
Фото: ашық дереккөз
АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректеріне сүйенетін болсақ, жүрек аурулары әлемдегі ерлердің әр төртінші өліміне себепкер болады екен. Ер адамдар инфарктке әйелдерге қарағанда ертерек шалдығады. Бұл, бір жағынан, шылым шегу, күйзеліс, семіздік пен гипертония секілді қауіп-қатерге толы мінез-құлық пен физиологиялық өзгерістерге байланысты.
Бұдан кейін репродуктивті бұзылыстар ерлер денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Соңғы жылдары бедеулікке шалдыққан ер азаматтардың саны күрт артқан. Уролог-дәрігер Мұхамедияр Мұхаммеджанның айтуынша, бұл мәселе еліміздің демографиялық ахуалына ғана емес, әрбір отбасының ішкі үйлесіміне де кері әсер етеді.
«Қазіргі таңда еркектер арасында сперматогенездің бұзылыстары жиі кездеседі. Атап айтқанда, олигозооспермия, астенозооспермия және тератозооспермия секілді патологиялар – репродуктивті денсаулықты әлсіретіп жатқан негізгі факторлар. Бұл ауытқулардың туындауына гормоналды теңгерімсіздік, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, экологиялық қолайсыздық және зиянды өмір салты себеп болып отыр», дейді маман.
Мұның үстіне, қоғамда ер адам өз әлсіздігін көрсетпеуі керек деген түсінік бар. Бірақ бұл – үлкен қате. Мұхамедияр Мұхаммеджан бұл жөнінде:
«Ер адамдар психикалық күйзелісті жиі басып тастайды, ол ішкі қысым мен жан күйзелісін күшейтіп, ақыр соңында депрессияға әкеледі. Психикалық қолдауға жүгінетін ерлер саны тым аз. Бұл – дабыл қағатын жайт», дейді.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев та бұл мәселенің маңызын ескертіп отыр. Оның айтуынша, бедеулік – тек медициналық емес, әлеуметтік әрі психологиялық құбылыс. «Бала сүю бақытынан айырылған ер адам өз өмірінің мағынасын жоғалтқандай күй кешеді. Бұл отбасыдағы қақтығыстарға, ажырасуға, тіпті агрессия мен өзін-өзі оқшаулауға алып келеді», дейді ғалым.
Мамандардың айтуынша, ерлер денсаулығын жақсарту үшін жүйелі профилактикалық шаралар, тұрақты медициналық бақылау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қажет. Бұл ретте Алшынбаев:
«Салауатты өмір салтын дәріптеу, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, дене белсенділігін арттыру – кез келген аурудың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Сонымен бірге, ерлердің өз денсаулығына деген жауапкершілігін күшейту үшін ұлттық деңгейде скринингтік бағдарламалар қажет», дейді.
Дәрігердің пікірінше, ауылдық және шалғай аймақтардағы ерлерге медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін телемедицинаны дамыту керек.
«Ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалану, әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы ерлерге арналған медициналық контент тарату – бұл қазіргі заманның талаптары», дейді ол.
Иә, халықтың медициналық сауатын арттыру – қоғам қажеттілігі. Алайда осы олқылықтың орнын толтырамыз деп, жалған жарнама мен күмәнді кеңеске алданып қалу қаупі де жоқ емес. Сондықтан бұл бағытта кәсіби медицина өкілдерінің үні басым болуға тиіс. Ең бастысы – ер азаматтың денсаулығына деген көзқарасты өзгерту маңызды. Әлсіздігін жасыруды емес, емделуді батырлық санайтын сана қалыптастыру қажет-ақ.