
Рухани байлығымызға, ұлттық құндылықтарымызға ұқыптылықпен қарап, өнеріміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан жандардың бірі – Жарма жеріндегі мәдениет саласының майталман маманы Аманжол Төлеубекұлы Дәуітов. Саналы ғұмырын төл өнеріміздің сақталуы мен дамуына арнап, дәстүрлі мұрамызды дәріптеп жүрген қайраткер азаматтың дара жолы көпке үлгі.
Еңбек жолын комсомол комитетінің хатшысы болып бастаған ол қызметімен қатар алғаш «Армандастар», «Көкбел» ансамблін құрып, тұралап қалған ауылдың мәдениет саласын аяққа қайта тұрғызды. Оның бастамасымен ұйымдастырылған ауқымды мәдени іс-шаралар дәйім жоғары деңгейде өтті. Ол «Кәусар» ұлт аспаптары оркестрінің, «Сұлуым» эстрада тобының, «Айқаракөз» ансамблінің, ардагерлер хорының, «Ғасырлар үні» этнотобының негізін қалады. Сондай-ақ түрлі этнос өкілдерінен құралған «Ложкарей», «Семста» өнер ұжымдары, қобызшылар ансамблі де аудан өнерінің қоржынын қомақты табысымен толтырды. Бір бойынан қазақы кеңдік, дарқандық табылатын бай мінез иесі осылайша ұлттарды ұйытып, бірлігі мен берекесін жарастырып, ортақ мақсат жолына жұмылдыра білді. Ол құрған ансамбльдер мен оркестрлер ел сахнасынан көрініп қана қоймай, ұлттық өнерді Ресей, Қытай елдерінде де паш етті. Аманжол Төлеубекұлының шығармашылық тобы 19 аудан мен қала қатысқан облыстық көркемөнерпаздар байқауында 9 мәрте бас жүлдені қанжығасына байлаған.
Аманжол Төлеубекұлы 1993 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысының «Жарма аудандық мәдениет және тілдерді дамыту» мемлекеттік мекемесін басқарды. Өзінің еңбекқорлығы, табандылығы, талапшылдығы әрі әділдігінің арқасында әріптестеріне абыройлы, сыйлы басшы бола білді. Аудандық Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, заманауи жабдықтардың, технологиялардың және инфрақұрылымның ойдағыдай болуына баса назар аударды. Ол қызметкерлерінің жемісті жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасады. Аталған Мәдениет үйінің өзінде Қазақстан Республикасының 12 Мәдениет қайраткері және облыс әкімі сыйлығының 3 лауреаты қызмет еткен. Мұның бәрі – Аманжол Төлеубекұлының өнерге деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығының, қас талантты жазбай танитын қасиетінің, адалдықты алға ұстаған азаматтығының арқасы.
Аманжол Төлеубекұлының төккен тері, еткен еңбегі еш кетпеді. Ол «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Жарма ауданының құрметті азаматы» атақтарымен қатар, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. Аудандық «Жылдың үздік басшысы және ұйымдастырушысы» аталымының бірнеше дүркін жеңімпазы атағын иеленді. Аманжол Төлеубекұлының есімі және еңбек жолы «Табысты жандар» энциклопедиясына енді.
Ағамыздың еңбегі өнермен ғана шектелмейді. Ауылда, ауданда атқарылатын игі істің талайында Аманжол Төлеубекұлының ізгі ізі жатады. Бір өзі қан майданда 397 фашистің көзін жойған (кешегі соғыста кеңес әскерлері қатарында мұндай көрсеткішке бірде-бір мерген жете алмаған) атақты мерген Төлеубек Әбдібековтің жақын туысы болып келетін ол кісі жауынгер атын ардақтауға да белсене араласты. «Төлеуғали Әбдібековтің ерлігі туралы біраз мәлімет Түркістан облысындағы Ақкент ауылындағы музейден табылды. Мұнда жауынгердің майдан даласынан досына жазған хаты мен мақтау қағаздары және бірнеше фотосуреті сақтаулы. Ерлігі аңыз болған сұр мерген соғыс кезінде үш мәрте «Кеңес Одағының батырына» ұсынылған. Алайда өзінің өмірбаянында ағасының қуғын-сүргін көргенін жасырмай жазғандығы оған батыр атағын беруде кедергі болған», дейді Аманжол Төлеубекұлы. Әділеттілік ел ұраны болып тұрған мына заманда Президент Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен Т.Әбдібековке 2022 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілуіне де Аманжол аға сынды ел азаматтары көтерген бастама қозғау салған еді. Алматы – Омбы күре жолының бойына Төлеубек Әбдібековке көрнекті құлпытас қойылуына да, батыр туған бұрынғы «Қызыл жұлдыз» ауылының атын қас мергеннің атына өзгертуге де Аманжол Төлеубекұлы бастаған белсенді топтың қосқан үлесі үлкен. Бұл іске Серікқазы Қорабаев, Айгүл Кемелбаева сияқты жерлес әдебиетшілеріміздің еткен еңбегіне де разылығымызды айта кетуді парыз санаймыз.
Жарма ауданының мәдениет саласын 30 жылға жуық жоғары деңгейде басқарған, елдің ыстық ықыласы мен құрметіне ие болып, алқалы жұрттан алғыс арқалаған Аманжол Төлеубекұлы бүгінде жетпіс жастың жотасына шығып отыр. Жан жары Үкіжан апай екеуі алтын асықтай Бейбіт есімді ұл, Бақыт пен Балжан деген күміс қасықтай қыздар тәрбиелеп-өсіріп, салиқалы ұрпағының мейірімі мен қамқорлығына бөленіп келеді. Өнегелі өмірі өнермен өрілген тұлғаның тағылымды тағдыры талайға үлгі болары анық.
Гауһар Келденова,
Б.Момышұлы атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі,
Ы.Алтынсарин медалінің иегері
Алматы