Білім • Кеше

Тәуелсіздік алғаннан бері Арқалықта алғаш рет жаңа мектеп ашылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет салынған жаңа мектепке барды, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Тәуелсіздік алғаннан бері Арқалықта алғаш рет жаңа мектеп ашылды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған «Жайлы мектеп» былтыр жыл соңында пайдалануға берілген. Мектеп 300 орынға арналған.

Қостанай облысында білім беру жүйесі дамып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыстың шалғай аудандарында инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде орта білім беру мекемелерінің құрылысы жүзеге асырылып жатыр.

«Арқалық туралы айтсақ, бүгінде мұнда 25 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Былтыр 140 орындық балабақша ашылды. Орта білім туралы айтар болсақ, Арқалықта 12 мектеп бар, олардың бірі «Жайлы мектеп». Былтыр қарашада пайдалануға берілді. Мектеп халықаралық стандарттарға сай. Айта кетейік, біздің барлық 6 жайлы мектебімізде білім қазақ тілінде беріледі», — деді Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Айман Ибраева.

№7 орта мектеп директоры Ақтоты Кисикова нысанның іске қосылуы оқу жағдайын жақсатып қана қоймай, қаладағы мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Қазіргі уақытта мектепте 316 оқушы оқиды, оның ішінде 42-сі 1-сынып оқушысы. Сыныптардың орташа толымдылығы 17–18 оқушыдан. Барлығы 19 сынып. Оқу процесі екі ауысымда ұйымдастырылған. Мектеп жиһаз және құрал-жабдықтармен 100% қамтамасыз етілген.

«Мектепте робототехника кабинеттері, цифрлық зертханалар мен практикалық сабақтарға арналған шеберханалар жабдықталған. Тіпті бастауыш сыныптарға да заманауи құралдар мен жабдықталған сыныптан тыс аймақтар қарастырылған», — деді ол.

Ұжымда 38 педагог қызмет етеді. Мұғалімдердің жартысынан астамы біліктілік санаттарына ие, олардың қатарында педагог-шеберлер, модераторлар, сарапшылар және зерттеушілер бар.