
Мемлекет басшысының құттықтауында халық Қуаныш Сұлтановты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білікті дипломат, іскер азамат ретінде құрметтейтіні атап өтілген.
«Ұзақ жылғы еңбек жолыңызда саяси-әкімшілік қызметтерді абыройлы атқарып, Қазақстанның мемлекеттілігі берік қалыптасуына және әлемдік қоғамдастықта мәртебесі нығая түсуіне сүбелі үлес қостыңыз. Парламент депутаты болған тұсыңызда отандық заңнаманы жетілдіруге күш-қайратыңызды арнадыңыз. Қашанда елдік мүддені жоғары қойып, өскелең ұрпаққа Отан мен қоғамға адал қызмет етудің үлгісін көрсете білдіңіз. Сіздің сабырлы да салмақты мінезіңіз бен азаматтық ұстанымыңыз замандастарыңыз арасында қадір-қасиетіңізді арттыра түсетіні анық», делінген Президенттің құттықтауында.
Сенат спикері Қуаныш Сұлтановтың Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі үшін «Отан» орденімен марапатталғанына назар аударып, бұл құрметтің маңызды екенін айтты.
М.Әшімбаев атап өткендей, Қуаныш Сұлтанұлының еңбек жолы егемен еліміздің тарихымен тікелей және тығыз байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған әрбір шешім мемлекеттің дамуына, соның ішінде маңызды институттың бірі – парламентаризмнің қалыптасуына ерекше ықпал еткені анық.
«Қуаныш Сұлтанұлы өнегелі өмір жолында жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Сонымен қатар мерейтой иесі ұлттық парламентаризмді қалыптастыруға, отандық заң шығару қызметін жетілдіруге зор еңбек сіңірді. 20 жылға жуық уақыт қос Палатаның депутаты болып, осы бағыттағы іргелі істердің бел ортасында жүрді. Сол кезде әріптестерімен бірге елдік мүддені көздейтін маңызды заңдар қабылдап, елімізді дамытудың құқықтық негізін қалады. Бүгінде көпшілік Қуаныш ағамызды жөн сілтеп, жол көрсеткен ұстаз ретінде де құрмет тұтады. Мен де Қуаныш Сұлтанұлын өзім көп тәлім алған ұстазым деп есептеймін», деген М.Әшімбаев мерейтой иесін құттықтап, зор денсаулық және құт-береке тіледі.
Сондай-ақ іс-шара барысында Қ.Сұлтановты Сенаторлар кеңесінің мүшелері, әріптестері, замандастары, белгілі қайраткер тұлғалар және зиялы қауым өкілдері құттықтап, ізгі лебіздерін жеткізді.