгін, 09:25

Адам папиллома вирусы қандай ауру

Денсаулық • Бүгін, 09:22

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Жасанды интеллектіні жүйелі енгізген банктер

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:10

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:55

Смағұл сапасы

Тұлға • Бүгін, 08:50

Мұстахара

Жәдігер • Бүгін, 08:45

Керек дерек

Digital • Бүгін, 08:40

Бірегей білім моделі

Қоғам • Бүгін, 08:35

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:25